Home Сұхбат Дулат  ИСАБЕКОВ,  жазушы, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері: Бүгінгі өмірдің шындығын жазатын жазушы...

Дулат  ИСАБЕКОВ,  жазушы, Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері: Бүгінгі өмірдің шындығын жазатын жазушы керек

10

 

Қазір  жұрттан   «қандай  жазушыны  білесің?»  деп  сұрай  қалсаң,   өзіңізді  және Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин,  сондай-ақ  тағы да  төрт-бес    жазушының атын атайды.  Сіздерден  кейінгі толқындарды  қолына  қалам  ұстағандар  болмаса,  былайғы  жұрт біле  бермейді. «Өмір  бар  жерде  өлім  бар»  деген,  егер де сіздер  дүниеден  өткен соң, «жазушы»  деп  кімді  айтарымызды  да  білмей  қалатын  секілдіміз. Халық  неге баяғыдай  жазушы-ақындардың  кітабын  жата-жастана  оқудан  қалды? Неге танымайды? Әлде,   сіздерден  кейінгі  толқындар  елдің  есінде  қалатын  шоқтығы  биік  дүниелер жаза  алмағандықтан  ба,  я болмаса  бүгінгі  қым-қуыт  тірлік оқырманды  әдебиет  әлемінен алыстатып  жіберді  ме?  Қоғамда  мұндай  жағдай   қалайша  қалыптасып  отыр?

– Бізден  кейін «әдебиеттің  күні  қараң»  деп айта  алмаймын. Әдебиет  болған,  бар,  бола да  береді. Рас,  кезінде  жұрт  кітап дүкендерін аралап  жүріп  керегін алатын.  Кітап  жинайтын. Оқырман  көп  еді. Ол  кездегі  байлық  кітап  жию  болды. Қазір  заман  өзгерді. Бүгінгі  жұрт  кітап емес,  өзге  дүние  жинайды. Бұл –  бір.  Екіншіден, «отбасымды  қалай  асыраймын?»  деп  тыртыңдап  шауып  жүргендер, кітаптан  гөрі, бір  тілім  нанды  артық  көреді. Өмір  шындығы  – осы. Үшіншіден,  қазір қалтасы  қалыңдар    тапсырыспен  ата-бабасы,  әулеті  жөнінде  кітап  шығаруды  «модыға»  айналдырды.  Ондай  шығармаларды  кім  оқиды?  Төртіншіден,   дарындысы  да,  дарынсызы  да    қаржы  тапса  болды,  барын  құрап, топырлатып  кітап  шығаруды әдетке  айналдырды.  Көбіне  жұрттың  қолына түкке  тұрғысыз   кітапсымақтар  түседі. Оны  оқыған  халық «е,  жазушыларымыздың    жазғаны  осы  ма?»  деп  қолды  бір  сілтейді. Бесіншіден,  кітаптың  таралымы  аз. Таза  әдебиет халыққа  жетпейді. Алтыншыдан,  кешегі  оқырман  бүгінгі  көрерменге  айналды.  Олар  кітап  оқығаннан  гөрі,  теледидардан  арзан  қол  шоуларды  тамашалуға  көшті. Баяғыда  кітап  арзан  еді.  Ең  мықты  деген кітаптың  өзі 1-2  сомнан аспайтын.  Қазір  кітап  бағасы  қымбат. Ал  табысы  шамалы    адам   кітап ала  ма, әлде қаржысын  бала-шағасын  асырауға  жұмсай  ма?  Осылайша  оқырман  азайып  кетті.  Кітап  оқымаған  жұрт  бүгінгі  қолына  қалам  ұстап,  әдебиет  майданында  жүргендерді  тани  бермейді.

 

