Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
РОМАН
(Жалғасы)
Есіне осы Тасбұлақтың басында отырып, тастың астынан мөлтілдеп шығып жатқан суға қарап, Ақшарқат екеуі талай сыр шертіскен шырынды шақтар, мамыражай кештер оралды. Неге екені қайдам, сондай айлы кештердің бірінде көңілі қамыққан Ақшарқат: «Мәңгілік ештеңе жоқ қой», – деп еді. «Мен де, сен де бұл өмірден өтерміз. Бұл жарық дүниеде біз болмағандай, тірлік жалғаса берері хақ. Жарқ-жұрқ етіп өтіп бара жатқан уақыт-ай». «Иә», – деген бұл. «Бәрі өткінші. Маған дейін де бір батыр осы тастың үстінде сүйіктісін құшақтап, судың сылдырын тыңдап, жұлдызды түнгі аспанға қарап, құшағындағы арудың ыстық деміне елтіп, жансырын бөліскен болар-ау. Бізден кейін де талайлар осы жартасқа шығып отырар, әлі. Өмір өстіп алмаса берері анық. Көк дөненімізді соқтыртып, біз де бұл дүниеден өте шығармыз, жаным». «Иә, батырым», – деген Ақшарқат. «Бұ жарық дүниенің біз де бір қонағымыз. Ертең мәңгілік мекенге аттанар шақ келгенде, «көк түріктің бағына туған оғыланның жан жары болдым. Аумалы-төкпелі кездерде иық тірестіріп, тізе түйістіріп бірге жүрдім. Ұрпағын өрбіттім. Батырдың жүрегіне қаяу салмай, ыстық махаббатыма бөлеп өттім деп» өзімді жұбатарым анық». Ақшарқаттың жүзін мұң қабыздап, көзіне жас іліне қалыпты. Қамкөңіл жарын құшағына қысты, ақ маңдайынан өпті. Қолаң шашын иіскеді. «Біз де бір күні осы сахарада қалған балбал тастардай үнсіз тарихқа айналармыз. Бәлкім, ел есінде қалармыз, бәлкім, есімімізді уақыттың желі өшірер». Күлтегін жеңіл күрінсінді. «Басқа, басқа, көк аспан, қара жердің ортасында, исі көк түріктің айбарлы қағанат болып қалыптасуына сіңірген сенің еңбегің ұмтылмас. Ізсіз, жоқтаусыз қалмасыңыз хақ. Уақыт көшер, нешеме заманалар өтер, тас мүсінің тым-тым алыс болашақтағы көк түріктің аман-есен қалған жұртына да жетер. Тас тарихқа қарап тесілген ұрпағың, «Аспан астын, Жердің үстін дүркіретіп өткен, баяғыдағы ата-бабамыз осындай болған екен ғой, мынау сол батырдың ескерткіші», – деп мына біз өмір сүрген дәуірдің көкжиегіне үңілер… Ішкі түйсігім осылай дейді, батырым… Елеусіз, ізсіз қалатын жан емессің ғой. Көк тәңрі сені көк түріктің бағы үшін жарық дүниеге әкелді емес пе! Көк төсінде жұлдызың мәңгі жарқырап қала берері анық. Ең бастысы түрік елі аман болса, сен мәңгі ұмтылмайсың! Бәрін де қойшы, мына біз отырған тас үстінде талай ғашықтар отырар, Тасбұлақтың суынан талайлар су ішер… тасқа сіңген дауысымызды естір, суда қалған бейнемізді көрер». Ақшарқаттың айтқанына еліткен Күлтегін ауыр бір күрсініп, айналаны күмбіріне бөлеген Тасбұлаққа қарап үнсіз отырып қалған –ды… Сол бір жаздың жанға жайлы айлы түнінде бұлақ жағасындағы сандықтастың үстінде отырып, Ақшарқат талай сыр ақтарып еді… Қандай шырынды шақтар, еш нәрсеге айырбастамас уыз сәттер еді… Жұлдызды түндер еді… Уақыт көшін қайта бұруға шамасы келмейді ғой, әйтпегенде… Күлтегіннің көңілін мұң қабыздады. Көзі жасаурағандай болды. Онысын әкесіне сездіргісі келмей, киізі түрілген шаңырақтан көк зеңгірге көз тікті. «Айбатымнан ай жасқанғандай айбарлы болсам да, сені қорғап қала алмадым-ау!» Өзегін бір өрт шарпып өткендей