Әлемде әскери одақтар аз емес. НАТО бар, кезінде Кеңес Одағы бастаған социалистік лагерьдің әскери ұйымы Варшава шарты болған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін посткеңестік кеңістікте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрылды. Жақында Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы Меккеде бірлескен қорғаныс туралы келісімге қол қойды. Атаулары әртүрлі болғанымен, барлығының көздеген мақсаты бір, ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сырттан төнген қатерге бірлесе қарсы тұру.
Алайда бір нәрсеге назар аудару керек. Әскери одақ құру мен сол одақтың қиын сәтте нақты көмек көрсетуі- екі бөлек мәселе. Қағазға қол қою оңай, ал қауіп төнген кезде ортақ шешім қабылдап, жауапкершілікті бөлісу әлдеқайда қиын. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы ешқашан әскери альянсқа айналмауы керек деген ұстанымы ойлануға тұрарлық. Президент бұл пікірін мамыр айында Түркістанда өткен бейресми саммитте айтқан болатын. Ал 30 қазанда Анкарадағы саммитте Қазақстанның бұл позициясын тағы да қайталады. Шынын айтқанда, түркі мемлекеттерінің басын қосып, ортақ әскери ұйым құру туралы идея алғаш естілгенде тартымды көрінуі мүмкін. Ортақ тарих, тіл, дін, мәдениет, географиялық жақындық бар. Түркияның әскери әлеуеті де жаман емес. Әзербайжанмен әскери әріптестігі қалыптасқан. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да түркі елдерімен байланыс жылдан-жылға нығайып келеді. Ендеше, осы елдер неге бір тудың астына жиналып, ортақ қорғаныс жүйесін құрмасқа деген сауал туындайды.
Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Әскери одақ құрған мемлекеттер тек бір-бірімен достасып қана қоймайды. Олар өзара әскери міндеттеме алады. Яғни бір елге шабуыл жасалса, қалған мемлекеттер қандай да бір деңгейде жауап беруге тиіс болады. Мұндай міндеттеме мемлекеттің сыртқы саяси таңдауына да, экономикалық мүддесіне де тікелей әсер етеді. Бұған дәлел ретінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тарихына көз жүгіртейік. ҰҚШҰ мүшесі Армения 2020 жылғы Қарабақ соғысы кезінде одақтастарынан күткен көмекті ала алмады. Дегенмен бұл жерде бір тарихи-құқықтық ерекшелік бар: Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжан аумағы деп танылды. Сондықтан ұйымның ұжымдық қорғаныс міндеттемесі сол аумаққа автоматты түрде таралмады. Ал, 2021 және 2022 жылдары Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыстар Арменияның халықаралық деңгейде танылған шекарасына да қатысты болды. Ереван осы мәселеде ҰҚШҰ-дан нақты саяси жауап күтті. Бірақ ұйым аясында келісілген пәрменді ұжымдық жауап болмады. Армения премьер-министрі Никол Пашинян мұны ашық сынады. Содан бері Ереван ұйымның жұмысына қатысуын тоқтатып, мүшелік жарнасын төлемей келеді. 2026 жылғы 5 қарашада Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға деген қызығушылығы таусылғанын мәлімдеді. Бұл дегеніміз, әскери одақтың қағаз жүзіндегі міндеттемесі мен нақты геосаяси жағдайдағы мүмкіндігінің әрдайым сәйкес келе бермейтінін көрсететін мысал. Енді НАТО-ға келейік. Әлемдегі ең қуатты әскери-саяси альянстың өзінде бесінші бапты іске қосу автоматты түрде барлық мүше елдің соғысқа кірісетінін білдірмейді. Әр мемлекет шабуылға жауап ретінде қажетті деп тапқан шараны өзі анықтайды. Бұл әскери көмек, қару-жарақ, барлау ақпараты немесе басқа да қолдау болуы мүмкін. Ақиақатын айтар болсақ, НАТО тарихында бесінші бап бір-ақ рет қолданылды. Ол 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та болған террорлық шабуылдардан кейін іске қосылды. Демек, әскери одақтың тиімділігін тек оның мүшелерінің санымен немесе әскери бюджетімен өлшеуге болмайды. Ең маңыздысы ортақ қауіп төнген кезде саяси ерік пен нақты әрекеттің болуы.