  • Дулат аға, кешегі  әдебиет пен  бүгінгі  әдебиетті  салыстыруға  келе  ме?
  • Ел тәуелссіздікке  қол  жеткізді. Енді  таңдаған  тақырыпқа  жазуға  болады  деп  ойладық. Бірақ  олай  болмай  шықты. Жазушы  біткен  дағдарып  қалды. «Не  жазамын,  қалай  жазамын»  деп  бас  қатырған  заман  келді. Басты  кейіпкер  кім,  ол  қандай  адам,  қоғамдағы  орны  қайсы? Жалпы,   өткенін  күннен  гөрі  бүгінгі  күнді  жазу  өте  қиын. Мәселен,  «Мың  бір   түнді»  оқып  көрелікші.  Онда  белгілі бір  сюжет  болатын.  Айдаладағы  бір  ақ  үйге  бәдәуи  кіреді,  соның  ішінде  бәрі  бар,  бірақ    бір  бөлменің  есігін  ашуға  болмайды.  Әлгі  адамның  өмір  бойы  арманы  сол  ашпа  деген  есікті  ашсам  деумен  өтеді  ғой. Сол  сияқты  мына  есікті  ашпа  десе,  сол  кезде  жазушылар    есіктің  ар  жағында  не  бары  жөнінде  жанталасып жазар  еді. «Қазір  еркіндік – жаза бер»  деген  кезде  жазушы біткен  не  жазарын  білмей,  тосылыңқырап қалғаны  рас. Әлгі  ашпа  дейтін есік те  жоқ, ынтық  болып сығалауға  тырысатын. Соғыс ойынын  бала  біткен  жақсы  көретіні –  шындық. Осы  жөнінде  Маршактың  өлеңі  бар. Сонда  Маршак «сендер  неге  соғыс  ойынын  ойнай  бересіңдер»  дейді  ғой.   Сонда  балалар:  «онда  қандай  ойын  ойнайық?»  дейді.  «Бейбітшілік  ойынын  ойнаңдар»  дейді  Маршак.   Ертесінде  балалар  одан  «бейбітшілік  ойынын  қалай  ойнайды,  үйретіңізші»  деп  сұрайтын  көрінеді.  Осы  жағдай  қазіргі  жазушылардың  басында  бар. Болат  Окуджава  дүниеден  өтерінен  бір  апта  бұрын, ауруханда  жатып, «мен  бұл  заманың  адамы  емес екенмін»  депті. Ал  сол Окуджава өмір  бойы  кеңес  заманын  сынап  келген  адам  ғой.  Бірақ  сол  заманды  аңсаған.  Демек,  оның да  ішінде  талай  нәрселер  кетті. Мен де  сол  заманды  аңсаймын. Жиі   есіме аламын  сол  бір  кездерді. Қазір  әдебиет  әдебиет  болудан  кетті. Бүгінгі  әдебиет  халықты ұйытатын, соңынан  ертетін қалыптан айрылып  қалды.  Баяғыда  халық  бар  шындықты  әдиебиеттен  іздейтін.  Кеңес заманында  газет, телеарна,  радиолар  ешқандай  шындықты  айтпайтын.  Тек  жазушылар  ғана  өз  шығармаларында  қоғамның  келеңсіз  жақтарын, кемшіліктерін, астарлап  беретін. Мәселен,   сол  түста  бүкіл  Одақ  қызыға  оқыған Шыңғыс  Айтматовтың «Ақ  кемісін»  алайықшы.  Ол  кезде  кеңес  адамдары    бір-біріне  жолдас,  дос,  бауыр,  ешкімге  қиянат жасамайтын адал  жандар  ретінде   көрсетіліп,  айтылып  келді.  Сол қағиданы  «Ақ  кеме»  тасталқанын  шығарды. Сол  шығармада  Шыңғыс  Бұғы  Анасын  атып  алып,  басын  балталап  шауып  жатқан  жанды  суреттейді.   Жантүршігерлік  көрініс. Демек, қоғам біз  жырлағандай   жасампаз  емес,  онда  да  қатігездік, басбұзарлық  жеткілікті екенін  көрсете  білген.  Біз  қазір  бір  орынды  таптап,  шеңберден  шыға  алмай  қалған жанбыз. Бір  тақырыпта  бірнеше  шығармалар  жазыла  бастады.  Бір-біріне  ұқсас  дүниелер  туындай  бастады.  Айналып  келіп  тарихты   тарамдаймыз.  Баяғы  қалмақ,  баяғы  жоңғар  атысып-шабысып  жатқанымыз.  Жазылған  дүниелердегі  барлық  қазақ  батырлары  қалмақ — жоңғарлармен  жекпе-жекке  шығады  да  жеңе  береді. Қазақ  батырларына  қарсы  тұрар  жау  жоқ.   Сонда  олар  жеңіле  беретін  болса,  қалай  бізді  екі  жүз  елу  жыл  құлдықта  ұстап  келді.  Соған  кейде  таң  қаламын. Өзімізді  зорайтып  көрсетеміз  деп,   тым  әсірелеп  кететін  жерлеріміз  көп.  Қажет  жерінде  ащы  да  болса,   ақиқатын  жазған  жөн-ау.  Бауыржан  Момышұлының  бір  сөзі  есімде.  Студент  кезімізде  кездесу  болды,  сонда  батыр ағамыз «Мені  қорықпайды  дейді,  ол  өтірік. Қорықпайтын  адам  болмайды.  Ондай  жалаңтөс  адам жауға  тіке  шабады  да, құмалақтай  ғана   қорғасыннан  өледі  де  қалады. Жеңіс  үшін  тірі  сарбаз  керек.  Мен  соғыста  мың  рет  қорықтым. Өйткені  жеке  қарабасымды  ғана  емес,  қол астымдағы  жауынгерлерді  де  аман  алып  қалудың  жолдарын  ойладым.  Сол  үшін  жанымды  шүберекке  түйіп  жүрдім»  деп  еді. «Батырлық  деген  не?»  дегенді  ойлап-ойлап, Толстойдан  таптым. «Батырлық  деген   қорқатын  жерде  қорқа  білу,  шабатын  жерде  шаба  білу. Қорқа  білетін, қауіпті  сезіне  білетін адам ғана  батыр  болады»  дейді  Толстой. Дұрыс.  Бұған  қосыламын. Сондықтан,  «айналамда  өткенге  куә болған ешкім  жоқ»  деп  тарихи  оқиғаларды  оңды-солды  бұрып,  көсілте  беруге  болмас. Тағы  қайталап айтамын,    ең  қиын  нәрсе – өткенді емес, бүгінді  жазу. Өйткені  бүгінгі  адамдар тип  болып  қалыптасқан  жоқ.  Баяғыда   идеология  белгілі  еді  ғой. Ақ  пен  қызылдың  жанжалы, ақ  пен  қараның   арасындағы  тартыс. Жағымды  образ,  жағымсыз  образ  дегендей. Ал  қазір,  жағдай  басқа. Мың ойланып,  жүз  толғануға  тура  келеді.  Мәселен,  кезінде  Сталин  неге  Булгаковты  аман  алып  қалды.  Кеңес  заманында нағыз  атылып,  не  болмаса асылып  кететін  сол  жазушы  еді. Сталин оның  «Ақ  гвардия»  деген  романын  оқып  шықты.  Риза  болды. Сосын  «Булгаковты  құрту  керек»  дегендерге  қарсы  уәж айтты. «Сендер үнемі  қызыл  әскерлердің толассыз жеңісін  жаздыңдар.  