Home Жаңалықтар Конгресс Шыңжаңға байланысты Қытайға санкция салуды мақұлдады

Конгресс Шыңжаңға байланысты Қытайға санкция салуды мақұлдады

41

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 3 желтоқсанда Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауға атсалысқан Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады.

Конгресс мақұлдаған жоба «Ұйғыр актісі» деп аталады. Онда Қытай билігінің Шыңжаң провинциясында «адам құқығын өрескел бұзғаны» жазылған. Халықаралық ұйым дерегінше, мұндағы «қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне» шамамен миллион адам (ұйғыр, қазақ, қырғыз) қамалған.

Палатаның 407 мүшесі (бір адам қарсы дауыс берді) қолдап дауыс берген «Ұйғыр актісі» – қыркүйек айында АҚШ сенаты қабылдаған заң жобасының біршама қатайтылған түрі. Екі құжат біріктіріліп, сенатқа жіберіледі. Егер мақұлданған жағдайда, президент әкімшілігіне жөнелтіледі. Онда оны я мақұлдайды, я вето қояды.

Қытай жобаны өткір сынады. Ол АҚШ билігін дереу жобадан бас тартып, Шыңжаңды Қытайдың «ішкі ісіне араласу құралы ретінде пайдаланбауға» шақырды. «Қытай жағдайдың өрбігеніне қарай реакция танытады» деді Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы «саяси тәрбие лагерьлерінде» ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.

Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны «экстремизмге қарсы шара» деп түсіндірген және саяси лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар» деп атаған.

Алдыңғы жазбаПедагог мәртебесі туралы заң жобасы қабылданды
Келесі жазбаАлматыда «Бастау» кинофестивалі өтіп жатыр