Home Қоғам Пәтерді тәулікке жалға беру: көршілер не талап ете алады, ал пәтер иесінің...

Пәтерді тәулікке жалға беру: көршілер не талап ете алады, ал пәтер иесінің қандай құқығы бар?

7

Пәтерге күн сайын әртүрлі адамның келіп-кетуі, кіреберісте бейтаныс кісілердің жүруі, көрші пәтерден шыққан шу – баспанасын тәулікке жалға беретін үйлерде жиі кездесетін қолайсыздықтар. Мұндай жағдайда көршілер пәтер иесінің үстінен шағымдана ала ма? Ал қандай жағдайда заң пәтер иесінің құқығын қорғайды?

Tengri Home сауалына жауап берген Мемлекеттік кірістер комитеті пәтерді қандай жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жалға беруге болатынын, салық органдары заңбұзушылықтарды қалай анықтайтынын және көршілер қандай шара қолдана алатынын түсіндірді.

Пәтерді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, тәулікке жалға беруге бола ма?

Иә, болады. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, пәтерді тәулікке жалға беру заңға қайшы емес. Оның үстіне, баспанасын жалға беретін әрбір адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес.

Мұның бәрі пәтердің қалай жалға берілетініне, иесінің қанша табыс табатынына және қандай салық төлеу тәртібін таңдағанына байланысты.

Мәселен, азамат пәтерін жеке тұлға ретінде жалға беріп, тапқан табысын өзі декларациялап, жеке табыс салығын (ЖТС) төлей алады. Мұндай табысқа 10 пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады.

Ал 2026 жылдан бастап тағы бір мүмкіндік пайда болды. Бұл – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі. Бұл тәртіп белгілі бір талаптарды сақтаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, пәтерді тәулікке жалға беруге мүмкіндік береді:

  • адам жалдамалы жұмысшыларды ұстамауға тиіс;
  • рұқсат етілген қызмет түрімен айналысуы керек;
  • оның табысы айына 300 АЕК-тен- 2026 жылы 1 297 500 теңгеден аспауға тиіс.

Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі – 0 пайыз. Алайда олар табысының жалпы 4 пайызы көлемінде әлеуметтік төлемдер төлеуге міндетті.

«Пәтерді тәулікке жалға беру азаматтың міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек дегенді білдірмейді. Өйткені заңнамада жеке кәсіпкер болып тіркелмей-ақ салық міндеттемелерін орындау мүмкіндігі қарастырылған», – деп түсіндірді комитет өкілдері.

Демек, пәтер иесінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі оның заңсыз жұмыс істеп отырғанын білдірмейді.

Салық органдары пәтерді жалға беретін азаматтарды қалай тексереді?

Егер пәтер иесі жалға алушылардан тұрақты түрде ақша алып, бірақ тиісті салығын төлемесе, бұл тексеруге негіз болуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, салық органдары азаматтардың декларацияларындағы мәліметтерді, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді және басқа да ақпарат көздерін пайдаланады. Соның ішінде банк шоттарына түсетін қаражат та талданады.

2026 жылдан бастап банктер кәсіпкерлік қызмет белгілері байқалған ақша аударымдары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына береді. Алайда ол үшін бірнеше талап қатар орындалуы керек:

  • ақша азаматтың жеке банк шотына түсуге тиіс;
  • қатарынан үш айдың әрқайсысында кемінде 100 түрлі адамнан ақша аударылуы қажет;
  • осы үш айда түскен қаражаттың жалпы сомасы 360 АЕК-тен, яғни 2026 жылы 1 557 000 теңгеден асуы керек.

Дегенмен бұл талаптар сәйкес келген күннің өзінде азамат заң бұзды деген сөз емес.

Комитеттің мәліметінше, мұндай деректер салық заңнамасын бұзу қаупін анықтау үшін талданады. Егер күмәнді жағдайлар байқалса, салық органдары камералдық бақылау жүргізіп, азаматқа тиісті хабарлама жолдай алады.

Ал банк шотында күмәнді аударымдардың болмауы жалға беруден түсетін табыс мүлде тексерілмейді дегенді білдірмейді. Салық органдары заңмен рұқсат етілген өзге де ақпарат көздерін пайдалана алады.

Көршілер пәтер иесінің үстінен салық органдарына шағымдана ала ма?

Иә, шағымдануға құқылы. Егер тұрғындар көрші пәтердің тұрақты түрде тәулікке жалға берілетінін, бірақ иесі табысын жасырып, салық төлемейтінін күдіктенсе, мемлекеттік кірістер органдарына хабарласа алады. Ол үшін пәтер орналасқан жердегі Мемлекеттік кірістер департаментіне өтініш жолдау қажет.

Комитет мамандары өтініште пәтердің мекенжайын көрсетіп, оның тұрақты түрде жалға берілетінін аңғартатын жағдайларды сипаттауға кеңес береді.

Мысалы, пәтерді тәулікке жалға беру туралы хабарландырулардың сілтемесін, тұрғындардың жиі ауысатыны жөніндегі мәліметтерді және қолда бар өзге де материалдарды қоса беруге болады.

Алайда көршілер пәтер иесінің салық төлеуден жалтарып жүргенін өздері дәлелдеуге міндетті емес.

«Салық заңнамасының бұзылуы мүмкін екені туралы хабарлаған азамат міндетті түрде ұсынуға тиіс дәлелдердің нақты тізімі заңнамада белгіленбеген», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.

Салық органдары түскен шағымды өздеріндегі басқа мәліметтермен бірге зерделейді. Заңбұзушылықтың бар-жоғын анықтау құзыретті органдардың міндетіне жатады.

Пәтерді жалға алғандар шулап, көршілерге тыныштық бермесе не істеу керек?

Мұнда екі жағдайды ажырата білу маңызды. Егер пәтер иесі салық төлемей, табысын жасырып отыр деген күдік болса, мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну қажет. Ал уақытша тұрып жатқан адамдар түнде шулап, жанжал шығарып немесе қоғамдық тәртіпті бұзса, полицияға хабарласуға негіз бар.

Қазақстанда тыныштықты бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалуға болады.

Пәтер иесінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі немесе салығын уақытылы төлеуі жалға алушыларды көршілердің тыныштығын сақтау міндетінен босатпайды.

Керісінше, егер пәтер заңды түрде жалға беріліп, онда тұратын адамдар ешкімнің мазасын алмаса, көршілердің тек жалға алушылар жиі ауысады деп шағымдануы заң бұзылғанын дәлелдемейді.

Пәтерді тәулікке жалға беретіндерге қандай жаза қарастырылған?

Қандай жауапкершілік қолданылатыны анықталған заңбұзушылыққа байланысты.

Егер азамат заң бойынша жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті бола тұра, тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысса, оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы қолданылуы мүмкін.

Ал салыққа қатысты заңбұзушылықтар салық заңнамасына сәйкес бөлек қаралады.

Дегенмен Мемлекеттік кірістер комитеті бір жайтқа ерекше назар аударды: азаматтың басқа адамдардан банк арқылы ақша алуы немесе пәтерін тәулікке жалға беруі өздігінен әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз бола алмайды.

Қандай да бір шара қолданбас бұрын салық органдары пәтер иесінің нақты қандай қызметпен айналысатынын анықтап, заңбұзушылықтың бар екенін дәлелдеуге тиіс.

Алдыңғы жазбаМұны бәрі білуге тиіс!
Келесі жазбаТоқаев ҰҚК-нің жаңа төрағасына тапсырма берді