Концертті ұйымдастырған First Media Group компаниясының мәліметінше, шараға 50-ден астам елден қонақ келген. Орталық стадионға 31 мың көрермен жиналды.
«Концерт 50-ден астам ел мен аумақтан шамамен 7700 туристі тартты. Алматыға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, БАӘ, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Австралия және басқа да елдерден қонақтар келді», – деп хабарлады компания өкілдері.
Шетелден келгендердің арасында әртістің әлемдік тур кестесіне сай концерттеріне тұрақты түрде барып жүрген 2 мыңға жуық жанкүйері де болған.
13-16 тамыз аралығында Алматыда қонақүй қызметтеріне сұраныс күрт өсті. Орналастыру орындарының орташа жүктемесі шамамен 98%-ға жетті.
Айта кетейік, қаладағы қолайсыз ауа райына байланысты рэпердің концерті бір күнге кейінге шегерілген еді. Соған қарамастан, іс-шара кең ауқымда өтті. Стадионның концертке дайындығы Алматы тұрғындарын ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығын тәнті етті.

































