Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
Роман
(жалғасы)
Он екі қанат ақ орданың іші көк түріктердің барынша байлығын, құдіретті айбарын сездіретіндей етіп жабдықталған. Керегені жапқан таутеке өрнекті түс киіз. Жерге төселген киіздің үстінде жатқан өрнекті сырмақтар. Іргеге Алтын таудан соғып алынған жолбарыс пен көздің жауын алатын бағалы бұлғын-құндыздың терілері ілінген. Оның жанында қырдың қырмызы түсті түлкісінің терісі әдірәм. Сабы күміспен безендірілген қайқы қылыш, алтын һәм асыл тастармен көмкерілген наркескеннің бірнешеуі, айбарлы айбалта, бұзаубас шоқпар, шашақтың орнына аттың құйрығы байланған, ұшы төрт қырлы найза, өгіздің терісімен қапталып, күміспен апталған қалқандар, орданың айбатын айғақтап тұрғандай.
Төрде төселген барыс терісінің үстінде таудай болып малдас құрып Капаған отыр. Қасында жібек пен торқаға малынған жас қатыны, табғаш сұлуы Гөжел. Қапағанның оң қапталында Тоныкөк жайғасқан. Одан төмен Бөгі мен оның жары, Тоныкөктің туған қызы Балым сұлу отыр. Олардан кейін барып Күлтегін мен Ақшарқат тізе бүккен. Бұларға қарама-қарсы жақта қысық көз, селдір сақалды табғаштан келген үш елші. Ал бұлардан төмен Қапағанның ұлы Енел, Рұғила батыр және ордаға жақын жүретін рудың бірнеше игі жақсылары жайғасқан. Ортаға жайылған дастарқанда Шаш, Соғды өңірінен әкелінген жеміс-жидіктің кептірілген түрлері, табғаштан алынған тәтті-дәмділер шашылып жатыр. Төрде отырған Қапаған бір сәт, өзінің құдіретті қағанатқа қаған екенін сездіргісі келді ме:
– Мұқым сахараны ен жайлап, онда өмір сүріп жатқан ұлыс-руларды тегіс өзімізге қараттық. Қазір бізге қарсы тұрарлық жұрт жоқ. Тіпті күн астының жалғыз иесі «бізбіз» деген мына отырған табғаштардың өзі алдымызға келіп, бас иіп, салық төлеп, алыс-берісті реттегісі келеді. Бұл түрік елінің, менің қағандық тұсымда нағыз кемелденіп, керегеленген шағы. Өтүкенде отырған түрік еліне мұндай шад-шадыман, мамыражай өмірді ешкім сыйлаған жоқ. Әлбетте, мұндай құдіретке ие болу үшін Түрік елі қара терін төкті, қызыл қанын ағызды, қанша боздақтар қыршын кетті. Соның арқасында ел атандық, іргелендік. Әу баста жауымыз жыртқыш құс, біз жыңғылмен қарағанды қамсау қылып қашқан көкжектей едік. Қазір біз алып самұрыққа, жауымыз жемтікке айналды. Қарсы келгенді алып та жығатын, шалып та жығатын, ұрып та жығатын дәуге айналдық! – деп, отырғандарға, әсіресе табғаштан келген елшілерге қарап, мұрнын шүйіре сөйледі. Табғаш елшілері қағанның от шашқан өткір көздерінен ықты ма, тік қарауға батпай, тұқжыңдап бас изесіп жатыр. Тек Ақшарқат қана қағанның сөзіне аса мән бермей, оның жанына жайғасқан табғаш әйелінің қас-қабағына көз тастап, әлденені аңғарғысы келетіндей кейіпте отыр. Қонақасыға арнап сойылған ту биенің астау-астау еті келді. Бір сәт төрде отырған Гөжел сабадағы қымызды ағаш зереңге құйып жатқан қызға қарап, сәл иек қағып, көзбен ишара жасағандай болды. Оны алдындағы асты алып, абың-күбің әңгімеге кірескен жұрт байқай қоймаған. Тек жанарымен Гөжелді бағып отырған Ақшарқат ғана көрді. Қымыз құйып жатқан қыз да көзімен болар- болмас белгі бергендей еді. Қымыз алдымен қағанға ұсынылды. Одан кейін Тоныкөк, сосын барып тардүш бек атанған Бөгіге берілді. Қымыз таратып жатқан қыз келесі тостақты алар кезде, теріс қарап сәл бөгелгендей болды. Гөжел мен қызды қатар бағып отырған Ақшарқат қыздың әлдебір қимыл жасағанын аңғарды. Сәл бөгеліңкіреп барып, қолындағы қымыз толы тостақты бір шайқап Күлтегінге ұсынды. Дастарқан басындағы ортақ әңгімеге ден қойған ол қымызға қол соза берген еді. Ақшарқат оқыс қимылдап, қыздың Күлтегінге ұсына берген қолын кері итеріп,
«сен көшпелілердің сырттан келген қонақты алдымен сыйлайтын ата салтын білмейтін бе, едің? Алдымызда табғаш императорының оң қолы отыр. Қымызды елшілерді бастап келген Ли Сен елшіге бер. Қымызды алдымен біз ішіп, оларға соңынан беріп жатқанымыз, келген қонаққа деген құрмет емес.Ұят тірлік», –деді. Сол-ақ екен қыздың өңі бозарып сала берді. Танауы қусырылып, демі жетпей бара жатқандай көрінді. Төрде отырып, өзіне жылан көздерінен зәр төге қараған Гөжелді Ақшарқат та байқады, бірақ қыңқ етпеді.
