Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

5

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Роман

 (Жалғасы)

Мәңгілік рух

(Үшінші бөлім)

Біз іргесін бекіткен түрік елі жер тұрғанша тұратынына, күн сөнгенше сөнбейтініне сенімдімін. Аман болсам, елімінің ертеңі үшін, егеулі найзаны қолымнан тастамасым хақ. Мен жерімнің  бүтіндігін, елімнің амандығын ешуақытта ештеңеге  айырбастамаймын. Тіпті қаған отырар алтын таққада. Соңғы демім таусылғанша, көк түріктің мәңгілік ел болсам деген мүддесі – арманы үшін күресіп  өтермін!

КҮЛТЕГІН

 

 

– Балам! –

Әкесі екен. Төрде қос құлаш жолбарыстың терісінің үстінде малдас құрып отыр. Тізесіне алмас қылышын көлденең тастапты, үстінде кіреуке, дулығасын шешіп жанына қойыпты. Шашын қырғызған, қылтанақсыз; көздері тұнжыр, көңілінде кірбің бардай; шоқша сақалын оң қолымен уыстай тарамдап ойланып қалыпты. Киіз үйде екеуінен басқа жан баласы жоқ.

– Тұр! Көтер басыңды! – әкесі үйдегі өлі тыныштықты бұза сөйледі. Дауысы қатқылдау. Бұның жатқанын ұнатпаса керек.

Тұрғысы келген, бірақ белі кеткен аттай қиралаңдап, денесі икемге көнер емес. Әрең дегенде басын тіктеді.

– Мынау – іргедегі Тасбұлақтың суы. Іш! Ем болар, – деген әкесі су толы тостақты аузына тосты.                                                                                           Сіміріп жатыр. Мұндай тастай болар ма? Жанына жағып барады. Кенезесі кеуіп қалыпты. Тостақтағы судың тамшысын да қалдырмай жұтты. Кенет бойы тыңайып, әлдебір күш алпыс екі тамырын бойлап шапқылай жөнелгендей болды.

– Су ішерлігің таусылмапты, балам!

– Қайдам, әке! Қан майданда денеме қару дарытпап едім. Бір тостақ қымыздың уытын көтере алмай жатырмын. Бұдан өткен қорлық болар ма? – Күлтегін екі иінінен әрең демалып, ентігіп сөйледі.

– Қымызда емес. Атылып келіп шаққанда, атан түйені тырапай асыратын оқ жыланның уында болып тұр ғой…

– Кешелі бері аузыма су тамызып, шөптен жасалған у қайтаратын ішірткі ішкізіп жатқан балгерлер де солай дейді. Ұлы шөлде ғана болатын улы жыланның зәһәрі деседі.

– Кім берсе де, сенің жер басып жүргеніңді қаламаған болып тұр ғой. Бойында жеті атасына кететін кегі бар біреу-ау. Оқ жыланның уын Ұлы шөлден әдейі алдырған. Бұл төңіректегі жыландардың уы зәрсіз болушы еді… қайтарымы тез еді…

Әкесінің дауысы алыстап кеткендей болды.                                                      Күлтегін көзін жұмды. Есіне Алып Емілдің шаңырағында өткен той түсті. Иә, Рұғиланың артында қалған ұлы – Алып Еміл, бұл күндері қол бастайтын дара батырға айналған. Көк түріктің туын желкілдетіп талай ұрысқа қатысты. Қағанаттың отымен кіріп, күлімен шығып жүр. Күлтегін Алып Емілді Рұғила батырдан қалған асыл, баяғы өзі ұнатқан Береннің көзі деп сыйлайтын. Бірақ тәңірі оған жүрек жұтқан батырлықты сый еткенмен, бір шыр еткенді бермепті. Қарлұқ пен түркештен алған қос әйелінің де пұшпағы қанамады ма, бір перезентке зар болып жүретін. Былтыр бас көтерген басымалдарды басуға барғанда, олжалап қайтқан қыз-келіншектердің арасынан таңдап жүріп, уылжыған бір сұлу қызды қатын етіп алған. Басымалдың қызы құт болды ма, жақында ғана егіз ұл туып берген. Ұлы жіңгір той жасады. Жайылған дастарқанның төрінде Күлтегін отырды. Ат шаптырылды. Палуандар күресті. Астау-астау ет тартылды. Саба-саба қымыз құйылып жатты. Атқамінер бір емес, қос ұлы дүниеге келіп жатқанда, Алып Еміл үшін қалай шашылса да жарасымды еді.

