Home Саясат Каспий шегініп барады: қайтпек керек?

Каспий шегініп барады: қайтпек керек?

28

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

«Судың да сұрауы бар» дейді қазақ. Каспийдің бүгінгі халі осы сөздің мәнін тереңдете түскендей. Бір кезде жағалауды шайып жатқан айдын қазір кейін шегініп барады.Қайтпек керек?

 Түрікменстанның Каспий жағасындағы Түрікменбашы қаласында кеше  өткен Каспий экологиялық саммитінің күн тәртібінде  осы  мәселе  тілге  тиек  етілді.  Ол — теңіздің тағдыры. Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан басшылары бас қосқан жиында экологиялық дағдарыс, су ресурстары, биоалуантүрлілік пен жағалаудағы елдердің экономикалық мүддесі кеңінен сөз болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, 2000 жылдан 2025 жылға дейін Каспийдің су басқан аумағы 16 мың шаршы шақырымнан астам қысқарған. Каспийдің тартылуын тек жаһандық жылынумен түсіндіру жеткіліксіз. Ғылыми зерттеулер теңізге құятын өзендердің ағыны азайғанын да көрсетеді. 2026 жылы жарияланған зерттеуге сәйкес, 2006- 2020 жылдары бес ірі өзеннен Каспийге келетін судың орташа жылдық көлемі 1991-2005 жылдармен салыстырғанда 41,9 текше шақырымға кеміген. Демек, теңіз тағдыры климатқа ғана емес, су ресурстарын қалай пайдаланатынымызға да байланысты.                                                                                                               Теңіздің шегінуі жағалаудағы табиғи тіршілікке ғана емес, экономикаға да салмақ салады.  Мәселен, еліміздегі Ақтау мен Құрық порттарының жұмысы, Каспий арқылы өтетін жүк тасымалы, балық шаруашылығы мен жағалаудағы елді мекендердің болашағы осы өзгерістерге тәуелді. Су азайған сайын кеме қатынасына қойылатын талап күшейіп, инфрақұрылымды бейімдеуге қосымша шығын қажет болуы мүмкін.                                                                                                                                                      Ал Каспий итбалығының жағдайы тіпті алаңдатарлық. Тоқаевтың саммитте келтірген дерегі бойынша, соңғы ғасырда оның саны шамамен бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Бұл — теңіздегі экологиялық тепе-теңдіктің әлсіреп бара жатқанын аңғартатын белгілердің бірі деуге  болады. Ластану, тіршілік ортасының өзгеруі мен заңсыз балық аулау да назардан тыс қалмауға тиіс.

Қазақстан үшін мұның бәрі Аралдың ащы сабағын еске салады. Бір кездері шалқыған теңіздің тартылуы тұтас өңірдің тіршілігін өзгертті. Дегенмен, солтүстік Аралды қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар суды ұтымды басқару мен ғылыми шешімдердің нәтиже бере алатынын көрсетті. Бірақ Каспийдің табиғи жағдайы өзгеше, сондықтан оған жеке әрі үйлесімді шаралар қажет. Өйткені  теңізді  жағалай  бір емес, бес мемлекет отыр.  Саммитте Қазақстан тарапы Каспийге қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіруді, бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін құруды және су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуді ұсынды. Бұл бастамалардың маңызы зор. Алайда халықаралық жиында айтылған ұсыныстар нақты жоспарға, қаржыландыруға және орындалуын бақылау тетігіне айналғанда ғана нәтиже береді.                                                                                                                     Әлбетте, Каспий бес мемлекеттің жағасын шайғанымен, оның табиғи жүйесі біртұтас. Бір елдегі су саясаты, өзен ағыны немесе өндірістік ластану екінші елдің жағалауына да әсер етері хақ.  Сондықтан теңізді сақтаудың жолы — өзара кінә тағу емес, ортақ дерекке сүйенген ортақ жауапкершілік.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыз. Каспийге қатысты бүгінгі міндет те осыған саяды: теңізге құятын суды сақтау, ластануды азайту, тіршілік ортасын қорғау және қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалау.                                                                                                                                        Сайып келгенде,  тоқсан ауыз  сөздің  түйіні, Каспийді сақтап қалу — бір елдің міндеті емес. Бұл — бес мемлекеттің ортақ жауапкершілігі, ал оның нәтижесі бүкіл аймақтың болашағына әсер етеді. Теңіздің ертеңі бүгін қабылданған шешімдерге байланысты. Ең бастысы, Каспийдің тағдырын сөз  етіп, жиі бас қосып  талқылағаннан  гөрі, оны сақтауға көшетін уақыт келді.

 

Алдыңғы жазбаҚАЗАҚ АРМАНЫ — МАҚСАТТАН ӘРЕКЕТКЕ!
Келесі жазбаҚазақстан армиясына қандай қару керек: Корея тәжірибесі бізге не береді?