«Уысыңа у жасырған сайқал, арам пиғылың іске аспай қалды ма, бәлем» деп Гөжелге табалай бір қарап:
– Елші мырза, қымыздан алыңыз, – деді наздана жымиып. Көк түріктің бас батырының әйелі құрмет көрсетіп жатқанын көрген елші, сарғайып кеткен сирек тістерін көрсете ақсиа күліп, бас изеп қымыз толы зереңге қолын соза берген-ді.
– Келіндікі жөн. Қонақты төрге оздырып, сусын ұсыну біздің меймандостығымыздың белгісі, – деп төрде отырған Қапаған гүр еткен.
Жарының тосын қимылына сәл абыржып қалған аңғал батыр, қағанның сөзін қоштап, өзіне ұсынылған қымызды елшіге «бер» дегендей иек қақты. Отырғандар да «дұрыс» дегендей бас шұлғысты. Қолы дірілдеп, Гөжелге жалт қараған қыз екі оттың арасындай қалғандай болды. Сідігі бетіне шыға көгерген Гөжел қызды жеп қоя жаздап қарап, кірпігін қағып қалған. Осыны күтті ме, қыз кенет тостаған толы қымызды елшіге бермей бір тамшысын қалдырмай өзі ішіп салды. Жұрт аузын ашып үлгермеді. Қапаған да, елші де, отырған өзге жұрт та қыздың оқыс қимылына аңтарыла қарады. Тек Ақашарқат былқ етпеді. Оған бәрі осылай болуға тиіс секілді көрінді. Жұрт есін жиып, ауыз ашқанша болмады, қымызды қотара салған қыз, теңселіп барып гүрс құлады. Аузынан ақ көбік ағып, денесі сәл тулады да тына қалған. Оқиғаның тосын болғаны сонша, ешкім орнынан қозғалмай қатып қалды.
«Көк түріктің хас батырын өлтіруге арналған зымиян жоспарың іске аспай қалды ма, сұр жылан?» дегендей, сәл мырс еткен Ақшарқат Гөжелге қарады. Ол болса қанын ішіне тартып, сұп-сұр болып ешкімге тік қарауға шамасы келмей, көзімен жер сүзгілеп отырып қалған. Қапаған да бір сұмдықтың қойнындағы қатынынан келгенін сезді. Қолы бір-екі рет беліндегі кездікке барып қайтты. Бірақ табғаш жұртынан келіп отырған елшілердің көзінше дастарқан басында қан төгуді артық деп санады ма, әлде басқа ойы болды ма, тосын оқиғаға онша мән бермеген сыңай танытты. Ақшарқат болмағанда, өзінің қандай күйде болатынын енді ғана бағамдаған Күлтегін орынан тұрған бойда есіктен шығып жүре берген. Соңынан Ақшарқат ерді.
– Ордаға өрмекші ұя салған екен. Бәріміз бір күні торда шырмалып жатпайық, хан ием! – оқиғанның мән-жайын тез түсінген Бөгі, қағанға алара қарады. Қап-қара болып түтіккен Қапаған:
– Ошақ қасы, қазан басында жүргендердің бәрінің басы шабылсын! – деп гүр етті.
Терісіне сыймай ашуланып, атына мініп жатқан Күлтегінді Ақшарқат: – Түсіңді жамандыққа жорымасам да, көк бөрі түсіме енді дегенде, іш алып қалып едім. Қастықтың жолын бөгедік. Көк тәңірі түсіңе көк бөріні енгізіп қорғап қалды. Бөрі бір жамандықтың болатынын сездірген екен, – деп жұбандырғандай болған.
