Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

8

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Роман

 (жалғасы)

Алтын тауды айнала, ойпаңмен орғыта, жайпаңмен жүйткіте отырып Күлтегіннің қолы тез жылжыды. Ордаға күншілік жол қалған кезде алдынан бес жүз жасақ ертіп Алып Еміл шықты.

– Армысың бегім! –деді Алып Еміл атынан түсіп, Күлтегіннің алдына келіп тәжім жасап. – Ордада отыра алмадым. Қапағанның балалары мен табғаштан алған қатыны, кеше әкелеріміз құрған қағандықтың қадірін кетірді. Басқасын қойып, Орда маңында тұрақты әскерді ұстауға деген ортақ қазына  малды да ту-талақай қылып, пышақ үстінен бөліп алды. Тақ таласы қабындап тұр. Жұрт бірін-бірі тыңдаудан қалды. Кешегі күні мүйізімен көк тіреген көк түріктің байрақты ордасы мүйізі мұқалған тоқал ешкінің күйіне түсті. Ордадан береке кеткен соң, көптеген рулар іргесін бөлек сала бастады. Ұлы қағанат ұлардай шулап қала ма деп қорқамын. Алдыңыздан шапқыншы жібергенім, ойындағысын істеп, Орданы ойрандағысы келгендердің омыртқасын үзсін дегенім.

Екі батыр қалың әскердің алдында құшақтасып көрісті.

Күлтегін Алып Емілге әскесі Рұғиланың қазасына көңіл айтты.

– Бөрілі байрақты желкілдетіп өткен Көк түріктің алып батыры Рұғиланың аруағына шаң қондырмай, ол көтерген туды еңкейтпей өтетініңе сенімдімін!

– Бек, әкем сияқты менің де сүңгім жауымның кеудесіне тірелумен өтеді. Әке аруағымен ант етемін!

Суыт жолдан келген қосын сол жерде бір күн дамылдады. Күлтегін мен Алып Еміл ұзақ кеңесті.

– Апа-тархан деген аты бар, исі көк түріктің данасы Тоныкөк Орда ойран болып жатқанда қайда қарады? Неге араша түспеді, неге бас бермегендерге басу айтпады?.. – Күлтегіннің Алып Емілге қояр сұрағы көп еді. Өйткені бұлар жорыққа аттанған кезде Қапаған Ордаға ие етіп ұлы Енелді, оны қорғайтын жасақтың басшысы етіп Алып Емілді тастап кеткен. Сондықтан Алып Еміл Ордадағы барлық тірлікке қанық-ты.

– Қаған өзіңді қарлұқтарға аттандырып, Бөгіні Ордосты ойрандап, ол маңда әлі де табғаштың қол астына қарап отырған түріктердің қалған жұртын көшіріп әкел деп сонда жұмсаған соң, Тоныкөкті қағанаттың тірлігінен шеттеткен. Соған өкпеледі ме, қазір ақылгөй қартымыз жасы біразға келгендігін әрі дімкәстігін сылтауратып, өзі шыққан руды тайлы-тайлағымен көтеріп, жыраққа көшіп кеткен. Орда ісімен араласы жоқ.

– Бұнысы дұрыс болмаған екен! –деді Күлтегін ашу шақырып. – Орда тағдыры сынға түскен кезде, кеше өздері құрған қағанатқа араша түсе алмау, «оратын дүние болса  орып алыңдар, шабатын дүние болса шауып алдыңдар» деп сырттан қарап, қаперсіз отыруы қалай? Опасыздық емес пе! Қағанға деген жекебасының өкпесі, қыл үстінде тұрған қағанаттың тағдырынан жоғары болғаны ма? Мұның бәріне ертең жауап беруге тура келеді. Ешкімге кешірім жасай алмаймын!                                                           «Қапаған маған да талай иттік жасаған. Табғаш қатынының қолымен у беріп те өлтірмек болған, бірақ мен, қағанға деген өкпемді, ел мүддесінен биік қойдым. Қағанаттың бірлігі үшін кек сақтамадым» дегенді Күлтегін Алып Емілдің алдына жайып салғысы келген. Бірақ үндемеді. Сырын ақтарып, мұңын мұңдап отыратын кез емес екенін білді.                                                                                                                   – Орда маңындағы біраз қосын мен Қапағанның арқатірер руы іздерден құралған жасақты ертіп, Енел мен оның жандайшаптары бері қозғалған болар. «Өліспей беріспейміз, тақ бізге тиесілі» дегенді айтады. Оның ішінде… – Алып Еміл бөгеліп қалды.