Барлық  жерде  шаруалар,  еңбекшілер  үнемі  большевиктерді, қызыл  әскерлерді  баяғыдан  күтіп жүргендей,  үнемі  құшақ   жая  қарсы  алып жүргендей    етіп  көрсеттіңдер. Бұл  шындық  па? Жоқ. Большевиктерді  иттің  етінен  жек  көретіндер  көп.  Мәселен,  Булгаков    ақ  гвардияшылардың  өмірін  жаза  отырып,   қызыл  гвардияшылардың   жеңіске  оңай  жетпегенін  ашып  берді.  Кітап  сонымен  құнды.  Қажет  жерінде  ақиқатты  айта  білу де  ерлік»  деді  жез  мұрт  көсем.  Сталиннің  осы  бір  ауыз  сөзінен  кейін Булгаков  репрессиядан аман  қалды. Міне,  бізге  сол  Булгаков  секілді  ащы  да  болса,  бүгінгі  өмірдің  шындығын  жазатын жазушы  керек. Осы  күнді  жазуға  келгенде  мен де   кібіртіктеп  жатырмын. Баяғыда  бастаған бір  романымды  әлі  күнге  бітіре алмай  жүрмін.
  • Кезінде жұрт  іздеп  жүріп  оқыған «Қарғын»  секілді  роман  қаламыңыздан  қашан  туады?
  • Әй, қайдам.  Ол  кезде  романтика  болатын.  Қазіргі  өмірде  романтика  жоқ,  бәрі  прагматика.  Күн  көріс,  таласу,  тармасу,  атысу, шабысу.  Міне,  осы. Бұл  біздің  қанымызға  сіңбеген.  Бәлкім,  келесі  ұрпақ  осы  жөнінде  жазар.
  • «Я могу ответить со своей колокольни. Как бы горько ни было осознавать, мы как нация еще не сформировались. Это главная причина. Мы пока остались на уровне толпы, прошлого, средневековья». Кезінде бір оппозициялық  басылымға  берген  сұхбатыңызда   осылай  депсіз. Бұны  қалай  түсінуге  болады? Өз   ұлтыңыздан    жерігеніңіз  бе?
  • Баяғыда Өнертану  институтында  директор  болған  кезімде «Дін  және  мәдениет»  деген  тақырыпта конференция  өткізген  едік. Іштен  де,  сырттан  да  келген  адамдар  көп  болды.  Шетелдіктер де  жеткілікті  еді.   Әңгіме барысында «Маған  исламның  гүлденіп  тұрғаны  емес,  ең  бірінші  өз  ұлтымның   аман-сау  болғаны артық»  дегенді айтып  қалып  едім. Осыны   іліп алғандар «Ойбай,  Исабеков  Исламға  қарсы  сөз  айтып,  христиан  дініне  кіргелі  жатыр»  деген  даурықпа  сөз  таратты. Ақиқатын айтайын,  сол  пікірден  әлі  қайтқан  жоқпын. Маған  алдыман  қазақ  керек,  сосын  барып  ислам. Бұл  – бір  деп  қойыңыз. Ал  мына  жерде «қазақ әлі  ұлт  болып  қалыптасқан  жоқ»  деген  сөзімді, тонын  теріс айналдырып, «Дулат  халқына  өкпелі, ренішті»  дейді. Мен  неге  ренжімеуім керек  өзімнің  халқыма?!  Мен  неге  өз  ұлтымның  кейбір  кемшілігін  айтпаймын?!  Ол –  ұлтқа  топырақ  шашу  емес.   Қазақ  бола  тұра,  қазақты  сынаған  кешегі өткен қара  шал Абайдан артық  айтқан ешкім  жоқ.  Ол  қазақты  жек  көрді  ме,  жоқ. Кемшілігіне  қапаланды,  надандығына  күйді.     Сынап-міней  отырып, намысқа  қамшылады,  сол  жолда өзі де  таяқ  жеді. Мен де  сол  өз  ұлтымның  кейбір кемшіліктерін  бетке айтқым  келді. Бірақ  бұл  өз  ұлтымды  жек  көру  емес. Қайта  қайрау. Біздің  ұлт әлі  күнге  бейжай,  марғау  өмір  сүріп  жатқаны  рас  па,  рас. Тілге  келсек  те   самарқау. «Түбі  бір  оңалар»  деген   соқыр  сенім  бар. Тілді  бүгін  қалыпқа  келтірмесек, комьпютердің  түбінде  мөлиіп  отырып  есейіп  келе  жатқан  ұрпаққа  ол ертең керек  болмай  қалуы  мүмкін.  Демек,  біз бойкүйездіктен арылып, қазір  қимылдауымыз  керек. Тәуелсіздік алғалы  жиырма  жылдың  жүзі  болды.  Бірақ  біз  көп  нәрседен  самарқаулығымыздың  арқасында  ұтылып келеміз. Төбемізден уын  сорғалатып «Протон»  секілді  жат елдің  зымырандары  құлап  жатады.  Үндемейміз.   Радио-телеарналар     орыс  тілінде  тілін безеп   сарнап  жатады. Үндемейміз. Бірді-екілі қазақ  тілінде   бағдарлама  болса,  соған  малданамыз. Наразылық білдіру  жоқ  бізде. Бірақ  бір-бірімізді  сынауға  келгенде,  тобықтан шалуға келгенде  өзгеге  жол  бермейміз.  Бұ  қалай?  Бұл  кемшілік  емес пе?  Осыны  айтуға  болмай  ма?  Доктринаны  жазу  кезінде  шырылдап  алға  шықтық. «Қазақстандық  ұлт»  дегенді  алдырып  тастау  үшін, аштық  жариялауға  бел  будық.  Сонда  бұл  маған  не  болмаса,  Шахановқа  қана  керек  пе?   Тілге  байланысты  үлкен  конференция  жасадық.    Жеті  жүз адам  сиятын   залды  жалдадық.   Ең бір  өкініштісі  – сол  залдың тең  жартысы  бос  тұрды. Міне,  біздің   өз тілімізді  қалай  жақсы  көретініміздің,  қалай  қорғайтынымыздың  көрінісі.  Сол   конференцияға   кезіндегі  кеңес  заманында   ұлттың  жанашыры, басты  идеологы  бола  білген    Жазушылар  одағындағы     жеті  жүз  жазушыдан  он адам келіп   қатысуға  жарамады. Бұған  не  дейсің? Мен  өзгесін  былай  қойғанда,  оппозицияның  съездеріне  дейін барып  қатысамын. Мәселе  оларды  қолдау  емес.  Мәселе  олар  не  жайлы айтады,   мақсаты  не, ұлтқа  тигізетін  қылаудай  болса да   жақсылығы   бар  ма,  деген  мақсатта. Елден  естігеннен  гөрі,  өз құлағыңмен естіген дұрыс  қой. Өкініштісі,  қазір  қалам  ұстағандар арасында  төбе  көрсететін  жерде көрінбей,  көбіне  ас  үйде  отырып кіжінетіндер,  данышпанситындар көп. Әне, кеше  ғана  өзбектер  орыс  тілді  телеарналарды  жабуды қолға  алды. Генерал   Сабыр Рахимовтың  ескеркішін    қағып  тастады.  