– Батырым, сізге қымызды өз қолыммен берейінші! – үріп ауызға салғандай сұлу қыз алтын зерлі тостағанды ұсынды. Күлтегін уыздай қыздың мақтау сөзіне масаттанып қалған.Үстінде майы кілкіген балдай қымызды қотара салды.

– Бақытты бол, айналайын! – деді тостақты қызға қайырып жатып. Көзі боталаған сұлу қыз, еңкейгенде алдына түскен өрілген шашын артына лақтырып тастап, жұмбақтау жымиған.

«Орда маңайындағылардың бірінің қызы ма екен? Бұрын байқамаған екенмін».

Күлтегіннің қыз жаққа бірер көз салғанын аңғарды ма, тізе түйістіре жақын отырған Білге қаған: «Бұл Қапағанның табғаш ханзадасына шыққан Хошадан туған қыз ғой. Хошаның күйеуі қайтыс болған екен. Былтыр қағанатқа оралған. Жанына бір түйір қызын ерте келіпті. Содан бері осында. Өз алдына бір ауыл етіп отырғызып қойдым. Өрісіне мал салдық. Күтушілері тағы бар дегендей. Жүрегі қалап, біреуге тиіп жатса тағы өз еркі. Қалай десең де, кешегі күнше күркіреген Қапағанның қызы ғой. Бөтен емес, тамырымыз бір, өзекке теппедік, өзімізге тарттық. Сен жырақтау қонып жүрген соң, мұның бәрін біле бермейтін боларсың».                                                                                                                       – Дұрыс, – деді Күлтегін Білгенің біліп істеген тірлігіне ырза болып. Көзімен қызды іздеген. Күбі пісіп, жұртқа қымыз таратып жатқан қыздардың ішінде екен. Ара-тұра әлдебір сыр жасырған жұмбақтау көзбен төрде отырған бұларға қарап қояды. Қыздың жүріс-тұрысы, қимылы Күлтегінге әлденені есіне түсіргендей болған, бірақ не екені ойына оралмады. Бәлкім, сапырылысқан халық, ду-ду әңгіме, әр жерде айтылып жатқан ән, батырдың көңіл көмбесіне үңілуіне мұрсат бермеген-ді.

«Той біткен соң бұйырса, бір ауыз сөйлесермін. Ағам Қапағанның ұрпағы ғой, бауырға тартқанымыз жөн болар».

Той тарқады. Күлтегін жанындағылардан қызды тауып келуді сұраған. Іздегендер таппады. Ізім-қайым жоқ.

«Тойға тігілген үйлердің бірінде жүрген болар. Осында ғой. Басқа жолы сөйлесе жатармын».

Атына көз ілеспес шапшаңдықпен ырғып мінетін Күлтегін неге екені қайдам, ерінен ұстап, екі-үш ұмтылып барып әрең мінді. Денесі ауыр тартып, тыныс алуы жиілеп, басы айналғандай болған. Жүрегі айнып, лоқсып жіберді.

«Ақшарқат пен Ертұңға дүниеден өткелі, кісі көп жиылған жерге бармай кетіп едім. Ырду-дырду жақпады ма, әлде шаршадым ба, не болды, өзі?»

Кенет аспан жерге төңкерілгендей, жер-дүние шыр айналғандай болды. Аттың тізгіні қолынан сусып кетіп, өзі ерден сырғып бара жатқанын сезді.

