Home Руханият КҮЛТЕГІН

КҮЛТЕГІН

31

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Роман

 (жалғасы)

Кенет қара жерді солқылдата дүбірлеткен аттардың дыбысы естілді. Іле күнше күркіреген Күлтегіннің дауысы шықты. Шағын жасақ ерткен Күлтегін, Қаған ордасынан шыға салысымен аттарын қан сорпа қылып, шапқылап келе жатқан еді. Күлтегіннің айқайы естілісімен тым-тырақай қаша жөнелгендердің ешқайсысы құтылмады. Бәрі де сол жерде қылышқа туралды. Күлтегін жаралы арыстандай еді. Қылышқа сүйеніп отырып қалған Ақшарқатты көрді. Аттан секіріп түсіп ұмтылған. Күлтегіннің әлеуетті қолын сезінді ме, «Жеттің-ау, ақыры. Енді арманым жоқ жүріп кетсем де…» Ақшарқаттың көзінен бұрқ етіп жас көрінді.

«Бізді қойшы, тағдырдың садақасымыз… Айналаң толы жау. Өзіңді сақта. Сен бар да қағанат бар. Сен болмасаң…» Ақшарқат үзіп-үзіп әрең сөйлеп жатыр.                               «Жабыққан кезің де қуанышың болсам, қиналған кезің де сүйенішің болсам, риясыз махаббатыммен өміріңді мәңгі көктем етіп өтсем деуші едім… Тәңірім оны жазбапты. Ұлымыз екеуіміз ана жақта сенің тілеуіңді тілеп жатамыз… қош…»

Соңғы рет ышқынды да, Ақшарқаттың басы Күлтегіннің кеудесіне сұлқ құлады.                   Аспан жерге құлағандай еді… жер жарылып кеткендей еді… айналаны соқыр түн басқандай еді… ызғыта соққан сойқан жел ұлығандай еді…                                                Айдалада ұлы мен жарының басын кезек құшқан Күлтегін аспан астын жаңғыртып, өкіріп жылап жатты…

«Иә, әке, мен уытын сақтап жүрген жыланды, жақыным деп жаныма тартыппын. Ол мені шақты… Тұла бойы тұңғышым, Ертұңға мен жалпақ жаһанда еш нәрсеге айырбастамайтын жарым Ақшарқаттан солай айырылдым…»

Күлтегіннің көзінен бүртік-бүртік жас шықты.

– Жапарбектің ұлы жарыңның түбіне жетті, ал Қапағанның қызы саған қастық жасады. Ең қиыны, кешегі досыңның, етжақын туысыңның ата жауға айналғаны. Бетіңе күледі. Айнала беріп, астыртын іске көшеді. Алданасың, арбаласың, ақыры аһ ұрасың… Өкін-өкінбе, балам, жазмыштың жазғаны солай болып тұр. Мәңгілік ештеңе жоқ. Уақыты келгенде бәрі де өмір деген арбадан түсіп қала береді… тіпті сен де…

– Жазмыштан озмыш жоқ деген осы екен ғой, –деді Күлтегін тағдырдың салғанына мойынсұнғандай.

– Одан бері де бір қыдыру уақыт өтті емес пе? Бауырыңды жылытатын, қайғыңды ұмыттыратын біреу кездеспеді ме?

– Әке, дәл осы сөзді Бөгі де айтқан. «Күллі даладағы жұрт аяғыңның астында жатыр. Ішінен көңілің қалаған бір емес, жүз сұлуды таңда! Ал! Мүжіле бер ме! Мәңгілік қайғы жоқ. Уақыт бәріне емші» деді талай мәрте, бірақ көңілім көк аттыны қаламады. Ешкім Ақшарқаттай бола алмасы анық. Ақшарқаттай жан қайта келмесін де білемін. Ақшарқатты сағынғанда, одан қалған ұлым Ердоған мен балауса қызым Қырмызыны келіп өбемін. Оған деген сағынышымды осылай басамын. Ақшарқат – менің тек жорықтардан, қанды ұрыстардан тұратын өміріме көктем әкелген, жақсы көру мен сағынудың не екенін ұқтырған, жүрегіме махаббаттың дәнегін еккен жан. Үйде де, түзде де сүйенішім еді. Ондай әйелдің орнын ешкім баса алмайды, әке. Сондықтан ешкімді керек етпедім. Бұл дүниеден көшкенше, жүрегімде Ақшарқатқа деген сезімім мәңгі лаулап тұрары белгілі…

Оны сөндіру мүмкін емес… Дәриға-ай, онымен бірге өткен күндер, бөлек екен ғой, көктем екен ғой… Енді сезініп жатырмын…