Кенет ордаға қарай жұлдыздай ағып келе жатқан аттылы көрінді. Рұғила батырдың ұлы Алып Еміл екен. Қаған ордасын күзеткен аламандарды таптай жаздап өткен ол:
– Көктегі күніміз батты, батырым! Көк аспаным қара бұлт жамылды. Мәуелі бәйтерек құлады. Жер дүние иесіз қалды. Исі түрік тәңіріндей сыйлаған Елбілге анамыз бабалар кеткен сүрлеуге аяқ басты! – деп өкіре жылап, атынан құлай түсіп, Күлтегінді құшақтай берді. Алып Емілдің күңіренген дауысы іште отырғандарға да естілген еді. Киіз үйден алдымен атып Бөгі шықты. Артынан Қапаған көрінген.
– Ұлы қаған ағамның артына қалдырған сарқыты, Ұлы жорықтардың тәберігі, түрік елінің ел болу жолындағы бүкіл жанталасына ер-азаматтармен қатар тұрып, қылыш сермескен, Ұлы қағанаттың темірқазығы болған, Елбілге қатұн сен де тәңіріңе аттандың ба! – көзінен бүртік-бүртік жас шыққан Қапаған Бөгі мен Күлтегінді кезек-кезек құшақтады. Иә, қағанның көзіне жас алатындай да бар еді. Сонау Ордоста азаттық көтерілісін бастаған кезде, Сұлунұр Құтылықтың тек жан жары ғана болып қоймай, бостандық жолындағы серігі болды. Барлық соғыстарға қатысты. Соқытқпалы соқпақсыз заманда ерлермен тізе түйістіріп тар жол, тайғақ кешуді бірге өткерді. Шірене садақ тартты, көк семсерін жауының қанына малды. Ұлы сүргінде Құтылықтың тірегі, сүйеніші еді. Құтылық «ел қағаны» болғанда, Сұлунұр «Елбілге қатұн» деп аталып, исі түріктің анасы болды, мұның бәрі Қапағанның есінде. Ел ханы атанған ағасы Құтылық дүниеден өткенімен артында «ел анасы» атанған жары қалды. Содан ба, Қапаған күнара болмаса да аптасына бір рет Елбілге қатұнға соғып, амандық-саулығын біліп кететін. Жорықтарға аттанар сәтте арнайы барып, батасын алатыны да бар. Жорықтардан оралғанда, олжаның бір бөлігін Елбілге қатұнға әдейілеп бөлдіретіні өз алдына. Жалпы, көк түріктердің әйел адамды жоғары қоятын салт-дәстүріне Қапаған да берік-ті. Соңғы кезде жасы алпысты аралап, жетпіске тақап қалған Елбілге қатұн дімкәстікке шалынған. Көкірегі сырылдап, дем алуы қиындап кетіп еді, қанша жерден балгер-емші алдырып, қаратқанымен оңалып кеткені шамалы. Ақ қар, көк мұз жастанып, ілгері-кейін шапқан жорықтар, қуғындаған жаудан қашып, құла дүзде аш-жалаңаш, аттың қанын аужал қылған күндер Елбілге қатұнды иілдіре алмап еді. Тек соңғы жылдары жабысқан демікпе жүнжітіп жіберген, әсіресе соңғы күндері демалысы қиындап, тұншығып қалатынды шығарды. Енді, міне, жарық дүниені қиып жүре беріпті…
Жұрт бір сәт болса да хан ордасындағы оқыс оқиғаны ұмытып, Күлтегін үй тігіп отырған Тасбұлаққа қарай асыға беттеді. Иә, Күлтегін жасы жетіге толған жылы әкесі дүниеден өтті, бар ауыртпалықты Елбілге қатұн көтеріп алды. Тас қайрақтай еді. Бөгіні де, мұны да қайрады. Содан болар екі ұл да алмас қылыштай қылпып өсті. Жаугершілігі әкелерінен де өтіп кетті.