Көзін ашқанда киіз үйде жатыр екен, біреулер кіріп-шығып, қапылып жүгіріп жатыр. Басын ұстап отырған Білгені көрді. «Соның берген қымызы. Көкке ұшса да, жердің жарығына түсіп кетсе де шешесі екеуін тауып, алдыма алып келіңдер!»

Білгенің дауысы алыстан күңгірлеп естілгендей болды. Есіне кешегі қымыз ұсынған қыз келді. Тойдан кейін зым-зия жоқ болып шыққаны да түсті.

«Пәле содан келді-ау».                                                                                      Ары қарай ойлауға шамасы келмеді. Көзі жұмылып, талықсып кеткен…

Әкесі сөйлеп отыр. Бұның ойын оқып қойғандай.                                                       – Ол бейбақ қыздың уысына у жасырып келгенін, тістеген жерде тісім қалсын дейтін Қапағанға тартқан кекшілдігін Бөгі қайдан білсін. Өз жұртына оралған ағасының қызын ішке тартқаны, туыстық қамқорлығы делік, бірақ үлкен қателік інім Қапағаннан кетті. Түрік елінің аға кетсе, іні отыратын ежелгі жосық, еншілік — таспиық жарғысын бұзбау керек еді ғой. Ол болса, кіндігінен жаралған баланы қағанаттың мүддесінен жоғары қойды. «Тамырсыз тал, бастаусыз су болмайды» дегендей, қағанат ішіндегі тартыстың өзегі осы болды. Қағанның өзі бұлжымас қағиданы бұзғанын көрген соң, әр әйелінен туған әр бала, әрқайсы өзін тақ мұрагері ретінде сезінді. Бар дүрбелең содан басталды. Бірін-бірі тыңдамады. Бұл орда ішіндегі текетірестің көрігін Қапағанның ит көтінен ине суыратын сумақай, табғаштан алған әйелі қыздырды.  Отқа май құя түсті. Қапаған бауырымның соңғы жылдары тым қатыгез, қызғаншақ, іші тар рақымсыз болып кеткені, дәргейінде отырған ру-тайпалардың берекесін кетірген. Оның көзі кеткен соң  басталған дау-дамай, онсызда әзер отырған жұрттың телім-телім болып, ордадан ат құйрығын кесісуіне түрткі болды. Қағанаттың ыдырап кету қаупі төнді. Орда билікке таласқан шибөрілердің мекеніне айналып бара жатты…

– Әке, мен не үшін  қызыл қанымды төгіп жүріп қорғаған Ордаға шаптым. Өзің айтып отырған Қағанаттың қамы еді ғой… Мен болмағанда өздерің күнге көтерген қағанат күлге айналар ма еді? Небір алып қағанаттар сыртқы жаудың соқысынан емес, ішкі тартыстың кесірінен күйреп қалды емес пе?!

– Иә, балам. Егер де сен болмағанда, түрік қағанаты жүнше түтілуге шақ қалған. Көк түріктің еңкейіп бара жатқан бөрілі байрағын тіктедің. Түрік жұрты саған қарыздар.

– Ордаға іріткі салған қорқауларды да, ініңіз Қапағанның бала-шағасын да қырып салдым. Қызбалыққа салынып, тым қатігездік таныттым. Қазір, тамыры бір адамның қанын судай шашқаным дұрыс болмады-ау деп өкінетін кездерім де жоқ емес…

– Қатігездігің қағанатты аман алып қалды. Демек, кешірімді, бірақ соны кейбіреулер дұрыс түсінбеді. Әулет ішіндегі тақ таласы деп жосыды, әсіресе Қапағанның қызы Хоша туғандарының қынадай қырылғанын көтере алмаған сияқты. Бұл соның әрекеті… амал қанша…

