Home Қоғам Оңтүстік Кореяға кімдер жұмысқа бара алады?

Оңтүстік Кореяға кімдер жұмысқа бара алады?

14

Қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда Employment Permit System (EPS) ресми бағдарламасы бойынша кімдер жұмысқа орналаса алатыны және іріктеу қалай өтетіні айтылды.

Бағдарламаға 18 бен 39 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.

Үміткердің соттылығы болмауы, Оңтүстік Кореяға кіруге тыйымы немесе елден депортацияланған жағдайлары болмауы тиіс. Сондай-ақ оның Қазақстаннан шығуына шектеу қойылмауы керек.

Іріктеу кезінде білімі, жұмыс тәжірибесі және кәсіби сертификаттары ескеріледі. Сондай-ақ үміткерлерге жарамды паспорт пен медициналық тексеруден өту қажет болады.

Тікелей іріктеу Алматыда EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Үміткерлер корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK емтиханын тапсырып, кәсіби дағдыларды бағалаудан өтуі тиіс.

Жұмысшылар балдық жүйе бойынша іріктеледі. Қажетті кезеңдерден сәтті өткендер ресми үміткерлер тізіміне енеді.

Әр үміткердің профилінде оның білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби сертификаттары, тестілеу нәтижелері және қалаған жұмыс жағдайлары көрсетіледі.

Бұл ретте Еңбек министрлігінің мәліметінше, емтиханды сәтті тапсыру және тізімге ену жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді. Соңғы шешімді Оңтүстік Кореядағы жұмыс беруші тіркелген үміткерлер арасынан қызметкерлерді таңдау арқылы қабылдайды.

Жұмысқа орналаса алатын қазақстандықтардың саны корей тарапы белгілеген квоталарға да байланысты болады.

Егер жұмыс беруші үміткерді таңдаса, оған еңбек шарты жіберіледі. Құжатқа қол қоймас бұрын адамға жұмыс жағдайлары, оның міндеттері мен кестесі түсіндірілуі тиіс. Қол қойылғаннан кейін жұмысшы келісімшарттың түпнұсқасын алады.

Содан кейін Алматыдағы EPS орталығында міндетті дайындықтан өту қажет. Осыдан кейін жұмыс визасы ресімделіп, Оңтүстік Кореяға аттануға болады.

EPS бағдарламасы бойынша жұмыс мерзімі үш жылға дейін созылуы мүмкін. Кейбір жағдайларда оны тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады.

Тиісті мерзімді өтеп, Қазақстанға өз еркімен оралғандар үшін Оңтүстік Кореяға жұмысқа қайта келуге неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Еңбек министрлігі қазақстандықтарға жұмысқа орналасуға, іріктеуді тездетуге немесе үміткерлер тізіміне қосуға кепілдік беретін жеке делдалдарға құжаттары мен ақшаларын бермеуді ескертті.

Делдалдар жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды: соңғы таңдау кез келген жағдайда кореялық жұмыс берушіде қалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тіркеудің басталу мерзімін, құжаттарды тапсыру тәртібін және EPS-TOPIK өткізілу мерзімін қосымша жариялауға уәде берді.

Бұған дейін Қазақстан ресми түрде оңтүстіккореялық EPS жүйесіне қатысушы елдердің қатарына қосылды. Қазақстан E-9 бағдарламасына қатысушы 18-ші ел болады. Қазақстандық жұмысшыларды нақты қабылдау 2028 жылдан басталады деп күтіледі. Оған дейін тараптар ұйымдастыру жұмыстарын аяқтауы, соның ішінде Алматыда EPS орталығын ашуы тиіс.

Еске салсақ, Қазақстанды EPS жүйесіне қосу бойынша жұмыстар 2023 жылдан бастап жүргізіліп келеді. 2026 жылдың қаңтарында Қазақстанға корейлік сарапшылар делегациясы келіп, елдің бағдарламаны іске қосуға дайындығын бағалады. Мамандар EPS орталығын құру, тілдік тестілеу, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеру және азаматтарды Корея заңнамасының талаптары туралы ақпараттандыру мәселелерін зерделеді.

Алдыңғы жазбаКанье Уэстің концерті қанша табыс әкелді
Келесі жазбаСирек металдар үшін күрес: Қазақстанның мүмкіндігі қандай?