«Қос ұлым аман болса, әкелерінің орнын жоқтатпайды. Бірі – көк түріктің ақыл-ойы, екіншісі – көк түріктің көк семсері болып, әлі-ақ жарқылдап жүрер» деп отырушы еді. Айтқаны келді, көкейіндегі арманы орындалды. Күлтегін жорықтан оралған сайын өзге емес, алдымен, Елбілге қатұнның шаңырағына барып, бас иіп сәлем бере-тұғын. Бөгі де солай. Рас, Елбілгені жұрт тек Құтылық қағанның жары болған соң ғана сыйлаған жоқ. Тақ мұрагерлерінің анасы деп те айтпады. Ерлермен қатар тұрып азаттық соғыстағы ержүректігі үшін, қағанның әйелі екендігіне қарамай қарашаға да қол ұшын созар қарапайымдылығы үшін, төбе билер шеше алмаған дауларда түйінді сөз айтар абыздығы үшін құрметтеді. Қара жердің бетіндегі Ұмай анамыз –Елбілге қатұн деп сыйынды. Ақшарқатты алғаш көрген кезде:
«Ұлым алмас қылыш болса, сен оның қынабы бол, ұлым жебе болса, сен оны серпер адырнасы бол, ұлым шоқпар болса, сен оның қалқаны бол! Тәңірім орталарыңа сына қақпасын! Көгменнің Тәңір шыңындай асқақ болыңдар!» – деп бата беріп еді. Ақшарқат Елбілге қатұнның алдына тізесін бүгіп: «Ол от болса, мен отыны боламын, ол шоқ болса, оны қоздатар көрігі боламын!» – деп ант-су ішкен-ді.
Сол күндер кеше ғана сияқты еді-ау. Міне, сүйткен абыз ана да атасы Құтылық Елтеріс қағанның артынан аттаныпты. Үлкен өкініш, зор қайғы. Жанары жасқа толған Ақшарқат жұртпен бірге қаралы үйге қарай қозғалды. Есіне Ебілге қатұнның мұқым бір тайпа елді Қапағанның қанды қылышынан аман алып қалған оқиға түсті. Қайсыбір жылы, Қапағанның қарлұқтардан алған үшінші әйелінен туған Озмыштегін деген он екі жастағы ұлы Қаңғайдың Аюлы шатқал дейтін жерінде өз серіктерімен бірге аң аулап жүріп, сол маңды қадым заманнан мекендейтін құрыққан тайпасының аңшыларымен ұстасып қалса керек-ті. Озмыштегін әкесінің қаған екенін алға тартып: «Бұл жерден кетіңдер. Аңды біз ғана аулауға тиіспіз», – деп соқталдай жігіттерге көк шыбық үйірген көрінеді. Басынан сөз асырмайтын құрыққандардың өркөкірек жігіттері: «Кетсеңдер, сендер кетіңдер. Бұл – біздің атамекеніміз. Қай жерден аң аулаймыз, өзіміз білеміз!» – деп өзеуреп бой беремеген.
«Мен қағанның ұлымын. Маған қарсы сөз айтатын кімсің?» – деп астамшылыққа салынған Озмыштегі таяу тұрған құрыққан аңшысын қылышпен бір тартыпты, әлгі сол жерде жан тапсырса керек. Мұны көрген құрыққандар атой салған. Аюлы шатқалында кішігірім ұрыс болып, сол жерде басқа тиген сойылдан Озмыштегі өледі. Ұлының қазаға ұшырағанын ести салып, ашуға булыққан Қапаған дабыл қағып әскер жүргізіп, саны аз құрыққан тайпасын тұқым-тұяғын қалдырмай қырып тастауға бел буады. Осы тұста Елбілге қатұн бір тайпаның құрып кеуіне араша болған.
«Қаңғай мен Өтүкеннің қойын-қолтығы, өзен-суы, жүгірген аң мен ұшқан құсы, осы жерді мекен еткен ру-тайпалардың бәріне ортақ. Қапаған қаған, ары-беріден соң, біз – көк түріктер Табғаштың қыспағынан қашып, Қаңғай мен Өтүкенге бас сауғалап келген «кірме» жұртпыз. Осында отырған жұрт ысырылып орын берді. Қоңсы етті. Енді келіп, «жер біздікі, аң мен құс та біздікі» деп өзеурегеніміз жөн емес. Бұл кеше Құтылық құрған, бүгін тізгінін өзің ұстап отырған қағанаттың ішінде алауыздық туғызады. Ал алауыздық, араздық түбі қағанаттың ыдырауына алып келеді.
«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп, сылап-сипап, білдірмей жіберетін ел емеспіз бе! Бір Озмыштегі үшін бір тайпаны қырып, ежелден отырған жерінен көшіріп жіберу, қателік болмақ. Ұлың өліп қаралы болсаң, құрыққан жағынан да адам шейіт болып, бір шаңырақ қайғыдан қан жұтып отыр. Қағанмын деп аспа да таспа, бір балаң өлсе, қойныңда жатқан төрт-бес қатының тағы да бір атқамінерді өмірге әкелер. Сүйтіп, өшкенің жанар, өлгенің тірілер, жоғың бүтінделер. Бір бала үшін бір рулы елмен жанжалдасудың соңы жақсылық әкелмесі хақ. Ашуыңды бас, жөнге кел! –деп, Қапаған қағанды бір ауыз сөзбен тоқтатқан екен. Осыдан кейін Елбілге қатұнның даңқы жер-жерге тарап, жұрт «әділдіктің таразысы» деп атап кеткен. Қаралы үйге бара жатқан Ақшарқаттың есіне ел айтқан осы әңгіме түсті.
