Әлемдегі жасанды интеллект индустриясының ең ықпалды тұлғаларының бірі, NVIDIA компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг қызметінен кетті. Бұл жаңалық технологиялық нарықта ғана емес, Қытай мен Ресейде де қызу талқыланып жатыр. Өйткені NVIDIA шығаратын чиптер бүгінде жасанды интеллект саласындағы басты құралға айналды. Ал Қазақстан Хуангпен жақында ғана ірі технологиялық жобаларды талқылап, ауқымды келісімдерге қол жеткізген еді. Енді оның кетуі осы жоспарларға әсер ете ме? Жазбамызды жалғастырмай тұрып, осы жерде аз — кем компанияны туралы айта кетейік. NVIDIA 1993 жылы АҚШ-та құрылған, әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі. Ол компьютерлерге арналған графикалық процессорлар (GPU), жасанды интеллектіні оқытуға қажетті чиптер, деректер орталықтарына арналған серверлік және желілік жүйелер шығарады. Қазір компанияның өнімдері ChatGPT секілді жасанды интеллект жүйелерін дамытуда, суперкомпьютерлерде, робототехникада және автономды көліктерде кеңінен қолданылады. Компанияның қаржылық ауқымы да таңғаларлық. NVIDIA-ның 2026 қаржы жылындағы жалпы табысы 215,9 миллиард долларға жетіп, бір жылда 65 пайызға өсті. Оның 193,7 миллиард доллары деректер орталықтарына арналған өнімдер мен қызметтерден түскен. Бұл көрсеткіштер NVIDIA-ның жай ғана чип өндіруші емес, әлемдік жасанды интеллект индустриясының негізгі ойыншыларының біріне айналғанын аңғартады. Жалпы, NVIDIA-ның әлемдік нарықтағы құны 2026 жылғы қарашада шамамен 4 триллион долларға бағаланды. Бұл оны әлемдегі ең қымбат компаниялардың қатарына шығарды. Ал компанияның бір жылдық табысы 215,9 миллиард долларды, таза пайдасы 120 миллиард доллардан асты. Демек, NVIDIA анау-мынау компаниялардың қатарында емес. Әлемдік нарықта өз орны бар. Ал енді осы компанияға байланысты туындаған дауға келейік. NVIDIA директорлар кеңесі 2026 жылғы 12 қарашада Хуангтың компания президенті, бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен кеткенін ресми жариялады. Уақытша бас директор болып 2013 жылдан бері компанияның қаржы директоры қызметін атқарып келген Колетт Кресс тағайындалды. Тұрақты басшыны таңдау жұмыстары басталған. Компания басшылығы операциялар, клиенттер алдындағы міндеттемелер мен өнім шығару жоспары өзгеріссіз жалғасатынын мәлімдеді. Хуангтың кетуіне оның жеке өміріне қатысты жарияланымдар мен Қытаймен ықтимал байланыстар төңірегіндегі дау себеп болғаны хабарланды. АҚШ-тағы ақпарат құралдары оның сингапурлық Megaspeed компаниясымен байланысы бар Алиса Хуангпен қарым-қатынасы және оған қатысты барлау күдіктері туралы жазды. NVIDIA директорлар кеңесі 8 қарашада тәуелсіз тергеу басталғанын жариялаған. Алайда компания АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне немесе коммерциялық құпияларына нұқсан келгеніне дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Бұл оқиғаның бір қызық тұсы бар. Сингапур билігі 12 қарашада арнайы мәлімдеме жасап, Алиса Хуангқа қатысты тыңшылық бойынша тергеу жүргізілмегенін нақтылады. Оған Megaspeed компаниясындағы қызметіне байланысты сервер сатып алу кезіндегі ықтимал заңбұзушылықтар бойынша тексеру жүргізілген. Бірақ оның осы құқықбұзушылықтарға қатысын дәлелдеуге жеткілікті айғақ табылмаған. Сонымен бірге тергеу кезінде өз рөлін төмендету үшін жалған ақпарат бергені анықталып, оған қатаң ескерту жасалған. Ал Megaspeed пен басқа адамдарға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Демек, әлеуметтік желілерде тараған «Қытай барлауының агенті әшкереленді» деген тұжырымды дәлелденген факт ретінде қабылдауға болмайды. Дегенмен бұл жанжалдың технологиялық нарыққа әсері болуы мүмкін. Reuters агенттігінің 13 қарашадағы зерттеуіне қарағанда, Қытайда NVIDIA-ның H100, H200 және H800 сияқты чиптеріне негізделген жалпы құны 3,2 миллиард доллардан асатын AI жобалары анықталған. Олардың арасында іске қосылғандары да, құрылысы жүріп жатқандары да бар. АҚШ экспорттық шектеулерді күшейтсе, кейбір жобалар кейінге қалуы немесе қытайлық чиптерге көшуге мәжбүр болуы