Түбі  қазақ  болғандықтан.  Абұйыр болғанда,  елеусіздеу  бір  жерге  қайта  орнатыпты.  Біз  болсақ  қайтер едік? «Ойбай,  өзбек  өз  ағамыз  ғой,  өкпелеп  қалар, ұлтаралық  қатынасқа   сына  қағылып  қалар»  деп  дедек  қағар  едік.  Тіпті,  анау  Сайрамда  өзбек  театрын  ашып  бердік.  Бұл  да  жалпақ  шешейлік. Ал  өзбек  өйтпейді,  бет-жүзің  бар  демейді,  доқ  көрсетеді,  айбат  шегеді. Неміс  театры  Қазақстанға  қажет  пе?  Бір  телеарнадан  сөйлеген  сөзінде  Обаев: «Олар айына  бір-екі  спектакль  береді де  қояды.  Ал  біз  айына  31 қойылым  қоямыз.  Гастролге  шығамыз.  Сөйтіп  жүріп   алатын айлығымыз  бірдей»  деп күйініп  еді. Бұл  не? Шындығында айына  екі-ақ  спектакль  қоятын  театрларды  не  үшін  ұстаймыз?!  Қажеті  бар  ма,  соның? Елімізде  ұлтаралық  тектірестер де  болып  қалып  жатады. Ұлымызды  ұрып,  қызымызды    зорлайды  кейбіреулер. Бірақ  біз  жергілікті  ұлт  ретінде  өз  жерімізде  тұрсақ та  оларға  сес  көрсете алмаймыз. Неге? Мұның  барлығы  – өз  болашағымызға  енжарлықпен қарау. Рухтың  жоқтығы,  намыстың  кемдігі. Кейде  таң  қаламын.  Неге дейсің  ғой? Батырлық  туралы  жырларымызды,  дастандарымызды,  не  болмаса  тарихи    кітаптарымызды  оқып  отырсаң,  бабаларымыз  кілең  сен  тұр  да  мен атайын  дейтін  батыр,  сайыпқыран.  Ал  қазіргі  ұрпағы   керісінше. Бүгежік,  ынжық,  намыссыз. Осы  тұрғыдан  келгенде  кейде  ойлаймын,    артық  айтсам,  кешірім  өтінемін, біз  шын  батырлардың  ұрпағымыз ба,  әлде    ауыл арасында бір-бірімен  қырылысып  жүрген  барымташылардың  ұрпағымыз  ба  деп. Бәлкім,  «батыр»  деп  жүргендеріміздің  көбі   ауыл арасындағы  басбұзарлар  шығар. Жұрт «батыр,  батыр»  деген  соң  аты  шығып  кеткен. Өйткені мен де  ауылда  өстім. Ауылдың  тентек  жігіттерін  «ер екен,  батыр екен»  деп  қолпаштап  жатады. Батыр  деп  жүргендеріміздің  көбі  сондайлар  емес  пе  екен?  Кім білсін? Арыстан  жүрек батырлардың  ұрпағы    ез,  жалтақ,  қорқақ  болмауы  тиіс  еді?   Мынау  сақалардың «Нургин  батыр»  деген батырлық  жыры  бар. Оның  көлемі  мына  қырғыздың  «Манасынанда»  үлкен. Сол  жырмен  танысып  отырып,  ойлап  едім,  «осындай қаһарманы  бар  жұрт,   ит  байласа  тұрғысыз  жерге  ауып  келіп  тірлік  етіп  жатқаны  несі»  деп.   Бәлкім  бұл  сол  ұлттың  «сондай  батырымыз  болса,  өзгемен  тереземіз  тең  болар еді-ау»,  деген  ізгі  арманынан  туған шығар. Бұл  өз  алдына  әңгіме. Ал біз   елін-жерін  қорғаған,  тарихта  болған батырлардың  ұрпағы  бола  тұра, бүгінгі  күні  намысымыз жерге  тапталып  жатқан  кезде  «әй»  деуге жарамай,  бабалардың  алдында  ұятқа  қалып  жүрген  жоқпыз  ба  осы? Ұлттың  мүддесі  аяққа  тапталып  жатқан  кезде,  намысын  қорғайтындай,  қамшылайтындай барқадарлы  саясат  ұстанып,  жұрттың  басын  біріктіретін  бастамалармен  жазушылар    алға  шығуы  керек  еді.  Өкінішке  орай  олай  болмай  тұр.
  • Рушылдық дегенге  қалай  қарайсыз?
  • Талантты адам ешуақытта  руға  бөлінбейді.  Бұл  дарынсыздардың  ісі. «Қазақ  ұлт  болып  қалыптасқан  жоқ»  деп, мен  қазақ  руға  бөлінген  соң  айттым. Мәселен,  кім  болса  да, қазақ  жалқау,  қазақ  қорқақ, қазақ  жасқаншақ  деп айтсаң,  «е»  дейді  де  қоя  салады.  Ал  сен  алдыңдағы     адамның  руын  сөйдеп айтып  көрші, атып  тұрып  жағаласа  кетеді, шыр-пыр  етіп  қорғайды.  Ренжиді. Міне  көрдің  бе,  біз  сол  тайпалық,  рулық,  тобырлық   деңгейден  алыс  кете  қойған  жоқпыз. Мен  телевиденеде  басшы  болдым.   Қол астымда  істейтін  үш  жарым  мың  адамның  кім  қайдан  екенін,  қай  рудан  екенін  сұрамаппын.  Ол  жер  меннен  кейін  бүлінді.  Одан кейін  «Жазушы»  баспасына  директор  болдым.  Қол  астымда  145  адам  болды. Руын  сұрамадым. Тек  дұрыс жұмыс  істесе  болды  деген  ойда  болдым. Өзінің  жүріс-тұрысына  байланысты  бір  адамды  жұмыстан  шығарып  жіберіп  едім,   екінші  біреулер  келіп «көке, оны  неге шығардыңыз.  Ол  сіздің  қыз алыспайтын  жақын ағайыныңыз  болып  келеді»  деп  дау  айтты.  «Жоқ.  Жұмысты  дұрыс  алып  жүре алмаса,  оны  мен  неге  ұстаймын.  Жақын екен  деп   тайраңдатып  қоя  алмаймын»  деп шығарған  бұйрықты  кері  алған  жоқпын.  Мен  руға,  жікке  бөлінбейтін адаммын. Кейде  біреулер  сенің  өзің  тұрмақ,   әйелің  қай  елдің  қызы  екенін  біліп  отырады.  Таң  қаламын.   Қажеті  қанша? Рас,  біздің  буында   рушыл  жігіттер  болды. Бір  жерге  бастық  болса, жерлестерін  тартуға  даяр  тұратын.  Меніңше  адамды  жеріне  емес,  қабілетін  қарап  бағалаған  жөн-ау.   Сондықтан  менің ара-тұра  «қазақ  толық  ұлт  болып  қалыптаспаған»  деп  айтып қалатын  сөздерім, осындай  жағдайларға    куә  болып  жүргендіктен,  қазағымның осындай кертартпа  әрекеттерін  көргендіктен.   Әйтпесе  өз  ұлтымды   мен  неге  жек  көруге  тиіспін. Шіркін,  қазақ  руым  деп  емес,  қазағым  деп  өліп  тұрса  ғой  деп  кейде  армандайсын.  Бір  қазақты  біреу  қорлап  жатса,  екіншісі  ара  түсе  алса,  кегін  өзгеге  жібермесе, бәлкім  сонда  біз  қазіргіден  де   күшті елге айналар ма едік.

