Бір елдің ең әлсіз тұсы оның шекарасы емес, тіліне деген көзқарасы. Шекараны қарумен қорғауға болады, ал тілді қорғау – сана мен мәдениеттің ісі. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген сөзді жиі айтамыз, бірақ сол құрмет күнделікті өмірде қаншалықты көрініп жүр?
Соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланған бір оқиға қоғамды тағы ойландырды. Дүкенде қазақша сөйлеп тұрған сатушы қызға тұтынушы ретінде келген әйел адамның “орысша сөйле” деп дауыс көтеріп, талап қоюы көпшілікке жай ғана жанжал сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – жай эмоция емес. Бұл – тілге деген көзқарастың, қоғамдағы жасырын қалыптың көрінісі. “Сөйлеген сөз – ойдың айнасы” дейді халық. Ал сол айнада біз нені көріп отырмыз?
Бір қарағанда бұл жеке адамның мәдениетсіздігі сияқты көрінеді. Бірақ мәселе жеке адаммен шектелмейді. Егер белгілі бір ортада мемлекеттік тілде сөйлеуді “ыңғайсыз” немесе “қосымша” нәрсе ретінде қабылдау қалыптасса, онда ондай мінездер кездейсоқ емес, заңдылыққа айналады. “Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды” дейді қазақ. Демек, бұл жерде себеп бар.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл – тарихи шындық. Бірақ көпұлттылық мемлекеттік тілдің әлсіз болуын ақтамайды. Керісінше, мұндай елдерде біріктіретін жалғыз құрал – ортақ тіл. Заң бойынша қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ал мемлекеттік тіл “кеңседе бар, көшеде жоқ” деңгейде қалса, ол мәртебе толық жүзеге аспағанын көрсетеді.
Тағы бір маңызды нәрсе бар: тілдің беделі тек заңмен өлшенбейді. Ол күнделікті тәжірибеде қалыптасады. Егер адам мемлекеттік тілде қызмет сұраса, оған таңырқап қарау қалыпты жағдайға айналса, онда заң мен өмірдің арасы алшақ деген сөз. “Құқық қағазда емес, қолданғанда ғана құқық” деген түсінік бар.
Кейде “бәріне билік кінәлі” деген жеңіл жауап айтылады. Иә, ресми ортадағы тілдік таңдау қоғамға әсер етеді. Егер жоғары мінберден қазақ тілі табиғи басымдыққа ие болмаса, төменгі деңгейде де солай жалғасады. “Басшы қандай болса, ел сондай” деген сөз бекер айтылмаған. Бірақ бұл жалғыз себеп емес.
Негізгі түйін қоғамның өзінде жатыр. Тілге деген құрмет тек талаппен емес, үйреншікті нормаға айналғанда ғана орнығады. Біреу қазақша сөйлегені үшін қысым көрсе, ол тек сол адамның әрекеті емес, ортадағы қалыптың белгісі. Ал қалыпты өзгерту – бір күндік іс емес.
Бұл жерде мәселе ұлттар арасында емес. Мәселе – бір мемлекет ішіндегі ортақ ереженің қаншалықты орындалуында. “Бірлік болмай, тірлік болмас” дейді дана халық. Бірлік тілсіз болмайды, ал тіл құрметсіз дамымайды.
Қазақ тілі ешкімге қарсы тіл емес. Ол – осы жердің, осы мемлекеттің тілі. Сондықтан ол “өтінішпен айтылатын” тіл емес, “табиғи қолданылатын” тіл болуы керек. Егер біреу өз елінде өз тілінде еркін сөйлей алмаса, онда ол тек тіл мәселесі емес, қоғамдық теңдік мәселесі.
“Тілі жоғалған жұрттың – өзі де жоғалады” деген сөз қорқыту емес, ескерту. Ал ескерту кейде кеш болмай тұрып айтылуы керек. Сондақтан Ана тілімізді қайда жерде жүрсекте қадірлейік!
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































