Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

26

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

  Роман

 (жалғасы)

Іркес-тіркес болған қалың қол асықпай жылжып келеді. Неше күн, неше түн өткені белгісіз. Қара бұлттай түнеріп, қызғыш құстай шүйіліп, іліп түсер алдында жау жоқ, шабылған ел артында қалған, содан болар, қалың қосынның жүрісінде марғаулық бар. Оған іргелес, олжа болған үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, қора-қора қой, ірі қара айдаған топ та алдарындағы аяқты малды жая айдап, өгізаяңмен еріп келеді. Бұл байырқаларды шауып, қайтып келе жатқан Қапаған қағанның қолы.

… Бүйректен сирақ шығарып, бірде табғаштың қол астына бүлт етіп кіріп кетіп, бірде жалт беріп Қапағанның алдына тізерлеп, жаздым-жаңылдым деп күн кешіп, берекесіздік танытып жүрген ұйғыр тайпасының көсемі Күншақты бір жақты ету үшін Қапаған ерте көктемде атқа қонған. Өзге емес қаһарлы Қапағанның өзі келе жатқанын естіген Күншақ қарсы шығуға тайсақтап, тоғыз-оғыз еліне қарай ығысқан еді.Тоғыз-оғызбен біріккен ұйғыр қосындары Шиелі өзенінің жағасында көк түріктермен айқасқа түскен. Көңілі күпті Күншақтың ұзақ қарсыласа алмасын білген Қапаған Көгмен тауының барысындай атылған. Әскери дарынын, соғыстың бүкіл айла-амалын білетінін көрсетті.Тау өзеніндей арындап келген көк түрік қолы алдындағысын жайпап өтті. Күншақ та тоғыз-оғыз көсемі Тоба да қолға түсті. Қатігез Қапаған дәл осы жолы тоғыз-оғыз көсеміне рақымшылық жасады. Еліне басшылық жасап, қағанаттың дәргейінде қала беруін талап етті. Бірақ «бірде табғашты қолдап, бірде қағанатқа өтіп, күнелеткен опасыз аяр Күншақ, бүгін сені аман жібергенмен сен бәрібір екі жаққа да марқадам таптырмассың» деп Күншақтың басын алды. Екі тайпаны да тырп еткізбей, қағанаттың құрамына кіргізді. Қайтар жолда қағанатқа қырын қарап, қағанның айтқанын жүре тыңдап, азуын көрсетіп жүрген Байырқарларға шүйлікті. Екі әскер Тола өзені бойында кездесті. Көк түріктердің әбден соғысып, ысылған әскері байырқарларды демде ұйпап жіберген. Жаугершілікке толы көктем мен жазғы соғыстарда Қапағанның мерейі үстем шықты. Абыройы көтерілді. Тарпаң мінез танытқан тайпаларды тәубесіне келтірді. Қарсы келгендерді қаққанда қанын, соққанда жанын шығарды. Дәргейге көнбей басын алақашқан қағандардың елін бір шапты, малымен байлығын тағы олжалады. Сөйтіп, екі жеп биге шықты. Қиуадан шауып, қисынын тауып жеткен жеңістерден кейін бір көтерілсе Қапағанның көңілі көтерілуі тиіс еді, бірақ олай болмады. Елге бет бұрғалы бері нілдей бұзылды. Зілмәуір ойлар басты. Күзет аламандарын алға оздырып саяқси береді. Иә, қағанның көңілін күпті еткен жағдайлар қағанаттың ішінде жеткілікті еді.

«Құтылық ағамның айтып кеткен аманатын орындадым, – деген іштей, – айтақырға тал егіп, көктетпесем де, кешегі Бумын, Естеміс, Мұқан қағандар құрған, олардан кейін ағам Құтылық шаңырағын тіктеген қағанаттың керегесін кеңейтім. Тағдырдың талайына мойынсұнып, талайдың талапайына түсіп қақ бөлінген қағанаттың шығысы мен батысын біріктірдім. Қағанаттың бүкіл тақуқыметін көтердім. Шығысы Сары теңіз, батысы Көк теңіз, Інжіл өзені, теріскейі Көгменнің көк орманымен шектесетін түпсіз терең Байкөл, түстігі құс қанаты талатын Ұлы шөлге дейін ұласқан салқар сахараның дара билеушісі атандым. Ағам Құтылықпен бірігіп, Ордоста азаттық көтерілісін бастаған кезде, айбатынан ай жасқанған құдіретті мемлекет құрамыз деген ой, түсімізге кірмеген еді. Иә, арман болды. Көк түрікті ел етсек, іргеленсек дедік. Тәңіріне аттанып бара жатқан ағам, «Ел тізгіні қолыңда. Елің етек жапқанша ерден түспе» деді. Әлі де сол ат үстіндемін».

Қапаған күздің демі біліне бастаған көк сеңгірге көз тікті.

«Қанатым жоқ, әйтпесе өзім құрған елдің көгінде бір қалықтап көрерме еді?..»