– Артық сөз айтып, жүрегіңе қаяу түсірсем, кешір, балам. Иә, өз өмірінен, сенің өміріңді артық көрген жарыңның орны бөлек. Ондай жан ілеу де біреу болмақ. Ол жағынан келгенде, сен бақыттысың, балам! Жарайды, ең бастысы, қағанаттың амандығы. Елің аман болса кетілген бүтінделер, солғанның орнын жаңа өскін басар. Көресіңді көрмей көрге кірмейсің демеуші ме еді! Тағдырдың талайы деген сол. Басыңды игің, көкірегіңді бастырғың келмесе де, түбі сол болады. Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқан сәттен бастап, Тәңірің кесіп-пішіп берген өмірді сүресің. Тәңірім саған күш берді, соған сай тағдыр берді, мінез берді.Үлкен абыройға  жеткізген де, тағдырдың тәлкегіне таспап, маңдайыңнан  тепкізгенде сол мінез. Сол мінездің арқасында сен жақыныңа да, жауыңа да, танылдың. Көк тәңірі жеті жасыңда қолыңа семсер ұстатты. Көк түріктің көк аспанында жасынша жарқыладасын деді. Он жасыңда атойлап жауға шаптың. Тізеліні бүктірдің, бастыны идірдің! Он бес жыл көк түрікті жеке-дара биледің. Найза ұстап жауға да бардың,  қамшы ұстап дауға да бардың. Қай жерде де мерейің үстем болды.  Иә, ағаң Бөгі Білге қаған болып отырды, Тоныкөк ақылгөй төбе би болды, бірақ бәрібір жалпақ жұрт сені қаған ретінде таныды. Сенің әміріңе жүгінді. Мұқым сахарадаға ру-тайпалар сенің қас-қабағыңа қарап, тірлік жасады. Сенсіз Білге де, Тоныкөк те қағанатқа тиісті шешім қабылдай алмайтын еді. Сен мынау көшпелі жұрт мекен еткен Ұлы сахараның арланы едің. Азулы едің. Көк тәңірінің жердегі қамшысы едің. Жер-дүниені сәуелендіріп көк түріктің төбесінде жасынша жарқ еттің. Бірақ  жасынның ғұмыры қысқа болатынын ұмытпағайсың, балам. Күннің күркірі, қарасұр бұлтты тілгілеген найзағайдың жарқылы жұрттың есінде ұзақ сақталып қалатыны бар. Сен көк түріктің жадында мәңгі қалатын жасын тағдырлы ұлсың! Ұлы рухың, Күлтегін деген атың дүние жадында алтын әріптермен әдіптелмек. Бірақ дәм-тұзың тосынан таусылып тұр, қайтейін! Кімге барып мұңымды шағайын, кімге барып зарымды айтайын, қарғам!..

– Әке, өзекті жанға бір өлім. Одан тайсақтап тұрған жоқпын. Түбі

баратын жерім. Шыр етіп, жарық дүниеге келгенде көргенім, Өтүкеннің көк аспаны, жусанды даласы, қарағайлы орманы, тау-шоқысы. Кіндік қаным осы жерде тамды. Кіндігім осы жерге байланды. Алып денем өзге емес, осы жерде қалатынына шүкіршілік етемін. Өтүкеннің бір қойнауында, балбал тасқа айналып, бағзы замандардан келер ұрпаққа сыр шертіп жатармын, әлі…

– Мұның рас, балам. Мәңгілік ештеңе жоқ. Бұл өтпелі де  кетпелі  дүние. Мәңгілік мекенімізде мен де, сен де, «жұртым» дейтін өзге де боздақтар, көк түріктің амандығын тілеп жатарымыз хақ.

О, Құдіретті көк аспан, О, Қасиетті қара жер, көк түріктің алдағы күндерін сенедерге табыстадық. Артымызда қалып бара жатқан жұртымыздың ошағы мәңгі сөнбесін! Ғұмырлы ет, тұғырлы ет!

Әкесінің айтқандары қанды қырғындарда беріш болып қатып қалған Күлтегіннің жүрегін езіп жібергендей болды.

– Әке, сіз шаңырағын көтерген, біз іргесін бекіткен түрік елі жер тұрғанша тұратынына, күн сөнгенше сөнбейтініне сенімдімін. Аман болсам, елімінің ертеңі үшін, егеулі найзаны қолымнан тастамасым хақ. Мен жерімнің  бүтіндігін, елімнің амандығын ешуақытта ештеңеге  айырбастамаймын. Тіпті қаған отырар алтын таққада. Соңғы демім таусылғанша, көк түріктің мәңгілік ел болсам деген мүддесі – арманы үшін күресіп  өтермін! Кейде қылышымды  қайрап отырып, оның жарқыраған жүзінен өз бейнемді көремін. Өзіме қарап тұрып; «Мен кіммін?» деген сұрақ қоямын.  «Иә, кіммін? Қағанның інісі ме? Әлде атымнан жауым шошып оянатын  батырмын ба? Рас, жұрт мені «батыр» дейді. Мен үшін, қолына семсер ұстап, елін, жерін қорғаған кез келген түрік ұлы батыр. Мен өзімді батырдан гөрі,«күзетші» сезінемін. Елімнің тыныштығын, жерімнің бүтіндігін  күзетушімін. Соңымнан  ерген халықтың  болашағы көбірек толғандырады. Батыр алға шабады деп ойлайды жұрт. Ал шын батыр – артына қарап соғысады. Өйткені артында ел бар, жұрт бар. Әке, егерде өмірге қайта келсем тағыда осы жолды қалар едім. Өйткені мен елсіз өмір сүргенше, ел үшін өлуге дайынмын.

Күлтегіннің көзінен жас білінді. Алып денесі бой-бой болып босады.

– Менің кіндігімнен сендей алдаспан ұлды жаратқаны үшін Тәңіріме ырзамын. Ұлым, біз бабалар кеткен мекенге кетіп бара жатырмыз…

Мынау артыңда қалып бара жатқан жұртыңмен бақұлдас. Кеше ғана жалпағынан басып жүрген жер-дүниемен қоштас…

Бұл жалғанда сен өкінетіндей ештеңе жоқ. Ес білгенен, бүгінгі естаңды боп жатқанға дейін елім деп еңіреп өттің. Елің сені ұмытпайды. Есімің көк түріктің жадында мәңгі жаңғырып тұрары анық. Жә, мен кетейін. Артымнан келерсің…                                Әкесі осыны айтып орнынан тұрғандай болды. Бұл қоштаспақ болып басын көтерген. Есіктен әкесі емес, түсіне әлсін-әлсін кіріп жүрген жал-құйрығы келіскен, көк шулан арлан қасқыр шығып бара жатты…

(жалғасы бар)

Алдыңғы жазбаТүркілермен үндістер арасында ортақ тамыр бар ма?