– «Елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан». Өзінің  «Жармақ»  атты  керемет туындысында   қазақтың  бетке  ұстар  ірі  жазушысы Мұхтар  Мағауин  осылай  күйінеді…

    – Ұлтсыздық  дертіне  шалдыққандар  не  қазақ  емес,  не  орыс  я болмаса  еуропалық  емес,  екі  ортада дүбәрә  болып  қалған  ұрпақ. Мұндай адамдардың  негізгі  ұраны  жалпы  адамзаттық  болып  келеді.  Ондайлардан  қорыққан  жөн.  Өйткені  оларға  сенің  ұлтың,  тілің,  дінің    қажет  емес.  Мәселен  кино  саласын  алайық.  Жапон  үшін,  француз  үшін  таза  қазақы  қасиетті  көрсететін  кино   керек. Соны  олар  бағалайды.  Ал  сен  жалпы  адамзат  үшін түсірсең,   оларға  оның   көк  тиынға  қажеті  жоқ. Өкініштісі   бізде  кино  саласында  еліктеу-солықтау  басым.  Өзіміздің  ұлттық  нәрімізді,  барымызды   көрсете алмай  жатырмыз. Баяғы  «Қыз  жібек»,  «Менің  атым  Қожа», «Гауһартас»  қандай  фильмдер!  Міне  сол  киноларда  қазақы  болмыс  тұнып  тұр  ғой. Оны  жапондар  да,  француздар да қызыға қарайды. Өйткені  онда жалпылама  емес, ұлтТың  мінеЗ-құлқы, мәдениеті,  салт-дәстүрі,  бейнесі   жатыр.  Сонысымен  құнды. Рас,  өзгенің  өнерін  сыйла,  таң қал,  бірақ  табынба! Алдымен  өзіңді  сыйла,  сосын барып  өзгені. Өзге  ұлтты  қайдам,  біз  кеңес  заманында   интернациолдықтың   қазанында  көбірек  қайнап  кеткен  секілдіміз. Содан  болар,  өзімізді  кейінге  ысырып  қойып,  өзгеге  қол  соққанды  ұнатамыз. Қараңыз,  біздің  қыздарымыз қытайға    тұрмысқа шықса,  бес  жылдан  кейін  қытай  болып  кетеді.  Жігіттеріміз де  сол.  Біздің  арамызда  жүрген  көп ағаларымыз  кезінде  әйелді  татардан алды. Ал  олардың  әйелдері  өле-өлгенше татарша сөйледі. Өз  тілін  өлсе де  ұмытпады. Ал  біздің  ұлттың  адамдары  керісінше,   өзгелерге тізірек  сіңіп  кетуге  бейім  тұрады. Неге? Қанымыз  әлсіз  бе,  намыс    кем  бе?