«Ел бірлігін бәрінен жоғары қойған, қайран енем-ай! Сенің орның үңірейіп қалады-ау, енді…» деп өкісіген.
Көңіл айтып келген адамда қисап жоқ. Өтүкеннің аспаны пора-пора болып жылады. Өтүкеннің қойын-қоншысында өріп жүрген аң-құс ұлардай шулады. Салқар сахарадан жиылып келген жұрттың еңірегінде етегі жасқа толды. Аспан асты иесіз қалғандай еді… Күн тұтылғандай еді…
Бүкіл дүние Елбілге қатұнды жоқтады. Ұлы дене жерге тапсырылды. Басын ырымдап күн шыққан жаққа қаратты. Жауға шапқанда ұстаған қару-жарағы, сауыт-сайманы, сәндік заттары, ас ішкен аяқ-табағы, мінген аты, алтынмен апталып, күміспен қапталған ер-тұрманы – бәрі бірге жерленді. Тастан биік оба тұрғызылды. Өтүкеннің бір қойнауынан қопарып әкелінген сынтасқа табғаштан алдырған бәдізшілер Елбілге қатұнның бейнесін қашады.
«Көк түріктің ұлы анасы – Елбілге қатұн» деген сөз шекілді.
«Елдің мейіріміне, күннің нұрына тоймадым» деген көк түріктердің көнеден келе жатқан тәмсілі де жазылды. Иә, ұлы қайғы хан ордасындағы қастандықты бір сәтке болса да ұмыттырғандай еді, бірақ көңілдерде дық қалды. Ұлы қазаның кезінде, Құтылықтың қос ұлы Қапағанмен бет жыртысқанды жөн көрмеді. Түбі бір әулеттің кермалдасып жатуы, онсыз да соңғы кездегі қағанның озбыр істерінен іргесін аулақ салғысы келіп отырған ру-тайпалар арасында от жағып жіберетіндерін сезді. Ел бірлігін, қағанаттың тұтастығын бас араздықтан жоғары қойды. Күлтегін өзіне жасалған қастандықтың сыртқа жайылып кетуіне де мүдделік танытпады. Хан дастарқанында ешқандай тосын жайт болмағандай кейіп білдірді. Дегенмен оны ұмытпаған әрі ондай жағдайлар әлі талай қайталануы мүмкін деп күдік келтірген бір адам бар еді. Ол – Ақшарқат. Ақшарқат хан ордасында улы жылан жұмыртқалап жатқанын көрді. Қапағанның жыланның арбауына түсіп қалғанын да сезді. Қағанның қойнында жатқан табғаш сұлуының ертең айрандай ұйып отырған бүкіл қағанатты ірітерін, сиырдың бүйрегіндей бытыратқысы барын байқады.
«Бір қам жасау керек-ау» деген іштей…
Алайда арада апта өтпей жатып, жанындағы күтуші қыздарымен іргеде тулап жатқан өзенге жуынуға барған Гөжелдің суға кетіп өлгені туралы әңгіме дүңк ете түсті. Ағысы қатты тау өзенінің жылымына өзі түсіп кетті ме, әлде біреу әдейілеп істеді ме, белгісіз. Қаған қатыным өлді деп жар салмады, тіпті Гөжелдің аяқ асты өлімін шыбын шаққан ғұрлы көрмеген кейіп танытты. Ордада болған қастандықты білетін кейбір жұрт: «Қапаған қағанатқа Гөжел емес, Күлтегін керек екенін білді. Күлтегінсіз қағанттың керегесі кеңейіп, шаңырағы тіктелмейтінін сезді. Сезді де табғаш қызын өз қолымен өлтірді әрі немере інісінің алдындағы күнәсін осылай жуды» деп жосыды.
«Түбі өзін шағып алатын сұр жыланнан қаған ағам құтылған екен» деп Ақшарқат та қуанып қалған.
…Кенет ызғырық жел тұрды. Аспанды зілмәуір бұлт басты. Өтүкеннің көк мауытты алабы бозғылт тартып күз келді. Күзбен бірге Қаған ордасына табғаш елінен керуен жетті. Үлкен дөңгелекті қазақ арбадан «қағанның бауырын жылытсын» деп, табғаштың «қамқор» билеушісі жіберген көзі тұманды, жүрісі күмәнді тағы бір сұлу түсіп жатты…
(Жалғасы бар)

































