Home Қоғам Ұлт  тарихын  түгендеген  ғалымның қадірін  қашан  білеміз?

Ұлт  тарихын  түгендеген  ғалымның қадірін  қашан  білеміз?

9

Біз кейде ұлтымызға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаларды көзі тірісінде бағалай алмай, дүниеден өткен соң ғана іздеп, жоқтап жатамыз. Қаржаубай Сартқожаұлының тағдыры да осы ойға жетелейді. Көне түркі тарихын зерттеуге саналы ғұмырын арнаған, бабаларымыздың тасқа қашап қалдырған жазуларын сөйлетуге күш салған осындай ірі ғалымның есімі бүгінгі қазақ қоғамында әлдеқайда кеңінен дәріптелуі керек еді.

Біз Лев Гумилевтің есімін жақсы білеміз. Оның еңбектерін оқимыз, пікірлерін талқылаймыз. Ал қазақтың төл топырағынан шыққан, көне түркі мұраларын зерттеуге жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған Қаржаубай Сартқожаұлы туралы қаншалықты білеміз? Өкінішке қарай, көпшілік оның кім болғанын, қандай ғылыми мұра қалдырғанын жете біле бермейді.                                                                                                Қаржаубай ағамыздың ерекшелігі ол тарихты тек жазба деректерден іздеген жоқ. Моңғолияның, Алтайдың, Орталық Азияның талай қиырын аралап, көне түркі ескерткіштерін іздеді, зерттеді, тасқа басылған жазуларды ғылыми айналымға енгізді. Орхон мұраларын зерттеуге ондаған жылын арнады. Оның Мырзатай Жолдасбековпен бірлесіп әзірлеген «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» осы тынымсыз ізденістің ірі нәтижелерінің бірі. Бұл еңбек болашақ ұрпаққа қалдырған тарихи-ғылыми қазына.

Ол Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк секілді бабаларымыздың есімдерін тасқа қашалған жазулар арқылы жаңғыртып, көне түркі өркениетінің әлемдік тарихтағы орнын танытуға күш салды. Ғалымның Көк Түрік қағанатының этникалық негізі мен билеуші тайпаларына, қыпшақтардың тарихи орнына қатысты тұжырымдары да жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе көне түркілердің тілдік тарихын қыпшақтармен байланыстыра қарастырған пікірлері қызу талқыланып жүр. Әрине, мұндай күрделі мәселелерді ғылыми ортада жан-жақты талқылап, өзге зерттеушілердің тұжырымдарымен салыстыра зерттеу қажет. Ғылымның дамуы да осындай пікірталас пен дәлел арқылы жүзеге асады. Бірақ бір нәрсе анық: Қаржаубай Сартқожаұлы көне тарихымызға қатысты қалыптасқан түсініктерді қайта қарауға түрткі болған, ізденісімен ерекшеленген ғалым еді. Жуырда әлеуметтік желіде ғалымның көне түркілер мен қыпшақтар туралы айтқан сұхбатының үзіндісі тарады. Бірі таңданысын білдіріп, бірі пікірін қолдап, енді бірі бұл деректерді мектеп оқулықтарына енгізу қажеттігін жазып жатыр. Тағы бір оқырман ғалымның еңбегін жалғастыратын зерттеушілерге мемлекет тарапынан қолдау керек екенін айтады. Бір азамат Астанадан Қаржаубай ағамыздың атына көше беруді ұсынған. Бұл пікірлердің астарында бір ғана тілек бар: ұлт тарихына еңбек сіңірген азаматтың еңбегі елеусіз қалмаса екен.

Бір сәт салыстырып көрейікші: Лев Гумилевтің есімі тұтас бір университетке берілді. Бұл  ғылымға көрсетілген құрметтің жарқын үлгісі. Ендеше, көне түркі өркениетін зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан қазақ ғалымы Қаржаубай Сартқожаұлының есімін ең болмағанда бір мектепке беруге неге болмасқа? Тіпті Астана немесе Алматы көшелерінің біріне есімін берудің өзі артық емес. Бұл біреуді екіншісінен жоғары қою емес, өз ғалымымызды өз дәрежесінде бағалау. Өзгенің ғалымын ұлықтау қандай орынды болса, өз топырағымыздан шыққан ғалымды құрметтеу де сондай маңызды емес пе?

Өйткені мәселе бір ғалымның атын көшеге немесе мектепке берумен ғана шектелмейді. Мәселе  өз тарихын зерттеген, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға күш салған тұлғаларын бағалай алатын қоғам қалыптастыруда. Біз кейде тарихи тұлғаларды ұлықтау туралы көп айтамыз. Бірақ сол ұлықтаудың нақты іс жүзіндегі көрінісі қандай? Ғалымның еңбегін мектеп бағдарламасына енгіздік пе? Зерттеулерін кеңінен насихаттадық па? Оның ғылыми мұрасын жас зерттеушілерге қолжетімді еттік пе?

Қаржаубай Сартқожаұлының мұрасын сақтау мен насихаттау үшін нақты жұмыстар атқарылуы керек. Оның есімімен аталатын ғылыми орталықтың жұмысына қолдау көрсетіліп, экспедициялық зерттеулері жалғасып, жинақтаған қолжазбалары мен материалдары жүйеленіп, көпшілікке қолжетімді болуы қажет. Ғалымның жолын жалғастырып жүрген шәкірттері мен ұрпақтарына да қолдау керек.

2025 жылы Еуразия ұлттық университетінде ғалымды еске алу шарасы өтіп, оның кітаптарының тұсаукесері жасалғаны қуантады. Түркология орталығына есімін беру бастамасы да  құптарлық қадам. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды.

Меніңше, Қаржаубай Сартқожаұлының мұрасын тек түркологтар мен тарихшылар ғана емес, бүкіл қазақ қоғамы білуі керек. Оның еңбектерін оқулықтарға енгізу, деректі фильмдер түсіру, ғылыми мұрасын цифрландыру, жас ғалымдарға зерттеу гранттарын бөлу  нақты қолға алынуы тиіс жұмыстар. Біз бабаларымыздың тарихын түгендегіміз келеді. Көк Түріктерді мақтан тұтамыз. Күлтегіннің жазуын әлемге танытқымыз келеді. Бірақ сол жазуларды ондаған жыл бойы зерттеп, оқып, ғылыми мұраға айналдыруға өмірін арнаған ғалымдарды ұмытпауымыз керек. Ұлттың тарихын түгендеген ғалымның атын ұлықтау  өткенге тағзым ғана емес, келешекке көрсетілген құрмет.

Ендеше, Қаржаубай Сартқожаұлының есімін ең болмағанда бір мектепке беру, Астанада немесе Алматыда бір көшеге атын беру туралы ұсынысты неге тиісті орындар деңгейінде көтермеске? Бұл  артық талап емес, ұлт тарихына еңбек сіңірген азаматқа көрсетілер лайықты құрмет. Ғалымның қадірін көзі тірісінде білмесек те, енді есімін ұлықтап, еңбегін ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Мен бұл бастаманы қолдаймын! Сіз не  дейсіз?

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаҰлттық компанияларда үлкен тазарту басталды ма?