«Бiз дәл қазiр өзiмiздiң құрдымға құлап бара жатқанымызды сезiп отырған жоқпыз. Күндердiң бiр күнi шыңыраудың түбiне жақындағанда ғана күнiмiздiң бiткенiн сезетiн шығармыз» — дейді  батыс философы  Ницще.  Осы  біздің  ұлт  ақырзаман алдында  тұрған  жоқ па?

  • Ақырзаманды жеке адам басына  да,  ұлт  тағдырына  да  байланысты айтуға  болады.  Баяғыда  Қалтай  Мұхамеджанов қайтыс  болғанда  «әй  ақырзаман  осы  шығар»  деп едім. Анам  қайтыс  боларда  жанында  болдым.   Жарық  дүниемен  қоштасарын  сезді  ме,  көзіне  жас  толып пеш  түбінде  үнсіз  жатты. Сүйтіп  отырғанда  көрші  кемпір  келді. Ол  кезде  ыдыс-аяқ  кем  кезі.  Базардан алып  келген әдемі  өрнектелген  сырлы  қасық  пен  тостақ  бар  еді.  Көрші  кемпір   келе  салып  соны   алып  табанына  салып  сындырды.  Шешемнің  аты  Күміскүл  еді.  «Күміскүл,  дүние  ойран,  ақырзаман,  ақырзаман»  деп     дауыс  шығарып  қояды. Басқасын да    сындыруға  болатын еді. Қазір  ойлаймын,  әлгі  кемпір    жаңа  ыдысты  бекер  шаққан  жоқ  -ау,  дүниеден  озып бара  жатқан  шешем  өзінен  кейін   дүниенің қараң  қалып,  ойрандалып  жатқанын  сезсін  деді  ме  екен. Ұлттың  жойылуы  өте  ұзаққа  созылатын  процес. Мана айттым  ғой,  егер де  біз    тобырлық  қалыпта  қалатын  болсақ  түбі   ақырзаманға  душар  болатынымыз  хақ. Әрине  бұл  жерде  дүние  қирап,  аяғы  көктен келеді  деген  мағына емес.  Біз  сол  сыртқы  келбетіміз  қазақ  болып  қалғанымызбен,  жан  дүниеміз  өзгеріп, тіліміз  өшіп, өзіміз өзге  ұлтқа  жұтылып  кетуін айтып  отырмын. Бірақ  мен  өз  ұлтым  ондай күйге  душар  болады  деп айта  алмаймын. Ең  бастысы — біз  өзіміз  кім екенімізді  ұмытпауымыз  керек. Бойда  намыс, жігер  болса  оңайшылықпен  ешнәрсеге  дес  бере  қоймаспыз деп  ойлаймын.

