Бүгін елімізде жүріп өткен саяси реформаның арқасында дүниеге келген, Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Онда президент Қасым –Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздің бүгіні мен ертең туралы толғанысын жеткізген еді. Осы орайда, Президенттің айтқандарын қолдай отырып, өз ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Ақиқатын айтар болсақ, соңғы бірер жылда Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басқаны белгілі. Мәселен, 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияны қолдады. 1 шілдеден бастап Ата заң күшіне енді. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді. Вице-президент лауазымы енгізілді. Қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтуге арналған Қазақстан Халық кеңесі құрылды.
Бұл – атаулардың ғана ауысуы емес. Бұл – мемлекеттік жүйені жаңартуға бағытталған үлкен саяси өзгеріс. Бірақ «реформа жасалды» деу бір басқа, оның нәтижесін көрсету бір басқа.
Халық енді жаңа институттардың қалай жұмыс істейтінін күтетіні белгілі. Құрылтай халықтың мәселесін заңға айналдыра ала ма? Халық Кеңесінің сөзі мемлекеттік шешімдерге жете ме? Вице-президент институты басқарудағы жауапкершілікті күшейте ме? Жаңа Конституцияда бекітілген құқықтар азаматтың күнделікті өмірінде нақты қорғала ма? Міне, реформаның шынайы бағасы осы сұрақтардың жауабымен өлшенері хақ.
Рас, экономикада да ілгерілеу бар. Соңғы жеті жылда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 29 пайызға өсіп, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл – маңызды көрсеткіштер. Бірақ цифрдың өзі мақсат емес. Оның артында халықтың әл-ауқаты, бизнестің еркіндігі, заңның үстемдігі мен мемлекеттің тиімділігі тұруы керек.
Әлбетте, атам қазақ «көш жүре түзеледі» дейді. Реформаның да табиғаты сондай. Ең бастысы – басталған істің тоқтап қалмауы. Енді Қазақстан үшін жаңа кезең басталды. Реформаларды жариялайтын емес, олардың жемісін көрсететін уақыт келді. Өйткені халықтың күтетіні – жаңа атаулар емес, жаңа сапа. Жаңа ұран емес, нақты нәтиже. Реформаның ең үлкен жеңісі – оның құжатта жазылуы емес, оны халықтың сезінуі. Міне, басты мәселе осы!
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы

































