Home Қоғам Мұғалімнің жауапкершілігі шектеледі: енді балаға кім жауап береді?

Мұғалімнің жауапкершілігі шектеледі: енді балаға кім жауап береді?

13

Қазақстанда мұғалімдердің оқушылар үшін жауапкершілігін нақты шектеу ұсынылып жатыр. Яғни жаңа заң жобасына сәйкес, педагогтер бала үшін тек сабақ кезінде және оқу процесі барысында ғана жауапты болады. Ал сабақтан тыс уақытта – кешкісін, демалыс күндері немесе каникул кезінде – жауапкершілік толықтай ата-анаға немесе заңды қамқоршыға жүктеледі.

Бұл өзгеріс қоғамда жиі талқыланған мәселенің нәтижесі. Соңғы жылдары мектептен тыс уақытта болған түрлі оқиғалар үшін мұғалімдер мен мектеп директорлары жауапқа тартылып, тіпті жұмыстан шығарылған жағдайлар болған. Мұндай кезде педагогтердің оқиғаға еш қатысы болмаса да, жауапкершілікке ілінуі көпшіліктің наразылығын тудырды.

Депутат Асхат Аймағамбетов осы мәселені көтеріп, заңда нақты шекара болуы керегін айтты. Оның сөзінше, мұғалім тек өзінің қызметтік міндеті аясында ғана жауап беруі тиіс. Яғни бала мектепте, сабақ үстінде болса – жауапкершілік педагогте. Ал мектептен тыс уақытта балаға ата-ана жауап береді. Бұл әділетті әрі логикалық шешім ретінде ұсынылып отыр.

Осыған ұқсас пікірді депутат Ирина Смирнова да қолдады. Оның айтуынша, мұғалім өзі әсер ете алмайтын жағдайлар үшін жауап бермеуі керек. Педагогтің негізгі міндеті – балаға білім беру, пәнін үйрету және кәсіби деңгейін дамыту.

Жаңа заң жобасында тағы бір маңызды мәселе қарастырылып жатыр – мектептерде смартфон қолдану. Депутаттар бұл бағытта бірыңғай ереже енгізуді ұсынып отыр. Яғни барлық мектепке ортақ талап белгіленіп, телефонды қолдану тәртібін Оқу-ағарту министрлігі анықтайды.

Жалпы алғанда, бұл өзгерістердің басты мақсаты – мұғалімнің рөлін нақтылап, артық жүктемеден қорғау. Ал ата-ананың жауапкершілігін күшейту арқылы бала тәрбиесіне ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Dodanews.kz

Алдыңғы жазбаПрага мен Астана арасындағы жаңа есеп: экономика ма, әлде геосаясат па?