Ұмытпасам,  былтыр  күзде президентпен қалай  кездескеніңізді,  ол  кісіден  ақша  сұрағаныңызды   сынап  жазғандар  болды…

–     Президентпен  кездескенім жөнінде  ел неше  түрлі  құбылтып  әңгме  айтты  емес  пе. Ғаламтор  деген  ғажап  дүние болды.  Осы  жерде  жұрт  аузына  келгенін  айтып,  жазып  жатады  екен.  Мен  өзі  сол  интернет  дегенді  жөндеп біле  бермеймін. Бірде жігіттер «сіз жайлы  жазыпты»  деп   бір  материалды  шығарып  алып  келіпті. Оқып  шықтым. Сосын  таң  қалдым. Шын  мәнінде  адам  не  жазса  да,   не  айтса  да біліп  айту  керек  қой. «Елбасыдан  Дулат  Исабеков  «Мұңлық-Зарлық  үшін  ақша  сұрапты» депті.  Ал,  онда  тұрған  не  бар.  Мен  өзіме  сұраған  жоқпын  ғой. Кейбіреулер  сияқты  Астанадан  пәтер  беріңіз   деп  өтінген  жоқпын. Соны  жазып  отырған  Сәукетаев  дегенің  өмірінде  жарытып  жазған  бір  әңгімесі  жоқ.  Елдің-жердің  мүддесін  қорғап  бір  мақала жазбаған  және  жазса да  жұрт  оны  құлағына  ілмеген  адам. Ол кім?   Қаптаған  көп  нөпірдің  бірі  ғой.   Өзгеден  қиянат  көрген  кездерде,  баяғыда  марқұм  Оралхан  Бөкей  екеуміз, бір-бірімізге  мұңымызды  шағушы  едік.  Оралхан  айтушы  еді,  «әй,  осы  түлкі  мен  қарсақты жеңу қиын.  Шіркін  арыстанмен  арпалысып  өлсең  арман  жоқ  қой» деп. Сол  Оралхан  айтқандай  осындай  майда-шүйделермен   айтысқан қиын.  Әрі  ешқандай береке  таппайсың. Шындығы  сол,  арыстандармен  алысқан  жақсы.  Жеңсең  жеңдің, жеңілсең  төбешіктен  емес,  таудан  құлайсың. Ал,  тарақандарды  жеңе  алмайсың. Ол  саған  зиян да  келтірмейді.  Бірақ,  балағыңнан  өрмелей  берсе, адамды  бір  беймаза  күйге  түсіреді.  Бар  болғаны  сол. Әлгі Сәукетаевқа  жауап  берейін  дедім  де  ұялдым. Олар  ертең  «Дулатпен  осылай айтыстым»  деп  малданып  кетуі де  мүмкін. Оның  үстіне    адам  өзімен  терезесі  тең  адаммен  ғана  айтысып,  майда-шүйдені  көзге  ілмегені  жөн  болар  деп  қоя-қойдым. Орыстың Пантелеев  деген  жазушысы  бар.  Сонда  мынадай  сөз  бар  еді, «құмырсқа тастың   үстімен  жорғалап  бара  жатыр.  Ол  үшін ол  тек  тас  қана.  Ал  ол  тас,  әлемдегі  ең  сұлу  әйелдің сұлу мүсіні екенін  құмырсқа  байқамайды». Сол  сияқты  әлгілер  тастың  үстінде  жыбырлап  жүгіріп  бара жатқан  жәндіктерге  ұқсайды  да, олар  өздерінің  не  айтып,  не  жазып  қойғандарын да  білмейді. Сонда  Пантелеевтің  айтатыны  бар, «бұл  сұлулықты  түсіну  үшін де    құмырсқаның  санасы  сол  деңгейде  болу  керек»  деп. Ал   әлгі  жазғышбектің  жазғанындай  мен  президенттен  ақша  сұрасам, жеке  басыма,  үйіме сұраған  жоқпын. Қазақта  көнеден  келе  жатқан,  бүгінде  моласы  белгілі екі-ақ  жыр  бар.  Оның  бірі «Қозы  Көрпеш  Баян  Сұлу»  да, екіншісі   «Мұңлық-Зарлық». Сол  Қозы  Көрпеш  Баян  сұлудың  басында  Аякөзде   кішкентай  кесене  тұр.   Одан  да  үлкен,  зәулім етіп  салу  керек  еді. Ал   екіншісі — «Мұңлық  -Зарлық». Ол  Сырдың  бойында   жатыр.  Иесіз  жатыр. Баяғыда  Нұрғали  Әшімов  облысқа  әкім  болып  тұрған  кезде айтып  жүріп,  апарып,   мал  сойғызып,  құран  оқытқызып  едім. «Мұңлық-Зарлық»  жатқан  жер,  Арыстан  ары  алпыс  шақырым, Сырдың  көпірінен  өткен  соң  Жиделі  деген  жер  бар  сонда. Зарлық  пен  Ханшайым  бірге,   Мұңлық  жеке  жатыр. Ол  жерді  ежелден  білемін.  Бала кезімде талай  болғанмын. Президентпен  кездесуде  соны  айтқанмын.   Ол  кісі жазып  алды. «Бір  реті  келгенде  сонда  барыңыз, Әйтпесе  әкімдерді  білесіз  ғой,  салған  үйлерді,  бала-бақша,  мектептерді,  зауыт-фабрикаларды  көрсетеді. Ал  әулиеге  неге  апармайтынын  түсінбеймін»  дедім. Елбасы  міндетті  түрде  «барамын»  деді. Ал  сол елдің  өткенін  баяндайтын  тарихи  орынға  үлкен  кесене  салу  керек. Сол  үшін  ақша  сұрадым.  Жүз  миллион  теңге  деген  не? Ақша  ма? Кесене  тұрғызылса,  халықтың  игілігіне  қызмет етеді  ғой.   Президент  «ақша  табылады,   көмек  береміз,    келесі  жолы  кездескенде  кеңірек  сол жөнінде  әңгімелесерміз»  деп  еді. Әлгі  жазғыш  айтыпты  ғой,  «өзгеге  бермеңіз,  ақшаны  жеп  қояды»  деп.  «Иа,  айтқаным  рас. Шындығы  керек,   әулиелі жерлерге  бөлінген  ақшадан  да қымқырып  жүргендер  аз ба. Сондықтан  бір  тиында  далаға  кетпесін,  «Тағылым» деген  қорым  бар  соған  түссе  құп  болар  еді  дедім. Бары  осы.  Онда  тұрған  не  бар? Әркім  өзі  бастаған  істің  қожасы  болуы  керек  қой. Маған  артық  ақша  қажет  емес.  Өз  тапқаным  өзіме  жететін  адаммын.