мүмкін. Қытайлық компанияларды алаңдатып отырған тағы бір мәселе NVIDIA чиптерін шетелдегі деректер орталықтары арқылы жалға алу мүмкіндігінің шектелуі. Reuters дерегінше, бірқатар қытайлық компаниялар шетелдегі есептеу қуаттарын алдын ала брондауға тырысып жатыр. Бұл АҚШ-тың экспорттық бақылауындағы олқылықтардың жабылуы мүмкін деген қауіптен туындаған. Яғни мәселе тек NVIDIA басшысының ауысуында емес, Қытайдың әлемдегі ең қуатты жасанды интеллект чиптеріне қол жеткізуінде болып отыр. Ресей үшін де бұл жағдайдың жанама маңызы бар. Батыс санкцияларынан кейін Мәскеу заманауи америкалық технологияларды тікелей сатып алуда қиындыққа тап болды. Сондықтан Қытайдың технологиялық мүмкіндіктері Ресей үшін маңызды бағыттардың біріне айналған. Егер Бейжіңнің NVIDIA өнімдеріне қол жеткізуі одан әрі шектелсе, бұл ресейлік компаниялардың Қытай арқылы алатын есептеу ресурстарына да әсер етуі мүмкін. Ресейлік ақпарат құралдарының «Хуангтың кетуі Қытай мен Ресейге қиындық туғызады» деп дабыл қағуының астарында осындай себеп жатыр. Бірақ мұны Ресей мен Қытайдың технологиялық дамуы тоқтайды деп түсінуге болмайды. Керісінше, мұндай жағдай Қытайдың Huawei секілді отандық өндірушілеріне жаңа мүмкіндік беруі мүмкін. Ал Ресей үшін қытайлық чиптерге қолжетімділіктің артуы және өз микроэлектроникасын дамыту мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түседі. Ал Қазақстан үшін бұл жаңалықтың орны бөлек. Себебі Дженсен Хуанг Астанаға 23 қазанда ғана келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен еді. Кездесуде Қазақстанның жасанды интеллект орталығына айналу мүмкіндігі, есептеу инфрақұрылымын дамыту және отандық мамандар даярлау мәселелері талқыланды. Бұған дейін, 15 маусымда, Қазақстан үкіметі, Firebird және NVIDIA технологиялары қатысатын Data Center Valley жобасы бойынша жалпы құны 10 миллиард долларлық келісімдер пакеті жарияланған болатын. Жоба аясында Екібастұзда ірі деректер орталығын салу және 100 мыңға дейін заманауи GPU чиптерін пайдалану жоспарланған. Ал 23 қазанда Firebird компаниясы АҚШ-тан алғашқы кезеңге арналған 45 мың NVIDIA Grace Blackwell графикалық процессорын жеткізуге экспорттық лицензия алғанын хабарлады. Құрылыс Kazakhtelecom-мен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Алғашқы коммерциялық іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Мұнда бір маңызды жайтты ескеру қажет: 10 миллиард доллар NVIDIA компаниясының жеке инвестициясы емес, Қазақстан үкіметі мен серіктестер арасында жарияланған жобалар мен келісімдердің жалпы көлемі. Ал 45 мың чипті жеткізуге лицензияның алынуы жобаның нақты іске асуындағы маңызды қадам. Енді Хуангтың кетуі бұл келісімдерге әсер ете ме? Әзірге NVIDIA да, Қазақстан үкіметі де жобалардың тоқтатылатыны туралы мәлімдеген жоқ. Оның үстіне мұндай ауқымды келісімдер бір адамның шешімімен ғана жүзеге аспайды. Олардың артында компаниялардың міндеттемелері, мемлекеттік келісімдер, қаржы және жеткізу тізбектері тұр. Сондықтан басшылықтың ауысуы жобалардың автоматты түрде тоқтайтынын білдірмейді. Дегенмен жаңа басшылықтың экспорттық саясатқа, халықаралық серіктестікке және Қытай нарығына қатысты ұстанымы маңызды болмақ. Қазақстан үшін бұдан шығатын басты сабақ бір ғана технологиялық компанияға тәуелді болып қалмау. Бізге заманауи чиптермен қатар, өзіміздің бағдарламалық өнімдеріміз, жасанды интеллект модельдеріміз, білікті инженерлеріміз және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйеміз қажет. Дженсен Хуангтың кетуі Қытай мен Ресей үшін технологиялық белгісіздікті күшейтсе, Қазақстан үшін бұл басталған жобалардың қаншалықты берік екенін көрсететін сынақ. Өйткені қазіргі әлемде жасанды интеллект жай ғана технология емес, экономикалық бәсекенің де, мемлекеттердің ықпал күшінің де маңызды құралына айналды. Ал Қазақстанның алдында бір ғана маңызды міндет тұр: әлемдік технологияны сатып алатын ел емес, оны игеріп, одан табыс табатын елге айналу.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































