1852 жылы қайтыс болған Николай Васильевич Гогольдің бас сүйегін 1909 жылы ұрлап кеткен. Қашан, қалай – жұмбақ. Бұл қылмыстың ұңғыл-шұңғылы аталмыш вандализмге ешбір қатысы жоқ кеңес заманында да мемлекеттік аса құпия саналып келді. Тек қана Горбачев заманында ғана жұртшылыққа жария етілді. КГБ мұрағатындағы дерек бойынша, 1931 жылы Гоголь жерленген монастырьды түрмеге айналдырып, ұлы жазушыны басқа жаққа жерлемек болады. Сөйтіп, 79 жылдан кейін қабірін қазып көрсе, Гогольдің бас сүйегі жоқ болып шыққан. Археологтар ұрланған бастың орнына басқа бір жас адамның бас сүйегі қойылғанын анықтаған. Бұл жағдай дереу Сталинге мәлім етіліп, жез мұрт көсем барлық куәгерлерді ерекше бақылауға алып, оларға құпия жарыққа шықса қатаң жазаланатыны ескертіледі.
1909 жылы Гогольдің басын ұрлап кеткен кім, монахтардың айтуы бойынша, ұлы классиктің 100 жылдығында оның моласын жөндеу үшін қабірі қазылып, оған қатысушылардың бірі Гоголдің бас сүйегін ұрлап шығып, сол кездегі белгілі мәскеулік коллекционер, миллионер Алексей Бахрушинге үлкен ақшаға сатып жіберген екен. Революциядан кейін Бахрушин бүкіл коллекцияларын үкіметке өткізуге мәжбүр болып, Ленин оның атын музейге береді әрі өзін сол музейдің директоры етіп тағайындайды. Гогольдің басын Бахрушин теріден жасалған қапшыққа салып, көзден таса жерде сақтаған деседі. Енді оның қайда екенін білу мүмкін емес. 1929 жылы қайтыс болған Бахрушин бүкіл құпияны көрге өзімен бірге ала кеткен.
Ұлы композиторлар Брамс пен Штраустың да бас сүйектерін қайбір жылдары әлдекімдер ұрлап кеткен. Осыдан кейін сан соғып қалған Вена полициясы Бетховен, Шуберттердің басы орнында тұрғанына көз жеткізу үшін олардың қабірлерін ашып көруге мәжбүр болған.
Басын ғана емес, тұтас мәйіт сүйегін ұрлау оқиғалары да жетерлік. Ұлы комик Чарли Чаплиннің қаңқасын 1978 жылы қылмыскерлер қабірінен қазып алып кеткен. Сөйтіп, оны қайтару үшін Чаплиннің адвокатынан қомақты ақша талап еткен. Бірі – польшалық, бірі – болгариялық қос қылмыскер көп ұзамай тұтылып, Чаплиннің дене сүйегі орнына қайтарылған.
2008 жылы неміс миллиардері Фридрих Карл Флейктің мәйітін ұрап кеткен. Ұрпақтары бабаларының мәйітін қайтарғандарға жүз мың евро сыйақы беруге дайын. 2007 жылы социалистік Венгрияның соңғы басшысы Янош Кадардың мәйітін ұрлап кеткен. 2001 жылы атақты итальяндық банкир Энрик Гуччидің мәйіті ұрланған. Олардың қабірлері әлі күнге дейін бос тұр деседі.
Бір қызық дерек. 1791 жылғы Француз революциясы кезінде үш солдат ұлы көріпкел Нострадамустың қабірін ашады. Солдаттар Нострадамустың бас сүйегіне шарап құйып ішкен адамға оның көріпкелдік қасиеті дариды деген аңыздың ақиқатын тексермек болыпты. Қабір қазылғанда онда жатқан қаңқа сүйектің мойнында 1791 деген жазуы бар медальон бар екен. Ұлы көріпкел өзінің қабірі 236 жылдан кейін ойрандалатынын тұп-тура болжаған дерсің. Солдаттардың бірі оның бас сүйегіне шарап құйып ішеді. Көп ұзамай әлгі солдат оққа ұшып, мәйіттің басын біреу кесіп кетіпті.
Ал жоғарыдағы деректерден тарихқа аты белгілі көптеген тұлғалардың өлген соң бас сүйектерін ұрлап кетуді қылмыскерлер күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқанын көреміз.
«Таза Ел»