Ресей тағы бір заң қабылдады. Қағаз жүзінде — «шетелде қудаланған Ресей азаматтарын қорғау». Ал саяси шындығында — Кремльдің кез келген елдің аумағына араласуына дайын тұрған жаңа доктринасы. Ресей Мемлекеттік думасы президентке шетелде ұсталған немесе сотталған Ресей азаматтарын қорғау үшін қарулы күш қолдануға құқық беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұл жай ғана заң емес. Бұл — соғысқа құқықтық сылтау дайындау.
Себебі тарихта «өз азаматтарын қорғау» деген тіркес ешқашан бейтарап болған емес. 2008 жылы Ресей Грузияға кіргенде де дәл осы аргумент айтылды. 2014 жылы Қырым аннексияланған кезде де «орыс тілді халықты қорғау» ұраны көтерілді. 2022 жылы Украинаға толық масштабты басқыншылық басталғанда Кремль тағы сол сөзді қайталады: «қысым көрген адамдарды қорғау». Енді сол риторика заңға айналып отыр.
Ең қауіпті тұсы — заңдағы ұғымдардың бұлыңғырлығы. «Қажетті шаралар», «қорғау», «шетелдік заңсыз әрекет» деген тіркестер нақты анықталмаған. () Демек, Кремль кез келген жағдайды өз пайдасына түсіндіре алады. Бір ресейлік кәсіпкер ұсталды ма? Бір санкция салынды ма? Бір кеме тоқтатылды ма? Теориялық тұрғыда енді соның бәрі әскери қысымға себеп бола алады.
Мәселе мұнда тек Ресей азаматтарында емес. Мәселе — империялық санада. Ресей посткеңестік кеңістікті әлі де толық тәуелсіз аймақ ретінде қабылдап болған жоқ. Кремль үшін көрші мемлекеттердің егемендігі көбіне шартты ұғым. Сондықтан мұндай заңдар қорғаныс үшін емес, ықпал аймағын сақтап қалу үшін қабылданады.
Ресейдің қазіргі логикасы қарапайым: «Біздің азамат — біздің территориямыз». Бұл халықаралық құқыққа қауіпті тенденция. Өйткені халықаралық тәртіптің негізі — мемлекеттің шекарасы мызғымас болуы. Ал Ресей жаңа заң арқылы шекарадан биік бір ұғым ұсынып отыр: Кремльдің мүддесі.
Иә, Думадағы кейбір депутаттар мұны АҚШ-тың 2002 жылғы «Гаагаға басып кіру туралы заңымен» салыстырады. () Бірақ айырмашылық жер мен көктей. АҚШ ол заңды халықаралық қылмыстық соттың өз әскерилеріне ықтимал ықпалына қарсы қабылдады. Ал Ресейдің қазіргі заңы нақты геосаяси экспансияның контексінде шығып отыр. Украинадағы соғыс жүріп жатқан кезде мұндай құжаттың қабылдануы — кездейсоқтық емес.
Бұл заңның тағы бір астары бар: Ресей қоғамын тұрақты әскери психологияда ұстау. Соғысқа үйренген мемлекетке үнемі жаңа қауіп керек. Кеше «нацистер» болды. Бүгін — «шетелде қудаланған ресейліктер». Ертең тағы басқа сылтау табылады. Империялар бейбіт күнде әлсірейді, сондықтан олар әрдайым жау іздейді.
Қазақстан үшін де бұл сигналды жеңіл қабылдауға болмайды. Себебі Ресейдің ақпараттық кеңістігінде «отандастарды қорғау» риторикасы бұрыннан бар. Солтүстік Қазақстан туралы да түрлі арандатушы мәлімдемелер айтылып келеді. Кремль ресми түрде олай демесе де, ресейлік саясаткерлер мен пропагандистердің сөздері қоғамды белгілі бір сценарийге психологиялық тұрғыда дайындап қояды.
Бүгінгі әлемде танк шекарадан бір күнде өте салмайды. Әуелі сөз келеді. Кейін заң келеді. Сосын «тарихи әділет» туралы әңгіме басталады. Одан кейін ғана әскер қозғалады.
Сондықтан бұл заңды жай бюрократиялық құжат деп қарау қателік. Бұл — Ресейдің болашақ қақтығыстарға алдын ала құқықтық негіз әзірлеуі. Кремльдің сыртқы саясаты қазір дипломатиядан гөрі күш логикасына сүйенеді. Ал күшке сүйенген мемлекет бір күні міндетті түрде өз шекарасынан асады.
Ең қорқыныштысы — соғыс кейде зеңбіректен емес, заңнан басталады.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
dodanews.kz
