Күрсінді. Атын тебіне түсіп көпшіліктен тағы оқашаулана берген. «Дүниеге келгенде азан шақырып қойған атым Мойыншор еді, шәлкес, қызба мінезіме қарап кейіннен жұрт Қапаған деді.

Мені тым қатігез деседі. Солайда шығар. Боркемік адам елді басқарушы ма еді? Жоқ. Мінез керек. Мінезді адам мінсіз болмасы тағы хақ. Қаһарсыз қаған қырық құрақ елді ұстап тұра ала ма? Әсілі, жүздеген ру-тайпалардан құралған елді тізгіндеу, бір жұртты барып шауып келуден қиын. Жұрт соны түсінбейді. Құрама ел болған соң, қазанбұзар тентекте көп. Ындыны бұзылған аяр да көп. Тірсектен шайнағысы келетіндерде жеткілікті. Балақтағы бит басқа шыққысы, босағадағы құл төрге озығысы келетіні тағы бар. Мәмілеге көнгісі келмейтіндер де жоқ емес. Қайтпек керек? Әрине, қатігездік. Жұрт сені сонда қорыққанынан сылайды. Қамыстай қалтырайды. Қаңбақтай домалайды. Алдыңда жалбаң қағады».

Қапаған тізгін тартып, қоржындағы торсықтан қымыз ішті. Қалың қол жылжып барады. Тек бұл ой шүнетіне еніп, сәл қиыстау кеткен тәрізді. Етегін өрлей қалың қарағай жауып, ұшар төбесі таздың басындай қылтанақсыз шоқыға қарай атын тебінді. Төбеден айналаны шолып, біраз тұрғысы келген. Тағы да ойға шомды. «Қанша мінезді болсам да, орданың ішінде де, сыртында да жұрт менен теріс айнала бастаған ба, қалай? Иә, «шабындыдан түскен олжаны баяғыдай бөліспейтін болды» деп қыртыйып жүргендер жетеді. Ол, рас, бірақ аумалы-төкпелі заманда отырған соң, орда іргесінде сақадай-сай тұратын тұрақты әскер керек. Тосын келген жауға тойтарыс беруге қауқарлы он мың аламанды еріккеннен қысы-жазы ұстап отырғаным жоқ, ал ол қосынның мінер көлігі, қару-жарағы, ішер асы, тұрар орны бар дегендей. Жаугершіліктен түскен олжаның біраз бөлігі осыған кетіп жатқан жоқ па? Қашанғы қарашаның кермесінде тұрған жалғыз атына көз сатып, «алым-салық төле» деп дікеңдеймін.

«Байдың жорғасын көрмей, кедейдің дорбасын көрді» деген сөзден қашып жүргенімді, жұрт қайдан білсін!

Қапаған өзін-өзі ақтағандай болды. Көкірегін кере күрсінді.

«Орда маңындағылар, тайпа-ру басыларының маған өкпелейтіндей жөні жоқ-ау. Мұны да қойшы жас болса алпыстан асты. Өмір бар жерде өлім бар, көзім кетсе мына жұртқа ие болар кім бар? Кеше Құтылық ағам дүниеден озғанда, тағына ие болып мен қалдым. Мен кете қалсам ше? Тақ мұрагері ұлым Енел ел тізгінін ұстай ала ма? Қайдам? Қазірдің өзін де бес әйелден көрген балаларым, бір-біріне оқырана қарап жүрген жоқ па? Тіпті Гөжелден кейін табғаштан алған жас қатыным, Енелден кейінгі балаларыммен ауыз жаласып, тақтан дәмелендіріп жүргенін де естіп жатырмын. Алда-жалда көзім кенеттен жұмыла қалса, ордада үлкен қан төгілері сөзсіз. Бұл түйенің қомында, аттың жалында жанымызды шүберекке түйіп жүріп, құрған ұлы қағанатымыздың ыдырауы емес пе? Ылаңның басында табғаштан алған қатыным тұрғаны рас. Елімнің бүтіндігі, балаларымның татулығы керек болса, іріткі салып отырған ол қатынның мойнын неге бұрап жұлып алмаймын».                               Қапағанның кенеттен қаны қызды. Тісін шақұр-шұқыр қайрады. «Баяғыда Гөжел қатын Күлтегінге у бермекші болғанда, оны өзен жағасында қылғындырып суға лақтыртып жіберіп едім. Ендігі кезек сенікі».                                                                                                           Қапаған кіжінді. Жас қатынның төсектегі ыстық деміне елтіп жүріп, көр соқырлыққа бой алдырғанын енді сезінгендей болды. «Ордаға жетейін, – деді іштей күйзеліп, – ұлдарым мен ағайынның арасына сына қағып, алакөз қылған аяр қатын, ісім сенімен болсын! Бұдан былай көшпелі елге табғаштан қатын алуға тыйым салармын».