– Жасырма, бәрін айт! – ашулы Күлтегін шарт ете қалды.

– Оның ішінде, Ақшарқаттың ағасы Жапарбек те бар…                                             – Оның менде алалмай жүрген қандай кегі бар екен?! – Күлтегін ызадан түтігіп кетті. – Айдалада әркімнен түрткі көріп, азып жүрген елін қоңсы еттім. Жер бердім, жайылым бердім. Бұл аз болып па? Қарындасын жар етсем, ол жүректің қалауы. Кектенетіндей күштеп алмадым. Ал қағанатқа сына қаққысы келген екен, жарымның туған ағасы болса да еш аяушылық болмайды!

– Мұның бәрін азғырып отырған Қапағанның табғаштан алған жас қатынының ісі. Бар пәле содан шығып жатқанға ұқсайды, – Алып Еміл шындықты айтты.

– Ол қатын қағанатқа құт емес, жұт болып келгенін баяғыда сезгенмін. Қылышымды, алдымен, сол әзәзілдің қанына боярмын! Әрине, өз ордамды шабу, мағанда оңай емес, бірақ қағанаттың амандығы үшін  бәріне барамын! Ұлы түрік қағанатының сүттей іріп, жүндей түтіліп, тоз-тоз болып, ыдырап кеткеніне көне алмаймын! Қан төккенім үшін Тәңірім, өзі кешірер, Тәңірім өзі күш-қуат берер!                                                       Арада екі күн өткен соң, екі жасақ Өтүкендегі Күреңсу өзенінің жағасында кездесті. Ақбоз атына мініп, тоғыз буынды көк найзасын кезеп, күндей күркіреген Күлтегіннің дауысынан айнала шың-құз жаңғырыққандай болды. Көк аспан тітіркенгендей еді. Ақбоз аттың тұяғынан қара жер қақ айырылғандай еді. Шымырқанған  Күлтегіннің екпінен қара дауыл тұрып, сумақай жел ұйытқығандай болды…

Найзасын кезеп, ұрандай ұмтылған Күлтегіннің зәрлі дауысынан құты қашқан Енелдің жасағы да, өзі де атының басын бұрып тым-тырақай қашты. Күлтегін қан шығармай жеңіске жетті, бірақ қан Ордада төгілді. Ордаға ірітке салған Қапағанның табғаш қатынынан бастап, қағанның бүкіл балалары, айғайға аттан қосқан орда маңындағылар, іргесін бөлек салуға тырысқан рубасылар – бәрі қылышқа туралды. Аяушылық болмады. Қабағынан қар жауған Күлтегінге ешкім «қой» деп айта алмады. Тек ұлы қырғыннан Бөгінің қайын атасы Тоныкөк пен өзінің қайын ағасы Жапарбек қана аман қалды. Иә, қағанат үшін Тоныкөктің орны бөлек. Оны Бөгінің қайын атасы болғандығы сақтап қалған жоқ, түрік қағанатын құрудағы ерен еңбегі ескерілді. Ал Жапарбекті аман алып қалғаны, жазасын қарындасының өзі берсін деп шешті… Орданы бір жақты еткен соң, «тез қайт» деп Бөгіге шапқыншы аттандырды. Араға апта салып, Ақшарқат бастаған Күлтегіннің қалған қосындары Ордаға ат басын тіреді.

– Ағамның тағдырын өзіме қалдырғаның дұрыс болыпты. Қапағанның балаларымен бірге басы шабылғанда, артында тұрған аздар руы қалай қабылдар еді? Жапарбектің мәселесін өзім бір жақты етейін, – деді Ақшарқат Ордадағы оқиғаға қаныққан соң. Күлтегін үндемеді. Жапарбекке деген өшпенділігі өзегін өртеп тұрса да, жарының қас-қабағына қарады. Көк түріктің қамы үшін өзімен бірге от пен шоқты кешіп жүрген Ақшарқаттың көңіліне қаяу түсіргісі келмеді. Туған ағасын өлтіріп, абырой таппасын да білді. Тіпті «мен де сені талай ажалдан аман алып қалдым. Соның өтеуі болсын, ағамды босат» десе, оған да көнгендей еді, бірақ Ақшарқат ондай ыңғай танытпады. Түр бермеді.

… Сол түні ортаға Ертұңғаны алып бірге ұйықтағандай болған. Түн ортасында Күлтегін сәл сыбдырдан оянды. Оянды да ұйықтаған болып жата берді, өйткені киініп, беліне семсер іліп, керегедегі садақпен жебе толы қорамсақты иығына іліп, ақырын есіктен шығып бар жатқан Ақшарқатты көрді.

