Home Басты жазба Бейбіт күнде  сарбазын  сақтай алмаған   басшы – қылмыскер!

Бейбіт күнде  сарбазын  сақтай алмаған   басшы – қылмыскер!

46

Бүгін Қазақстанда аза тұту күні. Ауыр  жағдай. Каспий теңізіндегі  оқу –жаттығу  кезінде  14  сарбаздың  суға  кетуі халықтың  қабырғасын қайыстырып кеткені  рас-ты.  Өкініштісі,  соңғы  жылдары  Отан алдындағы  борышын  өтеуге кеткен   азаматтардың  кездейсоқ  жағдайларда  қазаға  ұшыруы  жиілеп кеткенін  ешкім  жоққа  шығар алмайды.

Сондай  да, Екінші  Дүниежүзілік  соғыс кезінде  қазақ  отбасында айтылатын ескі жоқтаулардың бірі ойға оралады:

«Құлыным кетті бел асып,
Беліне белбеу жарасып.
Жарасқанын қайтейін,
Қапыда қалдым адасып…»

Бұл  жоқтауды бүгін қаза  болған  14  жауынгердің  ата  — анасы  зарлап айтып жатқаны  анық. Ұлдарымыздың  рухы  пейіштің төрінде  шалқысын!

Енді  оқиғаны  нақтылайтын  болсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде теңіздегі тапсырманы орындап жүрген әскери қызметшілер қиын жағдайға тап болды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 17 әскери қызметші теңізге кеткен, үшеуі құтқарылған. Кейін із-түзсіз кеткен соңғы екі адамның денесі табылып, қаза болғандар саны 14-ке жетті.                        Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия құрылды. Министрлік қайғылы жағдайға ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі себеп болғанын мәлімдеді. Бірақ дәл осы жерде қоғамның ең қарапайым сұрағы туындайды: егер теңізде қауіп күшейген болса, оқу-жаттығуды тоқтату туралы шешім неге қабылданбады? Дегенмен,  бұл сұраққа қазір ешкімді алдын ала кінәламай жауап іздеу керек. Тергеу ауа райы туралы ақпарат әскери басшылыққа қашан жеткенін, оқу-жаттығуды жалғастыру туралы шешімді кім және қандай жағдайда қабылдағанын анықтауы тиіс

Егер қауіп туралы ақпарат болған болса, оқу-жаттығу неге тоқтатылмады? Егер тоқтатуға негіз болмаған болса, оның нақты себебі қандай? Әскери қауіпсіздік регламенті не дейді? Қай командир қандай шешім қабылдады?

Бұл сұрақтарға эмоциямен емес, құжатпен жауап берілуі керек. Өйткені біз Каспийдегі мұндай қасіретті бірінші рет көріп отырған жоқпыз.

Осыдан тура он бір жыл бұрын, 2015 жылы, «Орталық-2015» оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде төрт сарбаз қаза тапқан. Сол кезде алты БТР-80 теңізге жіберіліп, оның төртеуі суға кеткен. Кейінгі тергеу мен сотта қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты мәселелер қаралған. Алты әскери лауазымды тұлға кінәлі деп танылып, олардың кейбірі бас бостандығынан айрылған  еді. Міне,   енді  сондай  жағдай тағы  қайталанып  отыр. Кімді кінәлаймыз? Мұны   жүріп  жатқан  тергеу  шешер.

Рас, әскерде жазатайым оқиға болуы мүмкін. Өйткені, әскери қызметтің табиғатында тәуекел бар. Бірақ әскери жаттығудың мақсаты – сарбазды өлімге тігу емес. Керісінше, соғыс жағдайында адам өмірін сақтап қалатын дағдыны үйрету. Сарбаздың өмірі әскери тапсырманың орындалуынан арзан болмауы керек.

Егер тапсырманы орындау кезінде қауіп шегіне жетсе, командирдің «тоқтатамын» деуге құқығы да, батылы да болуы тиіс. Өйткені нағыз әскери тәртіп – қандай жағдайда да бұйрықты орындау ғана емес. Нағыз тәртіп – қауіпті дер кезінде танып, адам өмірін сақтайтын дұрыс шешім қабылдау.  Қазақтан  шыққан даңқты  қолбасшы, ұлтымыздың аяулы  ұлы Бауыржан  Момышұлының «Бейбіт күнде  сарбазын  сақтай алмаған   басшы – ел алдында қылмыскер»  деген   қанатты  сөзі  бар. Мұны  ешкім ескеріп  жатқан жоқ  секілді. Жалпы  бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар.  Каспийдегі жағдайды тек бір күннің оқиғасы деп қарауға болмайды. Қазақстан қоғамында соңғы жылдары әскердегі өлім-жітім мен қауіпсіздік мәселесі жиі көтеріліп келеді. 2023 жылы Сенатта 2020 жылдан бері 270 әскери қызметшінің қаза болғаны туралы мәлімет айтылған. Бұл өлімдердің себептері әртүрлі болғанымен, көрсеткіштің өзі ойлануға мәжбүр етеді. Бұл  үлкен  тақырып. Ел болып  ойланатын  мәселе.

Егер бүгінгі қайғы тағы бір тергеу ісіне, бірнеше адамның жазалануына және кейін ұмытылатын статистикаға айналса, онда біз ең маңызды сабақтан тағы да айырылып қаламыз.

Он төрт боздақтың өлімі кезекті қаралы сан болып қалмауы керек. Олардың қазасы Қазақстан армиясындағы қауіпсіздік жүйесін өзгертуге себеп болуы тиіс.

Өйткені сарбаз – әскери статистика емес. Ол – бір ананың баласы, бір әкенің үміті, бір отбасының тірегі.

Отанды қорғау – парыз.

Бірақ сол парызды өтеуге кеткен азаматтың өмірін қорғау – мемлекеттің одан да үлкен парызы.  Осыны  естен  шығармайық,  ағайын!

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаРеформаның ендігі өлшемі – нәтиже!