Home Жаңалықтар Қазақстандағы  Банктердің жартысы құрыдымға кетуі мүмкін

Қазақстандағы  Банктердің жартысы құрыдымға кетуі мүмкін

44

Банктердің несиелік портфелінің көп бөлігі – NPL, төлеу мерзімі өтіп кеткен несие. Бұл проблеманы шешпей, банк проблемасын шешу мүмкін емес

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевпен кездесуі Қазақстанда жұмыс істеп жатқан банктердің алдағы бірер жылдағы жағдайын айқындап берді. Еліміздегі қаржы саясаты осы бағытпен жалғасса, ішкі емес, сыртқы бәсекеге төтеп бергендері ғана қалады. Ал өзгелерінің қандай бағыт ұстанары әзірге белгісіз. Әзірге айтылып позитивті болжамдар олардың микрокредит ұйымдарға айналуы әбден мүмкін екенін айтып отыр. Себебі бұл халықаралық тәжірибеде бар үрдіс екен.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков, мұндай жағдайда мемлекет микро кредит ұйымдары туралы қолданыстағы заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттігін айтады. Себебі, біздегі жұмыс істеп жатқандары, әзірге жалақыға дейінгі несие немесе тұтыну несиесі тәрізді ұсақ-түйекпен айналысып жүр екен. Қаржыгер бұлай жалғаса берсе, халықтың қаржылық ұйымдары алдындағы қарызы еселеп өсіп кетуі мүмкін екенін айтып отыр. «Ұлттық банк бұл мәселені заң жолымен реттеп, оның мүмкіндігін ауылға қарап бейімдейтін заң жобаларын қарастыратын шығар деп үміттенемін. Банктердің саны көп болып тұрған кезде де біз оларды агро сектордың табиғатына икемдей алмадық. Микро қаржы ұйымдарының несиелендіру тетіктерін жетілдірмесек, күні ертең оның жұмысына ие болмай қалуымыз әбден мүмкін», – дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков микрокредит ұйымдарының көлеңкедегі айналымы, 200 млрд теңгеден асып кетуі әбден мүмкін екенін айтады. Себебі бір ұйымның аналогиялық көрсеткіші, орташа есеппен алғанда –42 млрд теңге. «Мұндай ұйымдардың көлеңкеде жүретіні Үкіметке белгілі. Себебі айналымдағы 200 млрд теңге нарықтың барлық сегментінің назарын өзіне аударады. Бұл олардың көлеңкедегі айналым шекарасын үлкейтеді. Банктердің санын қысқартқан соң оларды көлеңкеден алып шығудың тетіктерін ойластыру керек» –дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қазақстанға нарықтағы үлесі, рейтингіне қарамай кез-келген банк керек екенін сарапшылардың бәрі айтады. Бірақ оған қалай қол жеткізуге болатыны әзірге бәріне жұмбақ. Мысалы, Ресейдің Орталық банктың шешімі бойынша, банктер капиталының мөлшеріне қарамастан екі категорияға бөлінеді. Капиталы – 1 млрд рублден асқандары Орталық банктен базалық лицензия алады, ал қалғандары универсальды жағдайда жұмыс істейді. «Базалық лицензия алған банктер Ресейдің барлық аймағында жұмыс істейді. Және клиенттеріне стандартты өнімдер ұсынып, шетелдік клиентерге стандартты өнім түрлерін ұсынады алады» , –дейді Бейсенбек Зиябеков.

Банктердің жұмыстың мұндай тәсілін заңдастырып берген заң жобасы Ресейде 2018 жылдың сәуір айында қабылданған. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Сарапшылар мұндай заң бізде де қабылдануы мүмкін екенін айтып отыр. Бейсенбек Зиябеков мемлекет банктерге қолдау беруді тоқтатса, банк секторы тығырыққа тірелетінін, банктерді қысқартуға осындай үмітпен барып отырғанын айтады. Себебі банктердің несиелік портфелінің көп бөлігі – NPL, басқаша айтқанда төлеу мерзімі өтіп кеткен несие. Бұл проблеманы шешпей, банк проблемасын шешу мүмкін емес. Үкімет мұны астарынан біліп, банкті қолдан сауықтыруды жалғастырып келді. Шегінетін жер қалмай қалған кезде тоқтатты.

