Қазақ арманы деген не? Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап беруі мүмкін. Әлбетте, біреу үшін ол- отбасының амандығы, біреу үшін -баласының жақсы білім алып, ел қатарлы өмір сүруі, енді біреу үшін -туған жерінде өз кәсібін дөңгелетіп, еңбегінің жемісін көруі. Бірақ осы қарапайым армандардың бәрін бір арнаға тоғыстыратын бір ұлы тілек бар. Ол — өз жеріңде еркін өмір сүру, өз еліңде өзіңе лайықты болашақ құру, ұрпағыңа бүгінгіден жақсы Қазақстан қалдыру. Демек, алаш баласының ең ұлы арманы осы деуге болады.
Әрине, мұндай арман бүгін пайда болған жоқ. Оның тамыры қазақтың мыңжылдық тарихының тереңінде жатыр. Даланың төсінде өмір сүрген бабаларымыз үшін жер жай ғана мекен емес еді. Жер -тіршілік, Жер — ұрпақтың несібесі. Жер -елдің жадын, ата-бабаның аманатын, халықтың еркіндігін сақтайтын қасиетті кеңістік еді. Сондықтан қазақ «атамекен», «туған жер», «қара шаңырақ» деген ұғымдарды жай сөз ретінде қабылдаған жоқ. Оның әрқайсысының астарында тұтас бір дүниетаным жатты.
Ата-бабамыздың арманы -ұлан-ғайыр даланы жай ғана иелену емес, сол далада ел болып қалу еді. Сыртқы жау келгенде тізе қосуы да содан. Ұрпағын өсіруі де содан. Қиындыққа қарамай көшіп-қонуы, кәсіп етуі, малын бағып, жерін игеруі де содан. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халқымыз. Ал бесік түзелуі үшін алдымен елдің еңсесі түзу болуы керек. Балаға жақсы тәрбие, жасқа сапалы білім, еңбек еткен адамға мүмкіндік, қоғамға әділет, мемлекетке жауапкершілік керек. Ұлттың ұлы арманы осындай аса маңызды құндылықтардан құралады.
Мен де осы халықтың бір перзентімін. Бұл арман менің бойымда бала кезімнен қалыптасты. Ауылда жүрген кезімде де, қалаға келгенде де, мектепте оқығанда да, университет қабырғасында жүргенде де болашақ туралы ойландым. Жақсы білім алғым келді. Өз орнымды тапқым келді. Отбасыма көмектесіп, қоғамға пайдамды тигізгім келді. Кейін түсінгенім — бұл тек менің жеке арманым емес екен. Мұндай арман миллиондаған қазақтың жүрегінде бар. Өйткені, барлығыда бүгінгі өмірі, ертеңгі балаларының болашағы жақсы болуын қалайды. Бұл ақиқат!
Біреу баласына баспана алып бергісі келеді. Біреу ауылында кәсіп ашқысы келеді. Біреу ғылыммен айналысып, жаңалық ашуды армандайды. Біреу адал еңбегімен отбасын асырап, елге пайда келтіргісі келеді. Біреу туған ауылындағы мектептің жағдайын жақсартуды ойлайды. Біреу табиғатты қорғауға, өзен-көлін сақтауға атсалысқысы келеді. Біреу баласының шетелге кетуге мәжбүр болмай, өз елінде болашағын тапқанын қалайды.
Міне, осының бәрі — қазақ арманының бөлшектері. Ал осы арманның үлкен атауы -әділетті, білімді, еңбекқор, табиғаты таза, экономикасы қуатты, азаматы өз елінің ертеңіне сенетін Қазақстан. Демек, еліміздің қуатты экономикасы, бақуатты әлеуметтік саласы һәм ішкі-сыртқы саясаты мығым болғанына кез-келген қазақстандық мүдделі деуге болады. Ол үшін не істеу керек? Әрине, әрекет ету. Ұлы кемеңгер Абай «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» дейді емес пе!
Шындығы сол, елдің болашағын өзгертетін нәрсе — айтылған сөздің саны емес, жасалған істің салмағы. Сондықтан бүгін бізге арманшыл ұлт болумен қатар, әрекетшіл ұлт болу керек.
Білімді армандасақ -білімге жағдай жасауымыз керек. Жастардың елде қалуын қаласақ -олардың қабілетін іске асыратын орта қалыптастыруымыз керек. Күшті экономиканы қаласақ — адал еңбек пен кәсіпкерлікті бағалайтын жүйе құруымыз керек. Ауылдың өркендегенін қаласақ — ауылды сөзбен емес, нақты жобамен, инфрақұрылыммен, жаңа технологиямен, кәсіппен қолдауымыз керек. Табиғатты сақтағымыз келсе — жер мен суды ұрпақтан уақытша алған аманат деп қарауымыз керек.
Өйткені табиғат -бізге тиесілі мүлік қана емес. Ол -бізден кейінгі ұрпақтың несібесі.
