Елдің байлығы елге қызмет етуі керек. Ал халықтың қазынасына қол салғандар ертең сол халықтың алдында жауап беруі тиіс. Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған басты мәселе осы. Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат елді елең еткізді. Оның үстіне, Астанадағы тұрғын үй ауласында шашылған бума-бума доллар мен чемодандар туралы бейнежазбалар жұрттың жағасын ұстатты. Алты миллион доллар пара туралы әңгіме де әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әзірге бұл оқиғаның барлық мән-жайы толық ашылған жоқ. Сондықтан нақты ақиқатты тергеу анықтауы керек. Бірақ бір нәрсе анық: халықтың сенімі шайқалды. Ертең, 13 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтеді. Жиында көлік-логистика саласы, ұлттық компаниялардағы заңдылық пен жауапкершілік мәселелері қаралады. Бұл жай ғана кезекті жиын болып қалмауы керек. Ел күтетіні нақты шешім, ашық тексеріс және әділ жаза. Меніңше, мәселе бірнеше басшыны қызметтен алу немесе қамаумен шектелмеуі тиіс. «Балық басынан шіриді» дейді қазақ. Сондықтан квазимемлекеттік сектордың бүкіл жүйесіне тәуелсіз әрі жан-жақты тексеру жүргізетін уақыт келді. Қорғаныс саласы тексерілсе, стратегиялық маңызы зор ұлттық компаниялар да назардан тыс қалмауы керек. «Самұрық-Қазына» жекелеген басшылардың жеке мүлкі емес, халықтың ортақ байлығы. Ұлттық қордың әр теңгесі елдің болашағына жұмсалуы тиіс. Миллиардтаған қаржының қайда кетіп жатқанын қоғам білуі керек. Компаниялардың табысы, басшылардың жалақысы мен сыйақысы да ашық болуы қажет. Тағы бір маңызды мәселе бар. Мемлекетке адал қызмет еткен азаматтардың жағдайы ұмыт қалмауы керек. Қарапайым теміржолшының, жұмысшының, инженердің маңдай тері бағаланбай, ал жоғарыдағы басшылардың сыйақысы шектен шықса, мұны қалай әділдік дейміз? Жемқорлықты жай ғана қызмет бабын асыра пайдалану деп қарауға болмайды. Оның зардабы мемлекетке де, халыққа да тиеді. Жемқорлық бар жерде әділдік әлсірейді, экономика тұралайды, елдің ертеңіне деген сенім жоғалады. Сондықтан мұндай қылмыстарға жаза да қатаң, тергеу де әділ болуы керек. Бірақ кінә дәлелденбей тұрып ешкімді қылмыскер деп жариялауға болмайды. Ең бастысы, бүгін ұсталғандар ертең таныс-тамырдың, жұмсақ үкімнің немесе «шын жүректен өкіндім» деген сөздің арқасында жауапкершіліктен құтылып кетпесін. Халықтың сұрайтыны көп емес: ұрланған қаржы қайтарылсын, кінәлілер заң алдында жауап берсін, ал адал еңбек еткен азаматтың еңбегі бағалансын. Қазақта «Ел іші — алтын бесік» деген сөз бар. Сол бесіктің берекесін кетіретін — жемқорлық. Қазынаны жеген адам бір мекеменің ғана емес, тұтас елдің несібесіне қол салады. Енді «Заң мен тәртіп» қағидаты сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрінетін кез келді. Заң әлсізге де, лауазымдыға да бірдей болуы керек. Өйткені мемлекеттің байлығы шенеуніктің қалтасы емес, халықтың несібесі!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