еді. Есіне бұдан бес жыл бұрынғы оқиға түсті. Жаз еді, шөп пісіп, мал тоғайған кез еді… – Төркінімнен хабар келді. Ордостан тауар артқан керуен келген екен. Базарлап қайтайық. Бір жағынан, біраз болды ағайын-туысқа ат ізін салмағалы. Барып, қонақ болып, жата жастансақ, қалай қарайсың? – деген Ақшарқат ертеңгілік ас үстінде. – Өздерің бара беріңдер. Білге шақыртыпты. Батыс аймақтан шапқыншы келген екен. Кеңесетін шаруа бар көрінеді. Ердоған мен Қырмызы қала берсін. Ертұңғаны ертіп алсаң болады. Бұйырса мен арттарыңнан жетермін, – деді бұл. Сол күні Ақшарқат базарлап қайтамыз деген бір топ қыз-келіншектермен өздерін қорғап жүретін аздаған жасауыл ертіп, бір қоным жерде отырған төркініне аттанып кеткен. Күлтегін Білге отырған хан ордасына қарай қозғалып еді. Ақшарқаттың төркін жұрты аздар тайпасы бұрынғы мекені Алтын таудың шығыс теріскейінде қалғанымен, Ақшарқат пен ағасы Жапарбекке қарасты біраз ел, хан ордасына жақындау жері құйқалы, суы мол, қарағаймен самырсыны қатар өрілген Барқытбелге қоныстанған. Табаны күректей жылдар аунап, сол жерге сіңсіпте қалған. Табғашпен бейбіт келісімге келгелі, Ордоста сауда орталығы ашылып, одан шыққан керуен Хан ордасына, осы маңдағы халқы көп тайпалар мекен еткен қоныстарға жылына бірнеше рет кіре тартатын. Ол жақтан торғын- торқа, тәтті-дәмділер келсе, бұл жақтан бағалы аң терілері, үйір-үйір жылқы саудаға шығатын. Ақшарқаттың айтқаны сол болатын. Бұл жолы керуен аздар отырған мекенге тоқтаса керек. Ақшарқат әрі сауда жасап, әрі төркін жұртын көріп қайтпақ болып аттанған еді. Неге екені қайдам, ордаға келгенімен Күлтегіннің көңілі байыз таппады. Батыс аймақтағы Ақыртас шаһарынан келгендердің айтқандарын да сүлесоқ отырып тыңдады. Күлтегіннің сырғақсып отырғанын Бөгі де, Тоныкөк те байқады. – Жайлышылық па? – деген Бөгі тұнжырап отырған інісіне қарап. – Соны өзім де түсінбей отырмын, – деді Күлтегін, – жақсылық па, әлде жамандықтың белгісі ме, білмедім. Түсіме көк бөрі енді. Тегі, түсіме бөрі енсе, не болмаса алыстан көзіме шалынса, бір оқыс оқиға болаушы еді. Сол мазалап отырғаны. – Бөрі киелі аң ғой. Тектен-тек түсіңе енбеген болар. Кеңес бітісімен жолға шық. Қайын жұртың біраз жер. Келіннің артынан барғаның, жанында болғаның жөн болар, – осыны айтқан Тоныкөк батыс аймақтан келген елшілермен сөйлесіп кетті. Түс ауа жанына жасақ ерткен Күлтегін аздар отырған мекенге қарай жедел аттанды. Төркініне бара жатқан соң, Ақшарқат құр қол бармайын деп бірнеше атқа тең артты. Содан болар, асықпай жүрген. Күн еңкейе бастағанда түнемелікке ертерек ыңғайлы жер тауып алу үшін ат басын іріккені сол еді, қалың қарағай арасынан бір топ салт атты сау етіп шыға келген. Алғашында «жол тосқан бұлар кім болды екен?» деп Ақшарқат топтың алдына шықты, шықты да: – Сары Бұқа, сенсің бе, қайдан жүрсің? – деді қарулы жасақ ертіп тосынан шыға келген топтың алдында жирен мініп, найза көтерген ілмек сарыға қарап. Бұл ағасы Жапарбектің үлкен ұлы еді. Әкесі Ақшарқаттың қолынан мерт болғанына ел ішіндегі әңгімеден қанықты, бірақ Күлтегін тұрғанда кек қумақ тұрмақ, Ақшарқатқа батып тіл де қата алмайтын. Амалсыз іштей тісін қайрап жүруші еді.
