Польша Беларусьпен шекарадағы әскер санын арттырмақ. Бұл жөнінде Польша қорғаныс вице-министрі Цезарий Томчик мәлімдеді. Қазір шекаралас аймақтарда алты мың поляк шекарашы қызмет атқарып жатыр, 1 тамыздан бастап олардың саны 8 мыңға жетпек.
Бұдан бөлек, тағы 9 мың шекарашы резерв қатарына қосылмақ, олар қажет жағдайда 48 сағат ішінде шекараға келе алады. Осылайша Беларусьпен шекараны күзететін әскер саны 17 мыңға жетеді. Бұл қазіргі көрсеткіштен үш есе көп.
Польша «Шығыс қалқаны» жобасы аясында әскер санын арттырып отыр. Қорғаныс министрлігінің айтуынша, мұндай шара тек Польша ғана емес, тұтас Еуроодақтың шығыс шекарасын қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Варшава қазір Балтық елдері және Еуропа инвестициялық банкімен оны қаржыландыру мәселесін талқалып жатыр.
Өз кезегінде Польша 2024–2028 жылдары «Шығыс қалқан» жобасын дамытуға 10 млрд злото (шамамен 2,5 млрд доллар) қаражат бөлген. Әскер санын арттырумен қатар, Польша жоба аясында шығыс шекарасына бақылау және ескерту құрылғыларын орнатып, бункер, қоршау тұрғызбақ, дронға қарсы инфрақұрылым жасамақ.
Польша қарулы күштерінің бас штабының жетекшісі Веслав Кукула сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде поляк әскерінің міндеті – әскери басқыншылыққа тойтарыс беруге дайын болу деді.
Польша қорғаныс саласына көбірек қаржы жұмсап, әскерін де көбейтуге күш салып жатыр. 2023 жылдың желтоқсанына дейін Польшада шамамен 190 мың солдар, офицер қызмет етсе, алдағы жылдары олардың саны 300 мыңға жетпек. Биыл Польшаның қорғаныс саласына бөлген қаржысы жалпы ішкі өнімнің төрт пайызына жетпек.