Home Жаңалықтар БҚО-да шығынға ұшыраған 1 200-ге жуық мал басы үшін өтемақы толықтай төленді

БҚО-да шығынға ұшыраған 1 200-ге жуық мал басы үшін өтемақы толықтай төленді

42

Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай салдарынан өлген мал басының санын анықтау және өтеу жұмыстары аяқталуға жақын. 

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, аудандарда құрылған арнайы комиссиялар су тасқыны салдарынан 162 өтініш бойынша 2 457 малдың шығынға ұшырағанын растады.

Соның ішінде 368-і – ірі қара, 92-сі – жылқы, 1 743-і – ұсақ мал, 116-сы – шошқа, 138-і – үй құстары.

Қалияр Шадиярұлының сөзіне қарағанда, ветеринарлық қызмет жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өлген жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын толықтай жүргізді. Жануарлардың өлекселерін жою жұмыстары өртеу арқылы арнайы қазылған шұңқырларға көміліп, кәдеге жарату актісі толтырылды.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, есептеу жұмыстары Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалық етуімен өткен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және 2024 жылғы су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысы бекіткен су тасқынынан шығын (өлім) болған ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу жөніндегі алгоритміне сәйкес атқарылды.

Шығын көлемі Ұлттық статистика бюросы жариялайтын ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері мен жыныстық-жас топтары бөлінісінде олардың нарықтық құны туралы деректер негізінде айқындалды.

«Айқындалған шығындар негізінде облыс бюджетінің төтенше жағдайлар резервінен су тасқынынан өлген ауыл шаруашылығы жануарлар құнын өтеу үшін 187,5 млн теңге бөлінді. Аталған қаражатқа ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде тіркелген 1 177 мал басы үшін өтемақы толықтай төленді. Ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру жүйесінде тіркелмеген мал бастарына шығынды өтеу бюджеттік емес көздерден жүргізілуде. Күні бүгінге дейін 178 бас мал, соның ішінде 27 бас ірі қара, 139 бас қой-ешкі және 12 бас жылқы төлдері өтелді. Осы аптаның соңына дейін мал шығынын өтеу жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Қ.Айтмұхамбетов.

Алдыңғы жазбаҚазақстандағы тасқыннан кейін су қоймаларында қанша су жиналды?
Келесі жазбаЕй, Шылым! Болдың сен шығын!