Home Жаңалықтар
18

Алматыда Санжар Боқаевқа үкім шықты. Блогер 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Не болды?

Іс Алматының Алмалы аудандық сотында қаралды. Сотталушылар қатарында үш адам болды:

  • Санжар Боқаев;
  • оның туысы Мадияр Қалменов;
  • видеограф Ұлан Нүсіпқожа.

Іс 42 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру, гранит плиталарды ұрлау, ағаштарды кесу және Алматыны абаттандыруға қатысты бейнероликтерді жариялаумен байланысты.

Сотталушылар қандай жаза алды?

Сот Санжар Боқаевты мына баптар бойынша кінәлі деп таныды:

  • ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бойынша — сегіз жылға бас бостандығынан айырылды;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» — бұл бап бойынша Боқаев ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлықты ұйымдастыру» бойынша — төрт жылға бас бостандығынан айырылды;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуді, жоюды немесе зақымдауды ұйымдастыру» бойынша — төрт жылға бас бостандығынан айырылды;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары «Онлайн-платформаларды пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша — үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот оған түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Боқаев жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ оған БАҚ, телекоммуникация саласында, онлайн-платформаларда жұмыс істеуге және сұхбат беруге 10 жылға тыйым салынды.

Бұған дейін прокурор оны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Мадияр Қалменовті – Боқаевтың туысын сот мына баптар бойынша кінәлі деп таныды:

  • ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бойынша — алты жыл алты айға бас бостандығынан айырылды;
  • ҚК 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» — бұл бап бойынша Қалменов ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Ол түпкілікті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Мобилограф Ұлан Нүсіпқожаны сот мына баптар бойынша кінәлі деп таныды:

  • ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі, 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық» бойынша — екі жыл алты айға бас бостандығы шектелді;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі, 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау» бойынша — екі жылға бас бостандығы шектелді;
  • ҚК 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша — бір жыл алты айға бас бостандығы шектелді

Сот оған түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот оған медиа және құқық қорғау қызметімен айналысуға, бұқаралық іс-шараларға қатысуға және сұхбат беруге бес жылға тыйым салды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

42 миллион теңге, гранит плиталар және ағаштар

Іс эпизодтарының бірі Боқаевтың «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясындағы жұмысына қатысты болды.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2018 жылы Боқаев пен Қалменов газбен жүретін техниканың халықаралық автошеруін ұйымдастыруға жұмсалған шығынды асыра көрсетіп, 42 миллион теңгеден аса қаражатты жымқырған. Айыптау тарапы бұл ақша кейін Астанада жиһаз өндірісін ашуға жұмсалғанын атап өтті.

Басқа эпизодтар Алматыны абаттандыру мәселелеріне қатысты.

Тергеу Боқаев пен Нүсіпқожа Үлкен Алматы өзені жағалауынан гранит плиталарды шығарып алуды, сондай-ақ Баум тоғайында 16 ағашты кесуді ұйымдастырған деп есептейді. Айыптау нұсқасына сәйкес, осыдан кейін блогер бейнероликтер жариялап, болған жағдайды мердігерлер мен қала билігі тарапынан жасалған заңбұзушылық ретінде көрсеткен.

Боқаев тағылған айыптарды жоққа шығарды. Қорғау тарапы тергеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгенін айтып, соттан блогерді толықтай ақтауды сұрады. Ал мобилограф Ұлан Нүсіпқожа сотта кінәсін мойындаған. Еске сала кетейік, 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда Санжар Боқаев ұсталды. Бас прокуратура ол ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды және құрылыс нысандарынан мүлік жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Кейін айыптаулар тізімі кеңейтілім, Боқаев сот санкциясымен қамауға алынды.

Алдыңғы жазбаҰҚК ҚТЖ-ның бұрынғы топ-менеджерлері ұсталғанын растады
Келесі жазбаТүркілермен үндістер арасында ортақ тамыр бар ма?