Жақында Меккеде Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы арасында жасалған қорғаныс келісімі де осы мәселені күн тәртібіне шығарды. Үш мемлекет біріне қарулы шабуыл жасалса, оны барлығына жасалған шабуыл ретінде қарастыруға келісті. Келісім барлау, әскери өндіріс, технология және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты да қамтиды. Бірақ келісімге қол қойылғаннан кейін де оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді. 2026 жылғы қыркүйекте Сауд Арабиясы бастаған коалиция Мекке маңында хуситтер ұшырған дронды жойғанын хабарлады. Ал 8 қарашада Сауд Арабиясы аумағына бағытталған зымырандар мен дрондардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайларда үш елдің жаңа келісімі бойынша қандай нақты көмек көрсетілгені жөнінде әзірге ашық дерек жеткіліксіз. Сондықтан «одақтастар мүлдем көмек көрсетпеді» деп кесіп айтуға да болмайды. Дегенмен бір сұрақ туындайды: егер ертең осы үш елдің біріне үлкен әскери қатер төнсе, қалған екеуі қандай деңгейде көмек береді? Әскер жібере ме, әлде қару-жарақ пен барлау мәліметін берумен шектеле ме? Бұл сұраққа нақты жауапты келісімнің өзі емес, болашақтағы саяси шешімдер береді.
Осы мысалдардың барлығы түркі мемлекеттерінің әскери одақ құру мәселесіне асықпай қарауы керектігін аңғартады. Әсіресе Қазақстанның геосаяси жағдайын ескерген жөн. Біз Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлық шекараларының біріне иеміз. Қытаймен шекарамыз ортақ. Екі мемлекет те Қазақстанның ірі сауда-экономикалық әріптестері. Сонымен бірге Түркиямен, Әзербайжанмен, Өзбекстанмен және басқа да түркі елдерімен байланысымызды дамытуға мүдделіміз. Енді осы елдердің басын қосып, жаңа әскери блок құрдық делік. Оның геосаяси салдары қандай болмақ? Ресей мен Қытай мұны қалай қабылдайды? Әсіресе Түркияның НАТО мүшесі екенін ескерсек, жаңа ұйымның қандай бағыт ұстанатыны туралы сұрақ көбейе түседі. Әрине, түркі мемлекеттері әскери одақ құрса, міндетті түрде Ресеймен немесе Қытаймен жауласады деген сөз емес. Бірақ кез келген әскери блоктың пайда болуы айналасындағы мемлекеттердің қауіпсіздік есебіне әсер ететіні анық. Мұндай жағдайда Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын жүргізуі де күрделене түсуі мүмкін. Ақиқатын айтар болсақ, Қазақстанға жаңа дұшпан іздеудің қажеті жоқ. Бізге Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де, Түркиямен де қалыпты қарым-қатынас қажет. Географиялық орналасуымыз бен экономикалық мүддеміз осыны талап етеді. Әскери блок құру арқылы көршілеріміздің күдігін туғызғаннан гөрі, олармен өзара тиімді сауда-саттықты дамытқан әлдеқайда маңызды. Меніңше, түркі мемлекеттері дәл қазір әскери одақ құрудан бұрын ортақ экономикалық кеңістік қалыптастыруға күш салуы керек. Өйткені біздің алдымызда әскери штабтар мен ортақ қолбасшылықтан әлдеқайда маңызды міндеттер тұр. Мәселен, Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы өтетін көлік дәліздерін дамытуға мүдделі. Түркия Еуропаға шығатын маңызды қақпа бола алады. Өзбекстан Орталық Азиядағы ірі өндірістік және демографиялық әлеуетке ие. Қырғызстанның да транзиттік және экономикалық мүмкіндіктері бар. Түркіменстан газға бай ел. Осы мүмкіндіктерді біріктірсек, тұтас бір экономикалық кеңістік қалыптастыруға болады. Бізге ортақ теңіз порттары, заманауи логистикалық