– Қапағанның кіндігінен жаралғандарды жусатып салғыныма еш өкінбеймін, әке. Маған исі көк түріктің қара шаңырағы аман тұрғаны керек. Мен араласпағанда, Қапағанның ұлдары қағанаттың шаңырағын ортаға түсірер еді. Күлге көмер еді. Сонда біздің қара теріміз, қызыл қанымыз босқа төгілген боп шығар еді… Қанша боздақ жер құшты… Кім үшін, не үшін…

– Дұрыс. Бәрі де қағанаттың қамы үшін… қажет жерінде қатігездік те, құрбандық та қажет… Бұл қатігез заманның жазылмаған заңы… Егер сен әлсіз болсаң, жауың сені бауыздар еді… Сүйегіңді өртеп, күл қылып шашып жіберер еді…

– Өмір мені қатігез етті, әке. Ең алғаш көк түріктің жауын жеті жасымда бауыздадым. Сол күні мен балалықпен қоштастым…

Күлтегіннің есіне бұлдыр-бұлдыр бала күндері түсті. Қапылыста жауларының тосқауылына тап болып, жарадар болған әкесі дүниеден өтті. Мұқым қағанат қара жамылды. Әкесін қара жерге тапсырған күн бүгінгідей есінде. Кеше ғана бір шаңырақтың емес, қол астындағы бүкіл түрік жұртының сүйенер асқар тауы болған әкесінің төмпешік болып, балбал тасқа айналғаны жанына ызғардай батты. Көзінен жас шықпады емес, шықты, бірақ Бөгі секілді әке қабірін құшақтап өкісіп-өкісіп жылаған жоқ. Көзіндегі жасты сүртпестен сазарып тұрды. Тұрды да бір уақытта кері жүгірген. Қолында әкесінен қалған мүйіз сапты кішкентай кездік. Жүгірген бойда, алқа қотан тігілген киіз үйлердің шет жағындағы дәу теріктің түбінде байлаулы жатқан тұтқындарға келді. Бұлар осыдан екі күн бұрын ғана әкесінің жасағына шабуыл жасап, қырғынға ұшыратқан қарлұқ аламандары еді. Қағанның тосқауылға тап болғанын естіген Қапаған жедел қол бастап барып, қарлұқтардың тобын талқандаған. Қолға түскен бірнешеуін байлап-матап алып келген, бұл жатқан солар. Көзі қызарып, кездігін жалаңдатып жүгіріп келген Күлтегінге, еңгезердей біреуі:

– Сідігіне шалынып жүрген мына сорлы бала, бізге не істемек? Атылатын арландай ырылдауын қарашы! Бөрі десе – бөрі.Түрі қандай қорқынышты еді, – деп тіксіне қарап, аузын жиғанша болмады. Күлтегін қол-аяғы байлаулы әлгіні көз ілеспес жылдамдықпен тамағынан орып жіберді. Іле, екінші тұтқынға тап беріп, жүрегіне кездікті қос қолдап ұрған. Оқиғаның қас пен көздің арасында болғаны сонша, тұтқындарды күзетіп тұрған жасуылдар да алғашында ештеңені аңғармай қалды.

«Әкемнің кегі!» – деген ентіккен Күлтегін. Қан-қан кездікті тілімен жалады.

«Бұдан былай өмір бойы қолым жауымның жағасында өтеді. Қарсы келгеннің қанын судай шашатын боламын. Әкем құрған қағанаттың түтіні түзу шығуы тиіс!»

Көзіне келген ыстық жасты ірке алмай, жеңімен бір сүртіп, бұрылып жүре берген.

Басын көтеріп отырған Күлтегіннің есіне осы бір оқиға оралған.

– Мен ол кезде бөлтірік едім, әке. Сол күні арлан боп аяқтандым. Өйткені арланның артынан бөлтірік болып еріп жүретін кез, өзіңді жерлеп келген күні бітіп еді. Мені де, Бөгіні де бөлтірік болып, топқа еріп жүруді емес, арлан болып топтың алдына шығуға өмірдің өзі, қатігез уақыт итермеледі.

