Home Қоғам Қарағандыда ұлттық тілдің шамшырағы тұрады

Қарағандыда ұлттық тілдің шамшырағы тұрады

6

 

Қадірлі ақын Қадыр Мырза Әлидің:

 Ана тілің- арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!— деген өлең жолы ана тілінің қадірін жете түсінбейтіндердің намысын қайрау үшін  айтылғандай.  Қарағандыда бабалар тілін тірілтіп, құндылығын асырған аймаңдай азамат тұрады.  Өзі қаhарман! Нар десе, нар! Әдебиет пен тіл саласы бойынша арнайы оқу орнын тауыспаған. Мамандығы -экономист, экономика ғылымдарының кандидаты. Бірақ  тарихты түбімен ақтарады, әдебиетті әріден қозғайды. Есім сойылы-  Тұрлыбек Қазыбеков. Біздің айтпағымыз, рухы биік азаматтың  ұлттық тілімізді сақтау жолындағы   күрескерлік ерлігі  қайраң қалдырды.

Ұлттың тілін тірілтуді  -ұрпақтан бастаған

-Үлкен қызым екі жыл амалсыз орыс  балабақшасына  барып жүрді. Ол кезде қазақ тобын  майшаммен іздеп  таппайтын едік.  1988 жылы Қарағанды қаласында тұратын қазақтардың үлесі небары 9 пайыз, қалған 91  пайызын өзге этнос өкілдері құрады. Бізге  қаламыз қазақшаланса деген ой орындалмас арман еді. Дегенмен  адамның мақсаты нық болса, қай кезде де дегеніне жетеді. Перзентімді ана тілінің уызына қандырсам деген   ой мені үнемі мазалап жүрді.  Бірақ қалай?  Ұзақ толғанып іштей жоспар құрып, тәуекел деп іске кірістім. Алғашқы жылы өзіміздің  ықшамауданнан 10 бала жинадым. Екінші, үшінші жыл талап бойынша қажет балдырғандар санын толтыра алмадым. Төртінші жыл бұл істе ерте бастан шындап қолға алдым.  Ала жаз бойы Оңтүстік-шығыс мөлтек ауданындағы 27, 28, 29- ықшамауданының, Степной және Гүлдер-4 мөлтек ауданындағы әр үйді араладым. Күндіз көшеге шығып, ата-аналарға сұрау салдым. Таңертен тұрғындардың сүт алатын жерге бардым.  Тамыз айының соңында  23 бала жинадым.  Тізім нақтыланғаннан кейін ата-аналар комитетін құрдық. Ол шаруаны тындырған соң, әкімдіктен бастап  бес  құзыретті орынға тізім дайындап апардым.  Ақыры не керек, діттеген мақсатыма жеттім!-дейді ана тілінің шырақшысы.

«Аудармаға амалсыздан  келдім»

Туған тілінің намысын жыртқан азаматтың тындырған тірлігі  тек бұл емес. Енді   балаларға арналған орыс  әндерін қазақ тіліне аударуға бас қойды.

-Өйтпеске амалым қалмады. Балабақшаға барған қаракөз балдырғандар орысша ән шырқайтын. Үйде де, түзде де бақшада үйренген орыс әнін заулататын. Тым болмаса, бір қазақ әнін салмайтын. Мұны естіп мұңайып, қынжылдым. Жігерімді жиып, балалар сүйіп орындайтын орыс әндерін аударуға кірістім. Әйгілі Ресейлік ақын-композиторлар Эдуард Успенский мен Владимир Шаенскийдің  «День рождение-Туған күн», «Траве сидел кузенчик-Шөпте отыр шегіртке», «Голубой вагон-Көгілдір вагон», «В лесу родилась елочка-Орманда туып жас шырша» шығармаларын тәжімалап шықтым,-дейді  Қазыбек Белгібайұлы. Автордың сәтті шыққан  «Көгілдір вагон» әнінің қазақша ұйқасы төмендегідей:

Көгілдір вагон жүйткіп тербеледі,

Жүрдек поезд алға ұмытылып.

Қап, бүгінгі күн тез өтеді,

Тұра тұршы, жылдай созылып.

Қайырмасы:

Дастарқан секілді,

төселген  ұзақ жол

Созылған жалғасып,

Алыс құба жол.

Әркім де, әркім де,

Жақсыға сенеді.

Зулайды, зулайды,

Көгілдір вагон.

Кінәсіз ренжітпеуге тырысатын,

Әрқашан болайық жақсы дос.

Шытырман оқиғаға асығайық,

Ей, машинист жылдамдықты қос!

Айтпақшы, осы туындыны  кейіпкеріміздің қызы Меруерт Қазыбекова ағылшын тіліне аударған. Автордың айтуынша,  бұл әнді ол он жыл бұрын   «Болашақ»  бағдарламасымен Ұлыбританияда Кембридж  университетіне тағлымдамадан өтуге барғанда   тәжімалаған. Тұманды альбионда тұсауын кесіпті. Ағылшындар әннің ағылшынша нұсқасын естігенде таңдай қағып,  тамсанған көрінеді.

Тұрлыбек Қазыбеков жаңа жыл мерекесінің символына айналған «Орманда туып жасыл шырша» әнін де сәтті тәжімалаған. Шығарманы бала қиялы мен түсінігіне сай  жеңіл әрі жатық тілде  аударған. Ол былай өріледі:

— Орманда туып жас шырша,

Орманда ол өсті.

Қысы, жазы ол сымбатты,

Және жасыл түсті!