хабтар, қоймалар, теміржол терминалдары, контейнерлік тасымал жүйелері қажет. Одан бөлек, ортақ технологиялық даму мәселесі бар. Түркі мемлекеттері жасанды интеллект, цифрландыру, машина жасау, ауыл шаруашылығы технологиялары, энергетика және фармацевтика салаларында бірлескен жобаларды қолға ала алады. Бір елде өндірілетін бөлшек екінші елдегі зауытта дайын өнімге айналуы мүмкін. Ортақ инвестициялық қорлар құрып, ғылым мен білім саласындағы байланысты күшейтуге болады. Мұның бәрі әскери одақ құрмай-ақ жүзеге асыруға болатын нақты интеграция. Әлбетте, экономикасы қуатты мемлекет қорғаныс қабілетін де күшейте алады. Өндірісі дамыған, технологиясы озық, бюджеті тұрақты елдің армиясын жаңғыртуға мүмкіндігі мол болады. Қорғаныс өнеркәсібін дамыту үшін де мықты экономика керек. Бірақ бұл міндетті түрде әскери блок құру қажет дегенді білдірмейді. Тағы бір мәселе бар. Түркі мемлекеттерінің барлығының сыртқы саяси бағыты, халықаралық міндеттемелері мен қауіпсіздік мүдделері бірдей емес. Түркия – НАТО мүшесі. Қазақстан мен Қырғызстан ҰҚШҰ құрамында. Өзбекстан бұл ұйымға кірмейді. Түрікменстан тұрақты бейтараптық саясатын ұстанады. Әзербайжанның да өзіндік әскери-саяси бағыты бар. Осындай әртүрлі мемлекеттерді бір әскери доктринаға бағындыру оңай шаруа емес. Ал экономикалық ынтымақтастықта ортақ мүдде әлдеқайда көп. Барлығы да сауда жасағысы келеді, инвестиция тартқысы келеді, экспорт көлемін арттырғысы келеді, жаңа технологияға қол жеткізгісі келеді. Мұндай мақсаттар ешбір мемлекеттің егемендігіне немесе сыртқы саяси таңдауына шектеу қоймайды.
Тоқаевтың түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянсқа айналмауы керек деген ұстанымын осы тұрғыдан түсінген жөн. Оның Анкара саммитінде Ресейге де «Түркі мемлекеттері ұйымы плюс» форматы арқылы қатысу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтуы да назар аудартады. Бұл Қазақстанның түркі интеграциясын басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған блок ретінде емес, ашық ынтымақтастық алаңы ретінде қарастыруға бейім екенін көрсетеді. Әрине, түркі мемлекеттері қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтан бас тартпауы керек. Ортақ әскери жаттығулар өткізу, әскери мамандар даярлау, қорғаныс технологияларын дамыту, терроризмге және киберқауіптерге қарсы тәжірибе алмасу мұның бәрі қажет. Бірақ мұның барлығы міндетті түрде біреуге қарсы құрылған әскери альянсқа айналуы шарт емес.
Түркі әлемінің бірлігі дегеніміз, міндетті түрде ортақ жау табу емес. Бірлік дегеніміз, бір-бірінің егемендігін құрметтеу, экономикалық мүддесін қорғау, қиындықта дипломатиялық қолдау көрсету, ортақ жобаларды жүзеге асыру. Шындығын да, әскери одақ құру арқылы өзіңе жаңа міндеттеме мен жаңа геосаяси жауапкершілік жүктейсің. Ал экономикалық одақ құру арқылы халықтың тұрмысын жақсартуға, кәсіпорындар ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге, елдің табысын арттыруға мүмкіндік аласың. Бізге әскери штабтардан бұрын жаңа зауыттар, әскери блоктардан бұрын ортақ нарық, геосаяси текетірестен бұрын экономикалық серіктестік керек. Түптің түбінде түркі халықтарына ең керегі — тыныштық, тұрақтылық және береке. Түркі әлемі біріксін. Бірақ біреуге қарсы емес, ортақ болашақ үшін біріксін!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































