«Қазақстан алдағы үш жылда ауқымды құрылыс алаңына айналмақ». Бұл президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың сөзі. Демек алдағы жылы, жолдар жөнделіп, мектептер мен ауруханалар салынып, энергетика және көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады. Осы мақсаттарға Ұлттық қордан 2029 жылдың соңына дейін шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. Қарапайым есеппен айтсақ, бұл ел экономикасының бірқатар саласына жаңа тыныс беруге жететін қомақты қаржы. Бірақ, осынша ақшаны игеру мен оның елге нақты пайда әкелуі екі бөлек нәрсе. Әрине, құрылыс басталса, экономикада қозғалыс пайда болатыны белгілі. Құрылысшылар жұмысқа тартылады, цемент, арматура, кірпіш, құбыр, кабель сияқты материалдарға сұраныс артады. Жүк тасымалы, сауда, қызмет көрсету салалары да жанданады. Әсіресе жұмыс орындары аз, инфрақұрылымы ескірген өңірлер үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Бір ауылға жаңа мектеп салу дегеніміз тек ғимарат тұрғызу емес, балалардың білім алуына жағдай жасау, мұғалімдерге жұмыс беру, сол елді мекеннің әлеуметтік тартымдылығын арттыру. Демек, 6,5 триллион теңгенің экономикалық әсерін тек құрылыс саласының табысымен өлшеуге болмайды. Жаңа жол кәсіпкердің өнімін нарыққа тез жеткізуіне мүмкіндік берсе, заманауи аурухана халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады. Электр қуаты жеткілікті болса, өндіріс орындары да көбейе алады. Осындай жобалар бір-бірімен байланысқанда ғана инвестицияның шынайы қайтарымы көрінеді. Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Қазақстан құрылыс материалдарының бірқатар түрі мен күрделі жабдықтар бойынша импортқа тәуелді. Егер миллиардтаған қаржының едәуір бөлігі шетелден техника, құрал-жабдық және материал сатып алуға жұмсалса, ақшаның бір бөлігі ел экономикасында қалмайды. Яғни, біз құрылыс жүргізгенімізбен, оның негізгі экономикалық пайдасы басқа елдердің өндірісіне кетуі мүмкін. Сондықтан ең маңызды талап — отандық өндірісті қатар дамыту. Мысалы, жол салуға қажетті материалды, металл конструкцияларын, құбыр мен кабельді өзіміз өндіре алсақ, бөлінген қаржы бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, құрылыс жүреді. Екіншіден, отандық кәсіпорындардың тапсырысы көбейеді. Үшіншіден, жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түседі. Президенттің өзі де инфрақұрылымдық жобалар отандық құрылыс материалдары мен инженерлік өндірісті дамытуға ықпал етуі керектігін атап өтті. Ұлттық қор қаржысының импортты қаржыландыруға жұмсалмауы қажеттігін де тапсырды. Тағы бір назар аударатын мәселе инфляция. Құрылысқа қомақты қаржы бөлінгенде, нарықтағы сұраныс көбейеді. Ал тауар мен қызмет ұсынысы оған ілесе алмаса, баға өсуі мүмкін. Әсіресе құрылыс материалдары, жұмыс күші, жер және жалға беру нарығында қымбатшылық байқалуы ықтимал. Мұндай жағдайда мемлекеттің игілікті мақсатпен бөлген ақшасының бір бөлігін халық жоғары баға түрінде қайта төлейді. Халық айтқандай, «Көрпеге қарай көсілу керек». Экономиканың нақты мүмкіндігін ескермей, бір мезетте тым көп жоба бастаудың да тәуекелі көп. Оны ұмытпаған жөн. Халықты алаңдататын тағы бір мәселе доллар бағамы. Ұлттық қордан қаражаттың кезең-кезеңімен бөлінуі валюта нарығына түсетін қысымды азайтады. Оның үстіне Ұлттық банк пен Үкіметтің ақша-несие және бюджет саясаты қатар әрекет етеді. Сондықтан 6,5 триллион теңгенің бөлінуін доллардың міндетті түрде күрт қымбаттауымен байланыстыру дұрыс емес. Бірақ теңге бағамына мұнай бағасы, экспорттық түсім, импорт көлемі және сыртқы нарықтағы жағдай да әсер ететінін ұмытпау керек. Яғни, валюта бағамының болашағын бір ғана құрылыс бағдарламасына қарап болжау мүмкін емес. Меніңше, бұдан да маңызды мәселе, Ұлттық қордың өзі. Бұл қор тек бүгінгі қажеттілікті өтеуге арналған әмиян емес, келешек ұрпақтың да экономикалық қауіпсіздігіне қызмет етуі тиіс. Сондықтан одан алынған әр теңгенің нәтижесі болуы қажет. Егер қаржыға салынған мектеп, аурухана, жол мен электр желісі ондаған жыл бойы халыққа қызмет етсе, мұны инвестиция деуге болады. Ал егер нысан сапасыз салынып, бірнеше жылдан кейін қайта жөндеуді қажет етсе, онда бұл қаражаттың қайтарымы күмән тудырады. Тағы бір талап — ашықтық. Әр өңірде қандай нысан салынатыны, оның құны қанша болатыны, мердігері кім екені және жұмыстың қашан аяқталатыны халыққа түсінікті болуы керек. Құрылыс құнының негізсіз өсуіне, сапасыз материал қолдануға, мерзімнің созылуына жол берілмеуі тиіс. Қоғамдық бақылау мен тәуелсіз аудит қағаз жүзіндегі есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жұмыс істеуі қажет. Өйткені бюджет ақшасы да, Ұлттық қордың қаржысы да — түптеп келгенде халықтың ортақ байлығы.
Қалай айтсақ та, 6,5 триллион теңге Қазақстан экономикасына үлкен бетбұрыс жасай ала ма? Әлеуеті бар. Бірақ бұл қаржы өздігінен экономикалық ғажайып жасамайды. Нәтиже ақшаның қанша бөлінгенімен емес, оның қаншалықты тиімді жұмсалғанымен өлшенеді. Егер құрылыс отандық өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлер арасындағы алшақтықты азайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартса, онда бұл қаражаттың тарихи маңызы болуы мүмкін. Ал егер басты көрсеткіш игерілген қаржы мен тапсырылған нысандардың саны ғана болса, бірнеше жылдан кейін тағы да жаңғыртуға, жөндеуге және қосымша қаржы бөлуге мәжбүр болуымыз ықтимал. Сондықтан алдағы жылдардағы басты міндет Қазақстанды жай ғана үлкен құрылыс алаңына айналдыру емес, сол құрылыстардың негізінде өндірісі дамыған, инфрақұрылымы мықты, экономикалық тұрғыдан өзіне сенімді мемлекет қалыптастыру. Өйткені елдің байлығы салынған ғимараттардың санымен емес, сол ғимараттар мен инфрақұрылымның халыққа қаншалықты пайда әкелгенімен өлшенеді. Яғни қаржы бөлу бар да, оны нақты іске жарату бар. Қысқасы, Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңге мүмкіндік. Бірақ мүмкіндікті нәтижеге айналдыру үшін қаржымен бірге жауапкершілік, бақылау және ұзақ мерзімді есеп те қатар жүруі керек. Әйтпесе «Көп ақша көп мүмкіндік» деген қағида «Көп шығын аз нәтиже» болып шығуы да ғажап емес.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































