Home Басты жазба Иран ураны: Қазақстанға жол тарта ма, әлде дағдарыс жалғаса ма?

Иран ураны: Қазақстанға жол тарта ма, әлде дағдарыс жалғаса ма?

10

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Иранның 60 пайызға дейін байытылған ураны тағы да әлемдік саясаттың өзегіне айналды. Соңғы күндері Қазақстанның осы уранды сақтау орны болуы мүмкін деген ақпараттар жиілеп кетті. Бұған МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гроссидің мәлімдемесі түрткі болды.

Оның сөзінше, егер АҚШ пен Иран арасында жаңа ядролық келісім жасалса, Қазақстан ирандық уранды сақтауға қатысатын елдердің бірі болуы ықтимал. Бұл жаңалық алғаш естілгенде көпшілік оны Қазақстанның халықаралық беделінің өскенінің белгісі ретінде қабылдады. Шынында да, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде Қазақстанның орны ерекше. Семей полигонының қасіретін бастан өткерген елдің ядролық қауіпсіздік мәселесінде моральдық құқығы да, тәжірибесі де бар. Алайда мәселенің астарына үңілсек, бәрі соншалықты қарапайым емес. Бүгінгі таңда басты сұрақ – «Қазақстан дайын ба?» деген мәселе емес. Басты сұрақ – «Иран дайын ба?»                                                                      Өйткені Тегеран үшін жоғары байытылған уран жай ғана шикізат емес. Бұл – ондаған жылдарға созылған санкциялардың, ғылыми ізденістің, саяси қысымға қарсы күрестің символына айналған ресурс. Сондықтан Иран басшылығының соңғы мәлімдемелеріне қарасақ, олар уран қорын елден шығару мәселесіне өте сақ қарайды. Иран саясаткерлері бірнеше рет мұндай ұсыныстарды ұлттық мүддеге қайшы деп бағалаған. Кейбір ықпалды топтар тіпті ядролық бағдарлама бойынша қандай да бір шегіністі әлсіздік ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, соңғы жылдардағы Иран мен Израиль арасындағы текетірестің де, АҚШ пен Иран арасындағы жанжалдың да түпкі себебі осы ядролық бағдарлама болып отыр. Израиль үшін Иранның ядролық қаруға бір қадам жақындауы ұлттық қауіпсіздік мәселесі саналады. Ал Иран өз кезегінде бағдарламасының бейбіт мақсатқа бағытталғанын айтып келеді. Дегенмен халықаралық сарапшылардың алаңдауына негіз жоқ емес.                              Өйткені 60 пайызға дейін байытылған уран – кәдімгі атом электр стансаларына қажетті деңгейден әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Ядролық қаруға қажетті деңгейге дейінгі аралық та айтарлықтай қысқарады. Сондықтан Батыс елдері дәл осы қорға ерекше назар аударып отыр. Қазақстанның аты аталып жатқаны да кездейсоқ деп айтуға  болмас. Бір жағынан, елімізде төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді. Екінші жағынан, Қазақстан Батыспен де, Шығыспен де сөйлесе алатын санаулы мемлекеттердің бірі. Бірақ дәл осы артықшылық кей жағдайда кемшілікке де айналуы мүмкін. Өйткені Тегеран соңғы жылдары Астананың Вашингтонмен және Батыспен байланысын мұқият бақылап отыр. Менің ойымша, қазіргі жағдайда Иранның өз қорындағы жоғары байытылған уранды Қазақстанға беру ықтималдығы төмен. Тіпті мәселе Қазақстанда емес. Тегеран әзірге ешбір мемлекетке мұндай стратегиялық материалды сеніп тапсыруға дайын сияқты көрінбейді.                                                                       Алдағы айларда оқиға қалай өрбуі мүмкін? Егер АҚШ пен Иран келісімге келсе, уран мәселесі бойынша жаңа формула табылуы ықтимал. Ондай жағдайда Қазақстанның кандидатурасы қайта қаралуы мүмкін. Бірақ бұл үшін ең алдымен Тегеранның саяси шешімі қажет болады. Егер келіссөздер тағы да сәтсіз аяқталса, жағдай күрделене түсуі ықтимал. Израиль Иранның ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылығын ешқашан жасырған емес. АҚШ та бұл мәселеде қысымды бәсеңдетуге асығар емес. Сондықтан жаңа әскери шиеленіс қаупі толық жойылды деуге болмайды. Бірақ үлкен соғыс басталады деу де асыра сілтеу болар еді.                                                                                                                       Өйткені мұндай қақтығыс бүкіл Таяу Шығысты тағыда тұрақсыздыққа итермелейді. Мұнай бағасы шарықтайды, әлемдік экономикаға соққы тиеді. Сондықтан тараптардың бәрі ашық соғыстан гөрі саяси қысым мен келіссөздер тактикасын жалғастыруы ықтимал.                                                                                                           Қазір анық нәрсе біреу ғана: Қазақстанның ирандық уранды қабылдауы туралы мәселе нақты шешілген жоқ. Бұл – дипломатиялық деңгейде айтылған ұсыныс қана. Ал оның тағдырын Вашингтон да, Астана да емес, ең алдымен Тегеран шешеді. Қазақстан бұл оқиғада басты ойыншы емес, бірақ маңызды алаңға айналып отыр. Алайда Иран өз уранын ұлттық байлық деп есептеп отырған кезде, оның Қазақстанға жеткізілу ықтималдығы әзірге төмен. Демек, уран төңірегіндегі дау аяқталған жоқ. Ал аяқталмаған даулардың соңы көбіне жаңа келіссөзге немесе жаңа қақтығысқа ұласады…

Алдыңғы жазбаҚазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін
Келесі жазбаИранда билік ішіндегі үнсіз тартыс күшейіп бара ма?