Ескі Қазақстанның былық-шылығы һәм еліміздегі жемқорлық жөнінде өз ойын биік мінберден ашық айтып жүрген депутат Ермұрат Бапи жөнінде Әлеуеттік желіде «депутатқа у беріпті, емделу үшін Бапи шұғыл түрде шет елге кетіпті» деген сияқты қауесет тарап жатыр. Бұл қаншалықта ақиқат?
Осы бір қаңқу әңгімені қағып алып, ары қарай үрлеп, ушықтырып жатқандар бар. Тіпті шетелдік барлау қызметкерлері жиі қолданатын «Новичок» деген әскери қоспанмен улауы мүмкін дегенде ұшқары болжамдар айтылып қалды. Әлбетте, қалың бұқара парламент төрінен «ескі Қазақстанды, қоғамды жайлаған жемқорлықты, шетке шығып кеткен мол қаржыны елге қайтару керек» – деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген депутатқа қастандық жасалуы әбден мүмкін деген ойда отырғаны анық. Алайда елге тарап жатқан қауесет туралы Ермұрат Бапидың өзі «ешқайда кетпегенін, бір шипажайда емделіп жатқанын және бұл әңгіме қолында пайда болған ісікті Facebookта жариялаған соң журанлистер өздерінше болжаи жасап іліп әкеткенін» айтыпты. Сондай –ақ Ермұрат Бапти еуропалық клиникалардың біріне талдаулар жіберіп, қазір олардан шақырту күтіп отырғанын да жеткізіпті. Бар жоғы осы. Алайда әлеуметтік желіде «депутатты улапты» деп шуылдатып жатқандар жетерлік. Айтқымыз келгені, еш нәрсенің байыбына бармай, анықтап алмай әңгіме көтеруге болмайды. Онсызда тілерсегіне ілніп жүрген халықтың жүрегіне салмақ салып, жүйкесін жұқарта беру кімге керек? Әлбетте, ұзақ уақыттан бері оппозициялық «Дат» газетін шығарып, бүгінгі күні депутат болып, ескі Қазақстанның былық-шылығын ашық айтып жүрген ұшқыр ойлы, арыстан жүректі Ермұрат Бапиға амандық тілейміз. «Айтарын ашып айтқан абайламай; Дариға, Махамбеттер, Абайлар-ай» дегендей айтарын бүгежектемей ашық айтып жүрген Бапи секілді мінезді депутаттар парламетке өте қажет!
Азаматхан Әміртай «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы