Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

Каспийдегі қайғылы оқиға Қазақстан армиясына қатысты көптен бері айтылып жүрген мәселені күн тәртібіне қайта шығарды. Оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші теңізге түсіп, 14-і қаза тапты. Осыдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылығын жаңартып, әскерді түбегейлі реформалау жөнінде тапсырма берді. Президенттің «Қазақстан армиясы өткен ғасырда қалып қойған» деген сыны мәселенің ауқымын көрсетеді.
Енді басты сұрақ — реформа неден басталуы керек?
Ең алдымен, қару сатып алудан емес, армияның шынайы жағдайын толық аудиттен өткізуден бастау қажет. Қай бөлімнің қандай техникасы бар, оның қаншасы жарамды, байланыс пен барлау қаншалықты тиімді, дрондар мен оларға қарсы жүйелер қандай деңгейде, сарбаздардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі — бәрі қағаздағы есеппен емес, нақты тексерілуі тиіс.
Президенттің министрлікке қысқа мерзімде кезең-кезеңімен орындалатын жоспар әзірлеуді тапсыруы сондықтан маңызды. Бірақ он күнде армияны реформалау мүмкін емес. Он күнде реформаның нақты жоспарын жасауға болады. Оның ішінде кім, қашан, қанша қаржыға, қандай нәтижеге жауап беретіні анық жазылуы керек.
Екінші мәселе — әскери доктрина. Қазақстанның қолданыстағы Әскери доктринасы 2017 жылы қабылданып, 2022 жылы жаңартылды. Бірақ содан бері соғыстың сипаты айтарлықтай өзгерді. Украинадағы соғыс дрондардың, радиоэлектрондық күрестің, дәл барлау мен жылдам басқарудың маңызын күрт арттырды. НАТО да осы технологияларға инвестицияны күшейтіп отыр.
Сондықтан Қазақстанға жаңа доктрина қажет. Бірақ жаңа құжат бұрынғы мәтінді қайта жазу үшін емес, Қазақстан қандай қауіпке және қандай армиямен жауап беретінін нақты анықтау үшін керек.
Біздің армиямыз әлемдегі ең үлкен армиялардың бірі бола алмайды және оған қажеттілік те жоқ. Қазақстанға ықшам, мобильді, кәсіби әрі технологиялық армия қажет. Басқа елдің моделін толық көшіру де дұрыс емес. Финляндиядан — резерв пен аумақтық қорғанысты, Израильден — барлау мен технологияны, Түркиядан — әскери өнеркәсіпті дамыту тәжірибесін, НАТО елдерінен — басқару мен стандарттарды үйренуге болады. Бірақ соңында Қазақстанның өз моделін жасау керек.
Қару-жарақ мәселесінде де тәсіл өзгеруі тиіс. Қазақстанға танк пен бронетехника ғана емес, ең алдымен барлау, байланыс, басқару, әуе қорғанысы, радиоэлектрондық күрес, дрондар және контрдрон жүйелері қажет. Ең маңыздысы — осы құралдардың бір жүйе ретінде жұмыс істеуі.
Мысалы, барлау дроны қарсыласты анықтағанымен, ақпарат командирге уақытында жетпесе немесе оны жоюға қажетті құрал болмаса, дронның пайдасы аз. Сондықтан армияға жекелеген қарулар емес, тұтас технологиялық жүйе қажет.
Әскери бюджетті де жай көбейту жеткіліксіз. 2026 жылы Қазақстан бюджетінде қорғанысқа шамамен 1,43 трлн теңге қарастырылған. Ендігі мәселе — осы қаржының қаншалықты тиімді жұмсалып отырғанында. Армия «қанша техника сатып алды?» деп емес, «жауынгерлік қабілеті қаншаға артты?» деп бағалануы керек.
Тағы бір басымдық — Қазақстанның әскери өнеркәсібі. Дрон, байланыс жүйесі, оптика, роботтандырылған техника, жеке қорғаныс құралдары сияқты салаларда өз өндірісімізді күшейту қажет. Бұл тек әскери мәселе емес, технологиялық экономика үшін де мүмкіндік.
Ал реформаның ең қиын бөлігі — кадр мәселесі. Армияда қағазды жақсы толтыратын емес, нақты шешім қабылдайтын командир бағалануы керек. Жоғары лауазым шенге емес, кәсіби нәтижеге байланысты болуы тиіс. Сарбаздың қауіпсіздігі де есеп үшін жазылатын тармақ емес, командирдің негізгі жауапкершілігіне айналуы қажет.
Шынайы реформа — жаңа форма немесе жаңа техника сатып алу емес. Ол жаңа әскери ойлау, жаңа басқару жүйесі және жаңа технологиялық мәдениет қалыптастыру.
Қазақстанға ең көп қаруы бар армия емес, қауіп-қатерді ерте анықтайтын, тез шешім қабылдайтын, технологияны жылдам енгізетін және ең бастысы, өз сарбазының өмірін қорғай алатын армия қажет.
Каспийдегі қайғылы оқиға Қазақстанға осы таңдауды анық көрсетті.

