«Қайтсін, бауыр деген қиын ғой. Көзге күйік болып байлаулы жатқанынан гөрі қашырып жібергелі жүр ме екен? Мейлі. Жалғыз адам қағанатқа жау болып жарытпас. Кете берсін, әлде ол шіріген жұмыртқаны өз қолымен…» Күлтегін күрсінді де танауы пысылдап ұйықтап жатқан Ертұңғаның маңдайынан иіскеп, көзін жұмды. Ұйықтап кеткен екен, қанша уақыт өткені белгісіз. Ақшарқаттың жанына келіп қисайғанын аңдады. Бір қырындап жатып, құшағына қысты. Жары тұншыға жылап, төсін ыстық жасымен сулады. Оқиғаның немен тынғанын Ақшарқат айтпаса да сезді.

«БӘРІ ДЕ ҚАҒАНАТТЫҢ  ҚАМЫ ҮШІН…»

Күлтегін күрсінді. Ақшарқатты қыса құшақтап, жас толы жанарынан сүйе берді. Оқиға Күлтегін ойлағандай болған. Ақшарқаттың «өзім жауап беремін» деген бір ауыз сөзіне қарсы келмеген күзетшілер, жеке киіз үйде байлаулы жатқан Жапарбектің қолын шешіп, шығарып берген.                                                                                                      «Балаларым мен жарымды бірге ала кетейін» деген Жапарбекке Ақшарқат «Олар артымыздан қуып жетер», – деп қысқа қайырды. Атқа мінген екеу сәлден соң, бір қылтаға еніп жоқ болған. Қанша жүргендері белгісіз. Екеуінде де тіл жоқ. Біраздан кейін:

– Мен қайтайын, – деген Ақшарқат.

– Мен ше?

– Сен осында қаласың?

– Қалғаны қалай, неге ертіп келдің мұнда? – деді Жапарбек қарындасына бұрылып қарап.                                                                                                             – Бауырына тартқан қағанатқа, сен табғаш қатынының тіліне еріп опасыздық жасадың! «Қой» деудің орнына, аузы қан шибөрілердің тобына ердің. Қағанатқа қаһарлы Күлтенгінді емес, қайдағы бір қорқауды отырғыздыңдар! Күлтегінге қарсы келетіндей оның қай жамандығын көрдің? Айт кәні! Үндемейсің. Ол қатын қағанатты ғана емес, бірін-біріне қағыстырып мұқым көшпелі тайпалардың бәрін табғаштың табанына салып бергісі бар… Меңдуана жеген есектей болып, соны түсінбедіңдер. Қарындасың, көк түріктің көк сұңқары болған Күлтегіннің жары екенін біліп тұрып, миғұла болдың! Сенікі – сатқындық. Бүгін болмаса ертең, сен Күлтегіннің қолынан өлесің! Ал мен оны көргім келмейді, өйткені күйеуімнің ағамды өлтіргені жүрегімде мәңгі жара болып қалмақ. Оны емдеу мүмкін емес. Сондықтан…

– Не сондықтан?..                                                                                                   Ақшарқат жауап бермеді. Бұрылып жүре берді. «Қош» демеді де. Жапарбек атының басын тартып, артына қараған. Әудем жерге ұзаған Ақшарқат, кенет садағын жұлып алып, адырнаға жебе салды. – Сен не істегелі тұрсың? – деуге ғана шамасы келген.

Ысқырып келіп жүрек тұсына қадалған сауытбұзар жебе Жапарбекті аттан ұшырып түсірді. Аттың жалын құша жылаған қыз, кері қайырылмады. Ордаға қарай ұзай берді. Ертесінде Жапарбектің бір түнде жоқ болғанын орда маңындағылар білді, бірақ Күлтегіннен ығып, тіс жарған ешкім болмады…

Араға ай салып Ордағы Бөгі оралды. Күлтегін айналаға ат шаптырып, бүкіл тайпа-ру басыларына сауын айтты.  Ұлы Құрылтай өткізетінін  айтып, ордаға шақырды. Тоныкөкке де шабарман жіберген. Күлтегіннің  мұнысы,  кәрі тарлан Тоныкөктің орда алдында жіберген қателігін кешіргені еді.                                                                                                                       «Жасың кіші болғанымен, қағанат үшін жасаған тірлігің үлкен. Қағандық сенің орның» деген игі жақсылардың сөзін Күлтегін қош көрмеді. Ескі заңды бұзбады.

