Бүгін Астанада өтіп жатқан саммит бұрынғы саммиттерге қарағанда өзгерек. Өйткені бұл алқалы жиынның мән-мәнісі басқаша. Енді, Орталық Азия басшылары бас қосқан осы саммит жөніндегі ойымызды ортаға сала отырайық. Бүгінгі әлемде жасанды интеллект тек технологиялық жаңалық немесе экономикалық дамудың құралы болудан қалды. Ол мемлекеттердің қауіпсіздігіне, қоғамның тұрақтылығына, тіпті халықаралық қатынастардың сипатына ықпал ететін стратегиялық факторға айналып келеді. Сондықтан Астанада өтіп жатқан Ақаба процесінің «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған саммитінің мәні де, маңызы да ерекше деуге тұрарлық.
Астанада бас қосқан қатысушылар қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания королі ІІ Абдалла, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов бар. Сонымен қатар Әзербайжан мен Қырғызстанның жоғары лауазымды өкілдері қатысуда. Бұл Ақаба процесі аясындағы Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоғары деңгейдегі кездесу. Бір қарағанда, терроризм мен экстремизмге қарсы құрылған халықаралық алаңның жасанды интеллект тақырыбын талқылауы тосындау көрінуі мүмкін. Алайда мұның өзіндік қисыны бар. 2015 жылы Иордания королі ІІ Абдалла бастамашы болған Ақаба процесінің негізгі мақсаты — халықаралық қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру. Ал бүгінде сол қатерлердің сипаты өзгеріп отыр. Жасанды интеллект технологиялары экстремистік насихат тарату, жалған ақпарат өндіру, адамдарды алдау, кибершабуылдарды ұйымдастыру сияқты әрекеттерде де теріс мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Демек, мәселе жасанды интеллектіні дамытуда ғана емес, оның кімнің қолында, қандай мақсатта және қандай бақылау тетіктерімен қолданылатынында. Бір жағынан, бұл технология медицина, білім, ғылым, өндіріс пен мемлекеттік басқаруға тың мүмкіндік беріп отыр. Екінші жағынан, дипфейк, ақпараттық манипуляция, дербес деректердің қорғалуы және технологияны қылмыстық мақсатта пайдалану мәселелері күн тәртібіне шықты. Осы тұрғыдан алғанда, Астанадағы саммиттің негізгі өзегі технологиялық прогресс пен қауіпсіздіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Мемлекеттер жасанды интеллект тудыратын қатерлерді жеке-жеке еңсере алмайды. Өйткені цифрлық кеңістікте шекара жоқ. Бір елде жасалған жалған ақпарат бірнеше сағаттың ішінде тұтас өңірге таралуы мүмкін. Сондықтан халықаралық ынтымақтастық, ақпарат алмасу, ортақ қауіпсіздік қағидаттарын қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды. Қазақстан үшін бұл кездесудің тағы бір қыры бар. Орталық Азия елдері жасанды интеллект дәуіріне енді ғана жүйелі қадам жасап келеді. Өңірге жаңа технологияларды енгізумен қатар, цифрлық инфрақұрылымды қорғау, ұлттық деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандар даярлау және технологиялық тәуелділікті азайту міндеттері де тұр. Жасанды интеллект — болашақтың технологиясы ғана емес, бүгінгі күннің шындығы. Оны тоқтату мүмкін емес, әрі қажет те емес. Ең бастысы, адамзат жасаған технологияның адамзаттың өзіне қауіп төндірмеуін қамтамасыз ету. Астанадағы саммиттің маңызын да осы өлшеммен бағалау керек деп ойлаймын.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