Қазақтың «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөзі де осы жерде жаңа мағынаға ие. Бірлік дегеніміз -бәрінің бірдей ойлауы емес. Бірлік — әртүрлі ойлай отырып, елдің ортақ мүддесі үшін ортақ жауапкершілік таба білу. Бірлік -бір-бірімізді тыңдау. Бірлік -қоғамның әлсізін жалғыз қалдырмау. Бірлік — мемлекетті тек биліктің немесе белгілі бір топтың шаруасы деп қарамай, әр азаматтың ортақ ісі деп түсіну.
Абайдың он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл мен жүрек таласып, ақыры ғылым олардың басын қосатын өлшемге айналады. Абайдың ойынша, қайраттың да, ақылдың да өз орны бар, бірақ адамдықтың өзегі -жүректегі әділет, рақым, мейірім. Бұл бүгінгі Қазақстан үшін де терең мағынаға ие. Бізге қайрат керек -өзгерістен қорықпау үшін. Бізге ақыл керек -дұрыс шешім қабылдау үшін. Бізге білім керек — әлеммен бәсекелесу үшін. Бірақ осының бәрінен бұрын жүрек керек — елдің болашағын жеке бастың пайдасынан жоғары қоя білу үшін. Сайып келгенде, Мемлекеттің қуаты тек экономикасының көлемімен өлшенбейтіні анық. Елдің шынайы күші — азаматтарының сапасында. Заңға құрметпен қарайтын, еңбектен қашпайтын, білімге ұмтылатын, табиғатты қорғайтын, өзгенің құқығын сыйлайтын азамат көбейген сайын мемлекеттің де іргесі беки түседі.
Сондықтан қазақ арманы — тек мемлекеттен талап ететін арман емес. Ол — әр азаматтың өзінен де талап ететін арман. Әлбетте, «мемлекет бізге не береді?» деген сұрақпен ғана шектелмеуіміз керек. «Мен мемлекетіме не бере аламын?» деген сұрақты да өзімізге қоюымыз қажет.
Абай «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң…» деп, адамның еңбегін жеке пайдадан жоғары қоятын өлшем ұсынады. Бұл — әр заманға ортақ моральдық қағида. Өйткені адам тек өзі үшін өмір сүргенде оның әлемі тарылып қалады. Ал ел үшін, ұрпақ үшін, қоғам үшін еңбек еткенде оның өмірінің мәні кеңейеді. Мен Қазақстанды дәл осындай азаматтары көп ел ретінде елестетемін.
Баласы сапалы білім алатын ел. Қарттары алаңсыз өмір сүретін ел. Жастар өз болашағын туған жерінен көретін ел. Ауыл мен қала арасындағы мүмкіндік алшақтығы азаятын ел. Еңбек еткен адам еңбегінің жемісін көретін ел. Кәсіп бастаған адам заң мен бюрократиядан қорықпайтын ел. Ғылым мен технологиясы дамыған ел. Табиғи байлығын ысырап етпей, келер ұрпақтың алдындағы жауапкершілігін сезінетін ел.
Міне, бұл мен армандаған Қазақстан! Мен өмір сүретін және болашақ ұрпағым өмір сүретін Қазақстан дәл осындай болса екен деймін!
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ арманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» идеясымен және «Заң және тәртіп» қағидатымен үндеседі. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, «Заң және тәртіп» -мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Мен үшін бұл -заңның бәріне бірдей қолданылуы, әр азаматтың құқығы қорғалуы, адал еңбек бағалануы және биліктің халық алдындағы жауапкершілігі. Біз осы ұстанымдарды қолдап, олардың күнделікті өмірде нақты іске асуына атсалысуымыз керек. Өйткені қазақ арманының орындалуы әділетке, заңға және ел ішіндегі өзара сенімге сүйенеді. Біз құрған «БАЙТАҚ» жасылдар партиясы мен оның айналасына топтасқан азаматтық бастамалардың мәні де осында болуы керек: табиғатты қорғау мәселесін елдің экономикалық және әлеуметтік болашағынан бөлек қарамау; туған жерді қорғауды құр ұран емес, нақты саясат пен азаматтық жауапкершілікке айналдыру; адамның лайықты өмір сүруін табиғаттың, экономиканың, білімнің және әділеттің біртұтас мәселесі ретінде қарастыру.
Демек, халық құрған партияның әрекеті қазақ арманымен ұштасып жатуы тиіс. Өйткені елді ұлы ететін — ұлы сөздер ғана емес, сол сөздерге адал қарапайым адамдардың күн сайынғы еңбегі. Қазақ арманы — көкжиекте алыстан көрінген сағым емес. Ол — біздің қолымыздағы мүмкіндік. Ол -біздің бүгінгі таңдауымыз. Ол — біздің күнделікті еңбегіміз. Ал болашақ — сол еңбектің ертеңгі жемісі. Ендеше, атадан қалған аманатты сөзбен ғана емес, іспен жалғайық. Арманымызды мақсатқа, мақсатымызды жоспарға, жоспарымызды нақты әрекетке айналдырайық. Қазақ арманы -біздің жүрегімізде. Ал оның жүзеге асуы — біздің қолымызда.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































