Home Басты жазба ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА СЕНІМ МАНДАТЫ

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА СЕНІМ МАНДАТЫ

27

Биыл, Қазақстан халқы жаңа Конституцияны қабылдады. Бұл жай  заң  емес, бұл- мемлекеттің қалай құрылатынын, елдің алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешім. Бірақ бір нәрсе айқын: жаңа Конституцияның шын мәнінде қалай жұмыс істейтіні, оның мүмкіндігін қаншалықты толық пайдалана алатынымыз көп жағдайда сіз бен бізге байланысты. Өйткені билік – басқару тетігі ретінде – халыққа тиесілі. Ал енді билік жүйе ретінде қоғам алдында нақты міндеттемелер алуы керек. Қоғамның оған деген сенімі де осыған тікелей байланысты.   

Иә, бұл жолы Қазақстанның «BAYTAQ» жасылдар партиясы Құрылтайда өкілдікке ие бола алмады. Бірақ қол қусырып отырған жоқпыз.  Жұмысымыз жалғасып жатыр. Біз келесі мәслихаттар мен Құрылтай сайлауына қазірдің өзінде дайындықты  бастап кеттік  десек  болады. Еліміздің әр  аймағындағы бөлімдерді  күшейтіп, халықпен жұмыс жүріп  жатыр. Әлбетте, мұның бәрін тек сайлау үшін жасап жатқан жоқпыз. Әрдайым  халықпен  бірге  болу,  халықтың  сөзін  сөйлеу бұл «BAYTAQ»  партиясының   — ұстанымы!   Қазақстан мен қоғам алдындағы жауапкершілігіміз. Ал ол жауапкершілік бір ғана сайлаудың нәтижесімен шектелмейтіні  белгілі.                               Алайда айтқым келген  бұл емес. Басқа мәселе.

Менің ше,  жаңа Конституцияны  бетке ұстай отырып, қазіргі Мемлекет басшысының халықтық мандатын жаңарту мәселесін талқылау керек сияқты. Сайып  келгенде, мұны президент сайлауы арқылы жүзеге асыруға болады. Бірден ескертіп қояйын,  «Азаматхан Әміртай билікке жағынғысы келіп, президенттік мерзімді нөлдеуді қолдап отыр» деген әңгіме болмасын. Ашығын  айтайын, мен ешқашан біреуге жағынған емеспін және ондайға бармаймын. Екіншіден, Конституциялық сот бұл мәселеге қатысты шешімді шілде айында-ақ шығарды. Осыдан кейін ел ішінде түрлі әңгіме жүріп, көп нәрсе сыбырлап айтылатын болды. Үшіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі 23 тамыздағы брифингте осы сауалдан жалтармай, оған келесі жылы қайта оралатынын айтты.

Ендеше, неге күтуіміз керек?                                                                                              Айтпақшы, бұл жерде мәселе Токаевтың жеке басында емес. Әңгіме — құқықтық тетіктер туралы, реформаларды жалғастыру қажеттігі туралы және елдің жаңа кезеңге аяқ басқан тұста айқындыққа мұқтаж екені туралы. Жаңа Конституцияның қабылдануы қазіргі Президенттің өкілеттігін автоматты түрде тоқтатпайды. Құқықтық сабақтастық сақталады. Сондықтан бұл мәселені тек Конституция мен заң аясында ғана талқылауға болады. Соның ішінде, егер құқықтық тұрғыдан неғұрлым орнықты жол деп танылса, өкілеттікті ұзарту жөніндегі референдум тетігін де қарастыруға болады. Иә, плебисцитте халық мемлекеттің қандай ережелермен өмір сүретінін анықтайды. Ал сайлауда сол ережелер бойынша елді кім басқаратынына сенім білдіреді. Яғни Конституцияны қолдау мен нақты бір басшыға сенім білдіру — азаматтардың екі бөлек шешімі. Дегенмен кей жағдайда екеуі өзара тоғысуы мүмкін. Бірақ дәл қазір мәселе онда емес.                                                                                    Менің ұсынысымның мәні басқа.

Бәріміз ең алдымен Қазақстанның президенттік республика екенін ескеруіміз керек. Мемлекет басшысы елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды.

Түптеп келгенде, президент сайлауы бүкіл елдің бағытын айқындайтыны  белгілі.  Бұл жағдайда — сол бағыттың сабақтастығын күшейте түседі. Мен «Әділетті Қазақстан» бағытын қолдай отырып, бұл ұстанымда жалғыз емес екенімді көріп отырмын. Әрине, мұны әдетпен немесе қызметтік жағдайына байланысты қолдайтындар да бар шығар. Қазір оны ажырату қиын. Бірақ бұл «қолдау тобына» саналы түрде, нақты себептермен қосылып отырғандар да аз емес. Тіпті билікті жылдар бойы сынап келген, тәжірибелі оппозиционерлердің кейбірі  соңғы уақытта: «қазіргі күрделі кезеңде, сыртқы қауіптер мен ішкі реформаларды ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ісін соңына дейін жеткізу үшін қызметінде қалуы қажет» деген  пікір айтып  жүр. Бұл – биліктің ұстанымы емес. Бұл – қоғамның бір бөлігінің, оның ішінде билікке сыни көзқарастағы азаматтардың бағасы. Сондықтан мұндай пікірді есту де, оған құлақ асу да керек  деп  ойлаймын.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұндай өтпелі кезеңдердің жолы әртүрлі болған. Мысалы, Францияда 1958 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін парламент сайлауы өтіп, артынша Президентті сайлаушылар алқасы сайлады. Кенияда 2010 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін жаңа ережелер бойынша алғашқы жалпыұлттық сайлау, оның ішінде президент сайлауы да 2013 жылы өтті. Уақыты да, рәсімі де әр елде әртүрлі болды. Бірақ логикасы ортақ еді: конституциялық жаңғыру биліктің сайлау арқылы қалыптасуымен қатар жүрді.                                                                                                                                           Әрине, Қазақстан өз жолын бар.

Бірақ бір нәрсені анық түсінуіміз қажет: ашық саяси диалог реформаларды әлсіретпейді, керісінше оларды күшейтеді. Оларды күмәнді етіп көрсетпейді. Сонымен қатар қазіргі бағытты қолдау – үндемеу немесе айтқанның бәріне автоматты түрде бас изеу деген сөз емес. Мен мұны «кемел қолдау» деп атар едім. Яғни елге пайдалы екеніне сенсең, өз ұсынысыңды ашық айтуға дайын болу. Бірақ сол ұсынысың үшін жауапкершілікті де өз мойныңа алу.

«BAYTAQ» партиясының бұл мәселеде өзіндік ұстанымы бар. Біз экологиялық және қоғамдық мүдделерді қорғауды жалғастыра береміз.                                                                                                              Қысқасы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біздің ұсынысымыз мынадай:

     Президент сайлауы Мемлекет басшысына жаңа Конституцияны жүзеге асыру үшін халықтың нақты расталған сенім мандатын бере алады. Ал қоғамға биліктің бағдарламасын, оның міндеттемелерін және алдағы кезеңдегі басымдықтарды ашық талқылауға мүмкіндік береді.

Бәрі заң аясында өтуі керек. Сонда біз де жаңа серпінмен, жаңа бастамалармен алға қарай бұрынғыдан да үлкен сеніммен қадам баса алатын  боламыз!

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар  партиясының төрағасы

 

Алдыңғы жазбаҚазақстан Азиада-2026 жүлдегерлеріне қанша сыйақы төлейді?
Келесі жазбаҚАЗАҚ АРМАНЫ — МАҚСАТТАН ӘРЕКЕТКЕ!