  • «Мұңлық-Зарлық» атты  пьесаңыз  бар  емес  пе  еді?
  • Осы шығарманы  жазуға  себепші  болған  Нұрғали  Әшімов   еді. Ол  Оңтүстік  Қазақстанның   әкімі  боп  тұрған   кезде  екеуміз   Мұңлық  -Зарлықтың  басына  барған  едік. Содан  қайтқан  кезде ол  «Сіз  осыны  жазсаңызшы, керемет дүние  ғой»  деп  өтінді. Алғашында «тарихи  тақырыпқа шығарма  жазбап  едім,  қалай  болар екен?»  деп  қиналғандай  едім.  Сосын ойлана  келе   «тәуекел»  деп  кірісіп  кеттім.  Арыс  қаласына  Әшімовтың  көмегімен  Мұңлық-Зарлыққа композиция  тұрғыздық. Ол  жерде  мен  тек  балшық  илеген  жоқпын.  Ал  қалғанының  бәрін  істедім  деп айтуыма  болады. Қазір  сол  шаһардағы  үйленген  жастардың  бәрі  алдымен  сол  ескерткішке  барып  гүл  қояды.  Бұл  жаман  ба? Сол ескерткіштің     кішірейткен мүсін-белгісін  жасатып  Президентке  сыйладым.  Үстелінде  тұрсын  деп. Елбасы  қуана-қуана  алды. Сонымен  пьеса  жазылып  бітіп,  әуелі   Шымкент  қаласында   қойылды. Бүкіл  әкімшілік  апарат  барды. Ырза  болды.  Алты  күнде   он  екі  рет  қойылды. Сонда  ор  киіктің  рөлін  ойнайтын  Қарабекова  деген  актрисамыз   он екінші  қойылымның  үстінде  құлап  түскен. Әрине  шаршағанан  ғой. Мен осындай  халықтың  игілігіне  қызмет  ететін  кесене  үшін  ақша  сұрасам  оның несі  айып?

Сол, Елбасымен  кездескен  соң,  ел  арасында  «Дулат  Жазушылар  Одағының  төрағасы  болғысы  келіп  жүр»  деген   сыбыс та  естіліп  қалды.  Бұл  қаншалықты  шындық.

 – Мұндай  әңгіме    айтылған  жоқ.  Президент  сөз  арасында  Жазушылар  одағы  жайлы  сұрап  қалды. Ол  кісі  сұраған  соң  өз  ойымды айттым. Оны  жасырмаймын…

 

Әңгімелескен  Сейсен  Әмірбекұлы

Айқын  газеті, 26.06. 2012 жыл

Алдыңғы жазбаШакира 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ресми әнұранын таныстырды (видео)