– Иә, ұлым. Бұл заман терідей иленген, иі жұмсақтардың емес, күндей күркірегендердің, кеудесімен жер тірегендердің заманы. Арландар ғана топ бастап, соңына ерген ұяластарына қорған бола алады.                                                                                                                              – Дұрыс айтасың, әке. Міне, қырық жеті жасқа келіппін. Соның отыз алты жылы ат үстінде өтті. Ата жаумыз табғашқа қарсы талай шаптым. Айнала отырған көшпелі халықты зар илеткен Шәшә Сүңгі қолбасшысын қан майданда найзалап өлтірдім. Ат ойнатып Інжіл өзеніне дейін бардым. Кезінде бөлініп кеткен батыс аймақты қайтадан бір қағанаттың астына иіріп тықтым. Бұл сахарада менің атымның тұяғы жеткен жердің бәрін түріктің қол астына көшірдім. Бастыны – идірдім.Тізеліні – бүктірдім. Бөгі Білге қаған атанды. Тоныкөк қағанаттың ақыл-ойы еді. Мен көк түріктің көк семсері болдым. Үшеуміз бірлесе түрік қағанатын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтердік. Кенеусіз күш  қуатқа  ие  болдық.  Кешегі Қапаған қағанның билігінің  ақырында ыдырап, шілдің боғындай болған жұрт қайтып келді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды. Түлкі құрсақ болып  жүрген  жұрт тоғайды, жалаңаш адам тонды болды. Аз едік, көп болдық. Күлде жатқан елімді күн еттім, көсегесін көгерттім. Бізге шекесінен қарайтын табғаштар қазір қағанатты өздерімен тең ел санайды. Қаңғайдың қара жартасына қағанатқа кіретін елу жеті ірі ру- тайпалардың таңбаларын шекіттім. Бұл сахарада тұратын бүкіл жұрттың ұлы қағанат көтерген бөрілі байрақтың астына топтасқанын, құдіретіне  бас игенін, ғұзырына  көшкенін көрсетеді, әке.

– Иә, балам. Аман болса, көк түріктің бүкіл үрім бұтағы өмір бойы айта жүретін ұлы тірлік жасадыңдар.

– Алдыма келген жауды шыдатпадым. Күбідей пістім. Қымыздай сапырдым. Бірақ… – Күлтегін күрсінді, – сыртқа атан түйедей қайрат көрсеткеніммен. Ішке келгенде аңғалдығым басым болды… Көп таяқ жедім. Өкінетінім көп… Сырты сылаң, іші жылан адамдарды аңғармадым…

– Алдыңа келіп айбат шеккен жаумен алысу қиын емес, балам! Ең қауіптісі, іргеңде отырып, ту сыртыңнан тап берген адам қауіпті. Не айтпақ болғаныңды түсіндім. Бір емес, бірнеше рет іштен шыққан жаудың құрбанына айнала жаздадың. Көрде жатсам да бәрін көріп жаттым. Сенің аман қалуыңа, алдымен, Көк тәңірі сосын, жан-жарың тілеулес болды. Жарың сені ғана құтқарған жоқ, сені құтқару арқылы небір зобалаң шақтарды бастан өткерген түрік жұртын  аман алып қалды. Өйткені сен барда еліңнің барын, сен  жоқ болсаң елде жоқ болатынын ол бағамдай алған жан еді. Сондықтан тек сен емес, исі түрік жұрты жарыңа  қарыздар. Егер де сол аман болғанда, сен бүйтіп жатпас та едің… өкініштісі, жарың да, балаң да сол екіжүзділіктің құрбаны. Енді, міне, өзің де соның азабын тартып жатырсың… – әкесі тағы тостаққа су құйып, аузына тосты. Тастай суды сүйсіне сімірді…

(жалғасы бар)

Алдыңғы жазбаИран, АҚШ және Израиль: Таяу Шығыстағы текетірестің жаңа кезеңі