– Пейілдеріңе алғысым шексіз, бірақ мен орданы шауып, өз туғандарыма қол көтергенде, қаған болайын деген мақсат болған жоқ. Тек қағанаттың амандығы, бүтіндігі үшін мұндай қадамға бардым. Әлбетте,  жақындарымды қанға  бояу,  қаншалықты ауыр тиседе,  мен  үшін  қағанаттың  қамы   олардан  биік  тұрды. Ал  қағандыққа келетін болсам, түрік жұртының бұрыннан келе жатқан заңы бойынша, ағам Бөгінің кезегі. Бөгі бүгінен бастап, әділдікті, бірлікті жақтайтын қаған деген атпен қағанаттың тізгінін ұстайды. Бөгі енді  – Білге қаған. Мен осы қағанаттың қолындағы көк семсері болып қала беремін!

Игі жақсылардың айтқанына өз уәжін білдірген Күлтегін, халық алдында басын иді. Қолын жүрегіне қойып, алғысын білдірді.

«Мен – Құтылықұлы Бөгі. Бүгіннен бастап, сахарадағы барлық жұрттың басын біріктіретін, әділетті Білге қаған ретінде, ата-бабалар салған жолды бұзбауға ант беремін! Бір тамшы қаным қалғанша, Көк түріктердің Ұлы қағанатына ақ-адал қызмет етемін!  Иә, мен мейманасы тасыған қағанатқа қаған болмадым. Аз халыққа, аш халыққа қаған болдым. Төрт құбыласы түгел жау елге қаған болдым. Сондықтан менің басты ұстанымым – ашты тоқ ету, тонсызды тонды ету, азды көп ету, көк түрікті көктей жұлып тастағысы келгендердің көк желкесін үзіп, алдыма тізе бүктіру, жүгіндіру  болмақ. Бөрілі байрағымыз мәңгі желбіреп тұратын, мәңгілік елдің темір қазығын Алтын тау мен Өтүкенге қақпақпын! Төбемізде көк аспан, астымызда қара жер аман тұрғанда, көк түріктің ұрпағы мәңгілік жасай берері хақ! Айналайын жұртым, менің соңыма еріп, ұлы істерді бірге атқарамыз десеңдер, ант беріңдер!» – Ақ киіздің үстінде малдас құрып отырған Бөгі

— Білге қаған халыққа қарады.

– Ант береміз! Мәңгілік біргеміз! Ердік соңыңнан!.. – халық теңіздей толқыды.

– Аз халыққа, аш халыққа, жауы көп халыққа қаған болдым деп қамықпа! Білікті қаған болсаң, бейбіт қаған болсаң, аш-жалаңаш тоқ болар, аз жұртың өсіп-өнер, жауың досыңа айналар! Барлығы сенің парасатты ұстанымыңа, ақеділ пейіліңе байланысты. Ашкөздіктен ада, адалдыққа жақ бол! Жатыңды да жақыныңдай жаныңа тарта біл! Сол кезде жақының да, жатың да тілеулесіңе айналады. Мен – Тоныкөк, әкең Құтылықтың серігі едім. Әскерін бастадым. Ақылгөйі болдым. Қапаған қағанға да жолбасшылық қызмет еттім. Енді сенің де ақылгөйің, төбе биің болуға бейілмін. Жасым біразға келді, ақыл тереңдегенмен қауқар кеміді. Сондықтан қағанаттағы бас қолбасшылық қызметті Күлтегінге тапсырғым келеді. Білге қаған, сенің байыпты саясатың, менің даналығым, Күлтегіннің батырлығы ұштасатын болса, көк түріктің күні ешуақытта батпасы хақ! – Тоныкөктің тереңнен тарта сөйлеген сөзіне халықтың қошеметі бөлек болды.

– Үшеуің бірге болсаңдар, көк түріктің күні мәңгі сөнбейді!..– деп ұрандады жұрт.

…Тоз-тоз болып ыдыраудың табалдырығында тұрған Түрік қағанаты қайтадан шаңырағын тіктеді.Түтіні түзу шықты… «Табанға салып, таптаймыз» дегендердің үміті үзілді. Қағанат  түледі. Айбарлана түсті, айбаттана түсті… Әрине, Күлтегіннің арқасында…

 

(Жалғасы  бар)

 

 

Алдыңғы жазбаАлты айда жауынгер даярлаймыз ба, әлде жаңа соғысқа бейімделеміз бе?