Төбенің алқымындағы жартастың астынан жылай аққан тұманы көрді. Атынан түсті. Беті-қолын жуып, тастай судан қанғанша ішті. Қазбауыр бұлттар көшіп жатқан күзгі аспанға қарады.

«Көшкен бұлттай көшіп бара жатқан өмір-ай! Мына бұлттар Алтын тауға барып мамырлап, жауын болып жауары хақ, ал менің өмірім қай жерде тұйықталар екен?»

Шеркүйік болған қаған еңкейіп, тұмадан тағы су ішті. Аты осқырынып, жер тарпыды. Құлағын қайшылап, төмендегі шоқ талға қарай үрке қарап қалыпты, басын көтерген бұл да сол жаққа көз тіккен. Бес-алты салт аттыны көрді. Өзінің күзет аламандарына ұқсамайды. Түстері суық, ойы бұзық. Біреуі бұған қарап садақ кезенгендей болды. Қапаған атына жүгірді. Үлгермеді. Ысқырып келген жебе сауытсыз денеге кірш етті. Сонда да сүйретіле атына қарай ұмтылған қағанға бір емес, енді бірнеше жебе қадалды.

«Әй, дүние-ай, өмір мен өлімнің арасы бір-ақ қадам, қас-қағым сәт екен ғой. Ойға алған ұлы армандарым орындалмай кетті-ау, қайтейін… Артымда қалған  ел-жұртым, қағанатым енді  не  болмақ, не болмақ?..»                                                                                                              Қаратүнекке сүңгіп бара жатқан қаған бұдан өзге ештеңе ойламады…

Бұлар кеше ғана Қапаған өзі талқандаған байырқарлар еді. Көк түріктерден күйрей жеңілген байырқарлардың кейбір ұсақ топтары бас сауғалап келіп, орман-тоғайға тығылған.

«Мынау Қапаған қаған ғой!» Аттан домалай түскен байырқар қорқырап өліп жатқан қағанға қарай қылышын ала ұмтылды. «Кешегі соғыста жантәсілім еткен бауырымның кегін қайтарамын!» – деген ол,  өліп жатқан қағанның басын кесіп, қоржынына салды.

«Көк түріктер келіп қалмай тұрғанда зыттық, бағыт – табғаш елі. Қапағанның басын әкелдік деп сый-сияпатын алайық». Байырқарлар лезде орман ішіне сіңіп жоқ болды.

Сонау бір жылдары Өгілей бақсы мен Қидан көсемі Тұғырылбектің айтқаны расқа шықты. Байырқарлар Қағанның басын табғаш елшісіне берді. Одан әрі табғаш астанасына жол тартты. Жез табаққа салынған қағанның басы Алтын сарайдағы императордың алдына жеткізілді.                                                                                               «Алтын сарайда, алтын тақта отырып, табғаш елін билесем» деген қағанның көңіл түкпірінде жатқан ұлы армандарының бірі еді. Қапағанның алтын басы сарайға кіргенмен, ол елді билеу жазбапты. …

Қозы көш жерге ұзап кеткенде ғана Қапағанның еш жерде жоқ екенін көк түріктер білді. Иесін тастап кете алмай арлы-берлі шапқылап кісінеп жүрген аттың арқасында, басы жоқ қағанның денесін тапқан…                                                                                                                      Иә, жиырма жыл бойы ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болған, түрік қағанатын ең бір мейманасы тасыған, дәуірлеген кезеңге көтерген, Орта Азияның дара билеушісі атанған, қаһарынан жарты әлем тітіренген көк түріктің ұлы қағаны Қапаған осылайша ойда жоқта, кездейсоқ жағдайда өмірден өтті. Қағанның денесі қара жерге тапсырылған күннің ертесінде қағанаттың тізгінін Енел қолға алды, бірақ қағанның бес әйелінен тараған балалар оны тақ иесі деп танығысы келмеді. Орданың іші-сырты күбір-сыбырға толды. Өлексеге таласқан кезқұйрықтай талас басталды. Бақталастықтың көрігін қоздырып, орталарында Қапағанның табғаштан алған әйелі жүрді. Қағанаттағы «кіші хандыққа» одан да өзге шен-шекпенге таласқандар арасындағы айтыс-тартыс өрши  келе бір-біріне қылыш сермесуге дейін барды. Ордадағы сүйеккесіңді қырық пышақ алауыздықтан басын ала қашқан кейбір рулар Енелге бағынуды қойып, ауа көшті. Орданың бар байлығы талан-таражға түсті. Кеше ғана арыстандай айбатты ұлы қағанат қорқаулардың мекеніне айналып, қаусап, құлап қалуға шақ қалды.

(Жалағасы)

 

Алдыңғы жазбаІРІ БИЗНЕС ПЕН БИЛІК ТЫМ ЖАҚЫН БОЛСА…
Келесі жазбаҚазақстан Азиада-2026 жүлдегерлеріне қанша сыйақы төлейді?