– Қайдан жүргенде шатағың қанша?! – анау аш күзендей шаңқ етті. – Жол торыған ұрыдай, жүрістерің суыт екен? – Ақшарқат жақтырмай сөйледі. Сары Бұқаның жасақ ертіп мына жүрісінен сақтанғандай, беліндегі қылыштың сабын ұстады. – Иә –деген ілмек сары. – Сенің жолыңды тосып жүрмін. Ақыры оңша кездестік –ау. Әкемді өлтірдің. Ол аздай жылы орнымыздан түріп, қиырға көшірдің. Жазғымыз не? Әкемнің жазығы не? – Ә, сен кек қуып келген екесің ғой. Ашық майданға шықпай, жасырынып келген еркектігіңді ұрайын. Олай болса тыңда. Жапарбек саған әке болғанмен маған туған аға. Бірақ ол қағанатқа сатқындық жасады. Тыныш отырған елді қорқауларға еріп ала тайдай бүлдірді. Аздырды. Бұл опасыздық емей не енді? Сол үшін ол жазасын алды. – Зарлама қаншық! Батырдың қатынымын деп, қағынба! Әкем жоқтаусыз, ізсіз кететін адам емес. Жоқтаушысы да құнын сұраушы да – менмін! Қанға – қан! Әкемді айдалада өлтіріп, ит- құсқа қалай жем қылдың, Дәл соны басыңа келтіремін! – Сары Бұқа сөзін аяқтамай жатып, найзасын көтеріп тап берген. Артына ерген жасағы да қылыштарын жалаңдатып алға ұмтылды. «Әттеген-ай! – деген іштей Ақшарқат. – Садағымды іле шықсамшы. Шетінен жеткізбей жайрататын». Белдеріне тек қысқа сапы, кейбірі қылыш байлаған қыз-келіншектер қиқулап ат қойғандарға жасқанбай қарсы тұрды. Бұл қақтығыс, не өмір, не өлім екенін екі жақта түсінген сияқты. Сатыр-сұтыр айқас басталып кетті. Базаршыларды күзете шыққан жасауылдар да ұрысқа аянбай кірісті. Әу дегеннен-ақ айдалада жүріп жатқан шайқастың тағдыры шешіле бастаған. Қанша дегенмен жасанып келгендер, қауқарсыз қыз-келіншектерді бірінен кейін бірі жусатып жатыр. Ақшарқат ұлы Ертұңғамен тізе қоса, қарсы келгенін қылышпен жасқап, маңайына жолатпауға тырысуда, бірақ көптің аты көп. Сүт пісірім уақытқа жетпей қатары сиреп, ұрыстың ақыры көрініп қалды. Кенет қылыш тиіп, ерден ауып бара жатқан ұлын көрген Ақшарқат аттан секіріп түсіп, Ертұңғаны сүйеп қалды. Қан-қан болған ұлын жерге жатқызып, найзасын жалаңдатып келіп қалған Сары Бұқаға атылған, бірақ жетпеді. Көк сүңгі өңменіне қадалды. Сары Бұқа тағы бір ырғағанда найзаның ұшы арқасынан бір-ақ шықты. Соңғы күшін жинап, қылышымен найзаның сабын қаққа бөлді. Сосын, қылышын жерге қадап, сүйеніп отырып қалған. «Әттеген-ай, ағам Жапарбектің ұлы болған соң, шетке теппей, жақын тартып келіп едім. Әкесі опасыз болғанымен, ұлының жөні бөлек қой. Әкесінің қателігінен сабақ алған болар деп едім. Қателесіппін. Сары Бұқаның сырты жылтыр болғанымен іші бұзық, пиғылы арам екенін аңғармай қалыппын. Улы зәрін ішіне сақтап келген нағыз сұмпайы екен. Енді бәрі кеш». Ақшарқат бір қолымен қылышқа сүйеніп, екінші қолымен қызыл ала қанға бөгіп жатқан ұлының басын сипап, маңдайынан сүйді. «Әкеммен бірге кеңеске барамын дегенде, «маған сүйеніш бол» деп өзіммен ертіп кетіп едім. Өлімге айдап келіппін. Кешір ұлым. Әкең аман болса, кегімізді қайтарар әлі ақ». Бір сәт көзін ашқан ұлы, ерні әрең икімге келіп, «Дүбір» деді — «әкемнің ақ бозының дүбірі. Сәл кешікті-ау… Анашым менің көк сүңгімді Ердоғанға бер. Ұлы жорықтарда ұстасын. Мен ол күндерге жете алмадым, әттең…». Бірте-бірте жанары сөніп бара жатқан ұлының басын құшқан Ақшарқаттың есіне осыдан біраз бұрын Ертұңғаның атақты Құлашор ұстаға сала құлаш сапты, үші көк құрыштан құйылған найза жасатқаны түсті. Онысын Күлтегінге көрсетіп, «Әке елімінің тыныштығын бұзған талай жаудың көкірегіне осы сүңгімді қадармын» деп аспанға білеген. Әкесі; «Көк түріктің азаттығы үшін көк бөрідей айқасып өт. Жауыңа қатал, досыңа адал бол! Елің үшін толарсақтан қан кеш, бірақ мойыма. Көк аспан, қара жер демеушің болсын!» деп бата берген. «Құлыным-ай, атойлап жауға шабатын кезде, бір опасыздың қолынан үзіліп бара жатырсың, қайтейін» деп Ақшарқат ышқынды.
(Жалғасы бар)

