Боран түтеп ән салады,

Ұйықта, шырша, әлди.

Тоңып қалма аяздарда,

Ұйықта әлди, әлди.

Көңіл пернесінен шыққан туындының сөзі мен әуені мінсіз қабысып тұр емес пе?!

-Ол кезде балабақша меңгерушісі мен  тәрбиешілері  орыс ұлтының өкілдері еді. Әннің сөзін қолымен жазып беріп, ерінбей  үйреттім. Кейін естуімше, шабыт желісімен өрілген шығармаларым Қарағанды, Шахтинск, Теміртау қаласындағы балабақшаларға тарап кетіпті,-дейді аударма жанрына  қалам тербеген тіл жанашыры.

Кеңес кезеңінде қазыналы  шаhарда мемлекеттік тілде білім беретін  мектептердің саны  бір қолдың салалық саусағына да жетпейтін еді. Осынау туған тіліміздің өлара кезеңінде Тұрлыбек Қазыбекұлы «Жұлдыз» балабақшасында ашқан қазақ тобының түлектерін  №66 орыс орта мектептің  1 сыныбына орналастырды. Бір ғажабы, тіл жанашырының ұсынысын облыстық мәслихаттың депутаты, осы мектептің директоры болған Зоя  Светличкина қарсылықсыз  қолдаған. Зоя Геннадиқызы кейіпкеріміздің  қалауын  мәслихат  мінберінде көтеріп, оның талап тілегін қанағаттандырған.

 

Маркетинг мамандығын қазақша сөйлеткен

ҚарМУ-дың қазіргі Е. Бөкетов атындағы  Қарағанды Ұлттық зерттеу   университетінің экономика факультеті тоқсаныншы жылдың басына дейін талапкерлерге  орыс тілінде білім берді. Маркетинг мамандығында оқуға келген  ауыл түлектері тілдерін сындырып  орысша оқуға мәжбүр болды. Ол кезде Тұрлыбек Қазыбек факультеттің белді оқытушысы еді. Экономикалық терминдерді энциклопедияға сүйенбестен жатқа білетін. Қазыбековтың ендігі мұраты- экономистерге дербес қазақ тобын ашу.

—  «Сабақты ине сәтімен» деген рас. 1993 жылы төл теңгеміз  айналымға енді. Ұлттық валютамызды қолға алған кезде  экономика тілін қазақша сөйлететін кез келді  деп  қуандым. Бұл бастаманы бұрын соңды айтып жүрген едім.   Осы ұсынысым  университет ректорына жетсе керек, бір күні  бірінші басшымыз  марқұм Жамбыл Ақылбаев экономика факультетінің  кафедра меңгерушісі Байдуллаевты, оқытушы Әменованы және мені  қабылдауына шақырды. Ректор бірден  бізге қазақ тілінде қандай әдістемелік нұсқау мен   оқулықтарыңыз бар  деп тікесінен сұрады. Үшеуміз  университет жетекшісінің алдына  экономика іліміне байланысты аударған  қазақ тіліндегі  кітабымызды жайып салдық.  Ректор мәселені бұлтақтатпай  «Тәуекел, қазақ тобын  ашыңдар!»- деп бұйрық берді. Сол жылы маркетинг тобына  қазақ тілінде оқитын  студенттерді іріктеп, сабақты  бастап кеттік.   Бірер жылдан кейін  экономистер дайындайтын қазақ факультеті ашылды,-дейді табанды тіл шырақшысы.

Сексенінші жылдың аяғы мен тәуелсіздік алғанға  дейінгі  Қарағандыда қазақ тілі дүбәра күй кешкені аян. Қазір мемлекеттік тілдің өркендеуіне еш кедергі жоқ. Тек қалауың болсың,  туған тілдің мерейін жандыру өз қолыңда! Алайда, ана тілімізді алға сүйреуге, сөйлеуге қандастарымыздың зауықы жоқ. Кенді қалада бір-бірімен қазақша қауқаласатындарды қай кезде де,  некен- саяқ естейсің. Әттең, рухы мықты, намысы жоғары Тұрлыбек ағамыз шау тартты. Жасампаз жанның жолын жалғайтын арда азамат шықса, қанекей?  Тіл жанашырының үнсіз жүріп тындырған шаруасы жайлы зиялы қауым өкілдері мен айналасындағы әріптесері хабардар. Тау тұлғаның ел болашақтарының  ертеңі үшін  туған тіліміздің тағдырын сақтап қалу жолындағы табанды еңбегі  ескерусіз  қалып отыр. Жақында  ұлттық руханиямызды жандандыруға ат салысқан бір топ  жерлестерімізге    «Қарағанды қаласының құрметті азаматы» деген  атақ берілді. Марапат иелерінің арасынан ұлттық кодымызды сақтауға бар күш жігерін сарп еткен Тұрлыбек Қазыбекұлын таппадық. Арқадағы  ана тіліміздің шырақшысы папулистік әдеттен ада.

-Ұлтымның алдында ұлы борышымызды адал орындап, жас буынға тағылымды  із қалдырсам, бақыттың төресі сол емес пе?- дейді қалыбы қарапайым  ана тіліміздің шырақшысы.

Дей тұрғанмен, ұлтының құндылығын қызғыштай қорғап, төл тілін  төрге сүйреген  бірегейлер қандай құрметке де лайық емес пе?

Айтбала Сүлейменқызы

Қарағанды қаласы

Алдыңғы жазбаКҮЛТЕГІН