Сарапшы банктердегі NPL-дің қомақты үлесіне банктегі жемқорлық пен коррупция себеп болғанын айтады. Себебі, біздің елде капитал нарығы әлсіз дамып келе жатыр. Кәсіпорындарды қаржыландыру қарыз қаражаты есебінен және қаржы және операциялық левередждің, өндіріс көлеміндегі ықтимал өзгерістерге қатысты шығындар деңгейінің өзгермейтіндігі көрсеткішінің жоғары деңгейімен жүзеге асырылып келді. Сарапшының пайымдауынша, NPL-нің артында жоғары және орта топтағы менеджерлер екен. «Банк сферасы экономикалық тетіктердің бұрандасы. Қаржыгерлер мен банкирлер ештене шығармайды. Олар тек қана қолда бар қаржыны жан-жаққа бөледі. Банктерді қысқартып, аман қалғандарының жұмысын бақылауда ұстау керек. Банктерді бақылау мен қаржыландырудың қазіргі формасы сақталса, біз бас-аяғы бірер жылда осы қалпымызға қайта ораламыз» , –дейді Бейсенбек Зиябеков.

Бейсенбек Зиябеков нарықта бәсекеге қабілетті банктердің қалуы – нарық заңы екенін айтады. Сондықтан проблемалы банктерді сауықтыру үшін қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Ол үшін Ұлттық банк пен Үкімет коммерциялық банктердің жұмысын нарық жолымен реттейтін тиісті құжаттарды қабылдаса болды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев банктердің жауапкершілігі туралы бұдан бұрын да айтқан. Банктер мұны осындан оншақты жыл бұрын басшылыққа алғанда, біз мұндай тығырыққат тірелмейтін едік» , –дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, банктерді қысқартуға қазіргі жағдай қолайлы емес. Бұл процестің бізге кері әсерін сездіретін тұсы – бәсекелесудің мүмкіндігін шектеп тастайтыны. Бұл банк өнімдерінің тұрғындар үшін қол жетімділік деңгейіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұндай факторлар банктердің жұмысына Ұлттық банк пен Үкіметтің қайта-қайта реттеп, қажет кезінде «қолдан сауықтыруына» әкеулі мүмкін.

Қаржыгер банктер санын қысқарту, банк саласына тұрақтылық әкеулі нарық заңы екенін екенін айтады. Бірақ, дәл қазір жағдайлы банк секторы үшін стрестік жағдай деп бағалауға болады. Мұның нәтижесі банктерді қайта құрылымдау жұмысы аяқталған соң Үкімет пен Ұлттық банктің қандай шешімдер қабылдауына байланысты. «Банктерді қысқарту ресейлік сценариймен жүріп келе жатыр. Келесі картина, Ресейдегідей, банктер капиталының мөлшеріне қарамастан екі категорияға бөлінеді. Капиталы 5-6

млрд теңгеден асқандары Ұлттық банктен базалық лицензия алады, ал қалғандары универсальды жағдайда жұмыс істеуі әбден мүмкін. Үкімет пен Ұлттық банктің проблемалы банктерді қолдан үстемелетіп, қаржыландырудан бас тартуы банк секторын сауықтыруда жасалған дұрыс шешім», –дейді Бейсенбек Зиябеков.

Экономист Мағбат Спанов үкіметтің банк секторын сауықтыру процесі 2018 немесе 2019 жылмен бітпейтінін айтады. Бұл процесс 2020 жылдардан ары қарай да жалғаса беруі мүмкін. Себебі, 2020 жылдардан кейін Үкімет банктерді қолдан сауықтыру мүмкіндігінен айрылып қалады. Экономистің айтуы бойынша, 2020 жылдарға дейін ішкі нарыққа Қытай немесе Ресей, тіпті Оңтүстік-шығыс Азия елдері банктері келуі мүмкін. Олар қазір біздің нарықты сырттан бақылап отыр. Соңғы нүктені қазақстандық банк секторының тартымдылығы мен макроэкономикалық жағдай қоятын болады. Осыған дейін үкімет тарапынан банк секторын құраушы банктер деген терминдер көп айтылды. Бірақ үкілеп отырған банктердің қайта-қайта сыр білдіріп, нәтижесінде мемлекеттің асыранды баласына айналып кеткенін ешкімнен жасыра алмай қалдық. Үкімет, тығырыққа тірелгенде, банктерді бұдан былай қолдай беру мүмкіндігінен айрылып қалғанда ғана қаржылық секторды қолдау бағдарламасын жабататынын мәлімдеді. Үкіметтің бұл шешімі, экономистің пайымдауынша, банк секторы мен экономика арасындағы байланыстың әлсіз болғанын, үкіметтің мұны мойындауға тура келгенін дәлелдейді.

Рауан Ілиясов

Тэгтер: Ұлттық банк, Үкімет, Банктерді қысқарту, Ресей, сценарий, Сергей Полыгалов

Алдыңғы жазбаПрокурор Бергей Рысқалиевті 17 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады – Қылмыс
Келесі жазбаБилік болашақ ұрпаққа қандай ел қалдырмақ?