– Қалихан аға, соңғы жылдары сізді жаз бойы Алматыдан таппайтын болдық. Қайдасыз? Әлде, Алматыдан жерідіңіз бе, әлде дау-дамайы мен қаңқу сөзі көп әдеби ортадан қаштыңыз ба? Алтайдан не таптыңыз, неңізді жоғалттыңыз?
– Міне, жиырма жылдай болып қалды, алты ай жазды елде өткізіп келемін. Қарағайдан «избушка» тұрғызып алғанмын. Жылда қарды қуалап Алтайға барамын, қар бізді қуалап Алматыға әкеліп тастайды. Өмір осылай өтіп жатыр. Елге баруымның себебі не дейтін болсаң, оған себеп толып жатыр. Бірде ел ақсақалдардың жиынына тап болдым. Ақсақал дейтін ақсақал жоқ, бір кезде бәріміз боқмұрын бала едік, енді солардың бәрі боқ мұрын шал болыпты. Әңгімеден әңгіме туды. «Қалихан ештеңе жазбай кетсең де енді өкпелемейміз. Мына елге қара» десті. Мұның да өзіндік себептері бар екен. Бұл сонау тәуелсіздіктің бастапқы жылдары еді. Қатын қарағай әбден тозып бітіпті. Аудан орталығы бері қарай Үлкен Нарынға көшіріліпті де, Қатын Қарағай елеусіз, ескерусіз қалыпты. Мұның арты елдің тозуына алып келсе керек-ті. Жұрт жаппай бері қарай, қай жақта тірлік бар солай қарай көшіп жатыр екен. Орманды қидалап шауып, ағаш үйлерді бұзып әкетіп жатты. Әкеткенде елге, халыққа пайдасы болар-ау деп жаратса игі еді, олай емес, лауызымды облыс шенеуніктері Қытайға апарып аз пұлға сатып жатыр. Аудан әкімі «Бұл енді менің қолымнан келмейтін нәрсе, тіпті прокурордың да қолынан келмейді. Қарағай кесіліп жатса, оның бәрі мемлекеттің жоспары деп сылтауратады. Ал даяр үйлерді бұзып әкетіп жатса, ол біреудің жекеменшігі. Тыйым сала алмаймыз» деді. Содан ары ойланып, бері ойланып, бір күні теледидар қарап отырсам, Американың, Африканың Ұлттық табиғи парктері жөнінде суреттеме көрсетіп жатыр екен. Ондағы әңгіме әлгі ұлттық парктерді қалай қорғайды, қалай ұстау деген мақсатта. Содан ойыма: «Неге бұл аймақты Ұлттық парк етіп құрып, бар байлығын талан-таражға салмай, ұстап қалмасқа?» деген ой келді. 643 мың гектар жерді алып жатқан Қатын қарағай ауданына мемлекеттік ұлттық табиғи парк деген мәртебе беру керек деген мәселені көтердім. Осы ойымды Президентке, Үкіметке, Парламентке жетсін деп, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда», «Түркістан» газеттеріне, Қасым Қайсенов, Бибігүл Төлегенова және біраз еліміздегі беделді адамдарға, жазушыларға қол қойдырып, мақала жариялаттым. Сөйтіп жүргенде арада бес жыл зымырап өте шықты. Елге қарай аяқ басуымның бірінші себебі – осы. Ауылшаруашылық министрлігінде айрықша қорғалатын аумақ деген бөлімді басқарып отырған Талғат Кертешев деген жиенім бар еді. Екінші бір жиенім Асқар Қабанбаев Парламенттің депутаты болатын. Мен көтерген мәселені ары қарай жылжытуға Асқар жиенім себепкер болды да, екінші жиенім Талғат сол ауданның бүкіл картасын жасап, оны үш аймаққа бөліп, Үкіметке өткіздік. Содан бес жылдан кейін Үкіметтің қаулысы шықты. Сәтін салғанда Президент те қолдап, жарлыққа қол қойды. Сөйтіп бұл аймақ Мемлекеттік Ұлттық табиғи парк деген мәртебе алды. Адамы ішке қарай босып, аңы сыртқа қарай қашып, бір жағы Ресей, екінші жағы Моңғолия, үшінші жағы Қытайға ауып кеткен. Ұлттық парктің кіре берісен шлагбаум қойған соң ғана тынышталып, жағдай қалыпқа келе бастады. Берлинде Халықаралық Ұлттық парктер орталығы деген бар. Соған тіркеттік. ЮНЕСКО-ға тіркеттік. Бұл менің елге бет бұруымның бір қыры. Дегенмен, Алтайдың байлығын емін-еркін жеп, үйреніп қалған кейбір топтар қарсылықта білдірді. Дегенмен, біз жеңдік. Тозып бара жатқан өлкеге осылайша қол ұшын бердім. Екінші бір себеп, адам қартая бастаған соң туған жерге қарай жақындағысы келеді екен. Өлсем, орным туған жерде жатсын деген ой да жоқ емес. Бірақ кейбіреулер секілді елге барып, алтай жаз жатып алып жазу жазбаймын. Қолыма қалам да алмаймын. Өйткені елдің ортасында отырып, ел жөнінде ештеңе жаза алмаймын. Ұзап шыққаннан кейін, алыста отырып, сонда тірлік етіп жатқан жерлестерімді сағынып отырып жазғанды ұнатамын. Тағы бір мәселені айта кетейін. Осы Алматының, Өскеменнің, Астананың кейбір жылпос адамдары біз жаққа барып, жер алып жатқан көрінеді. Ол жақтағы марал шаруашылықтарын да иемденіп алған. Ауданның халқы, Қаратай деген ел едік, солардың малшысы мен құлы сияқты болып қалыпты. Ауыл отыр, жері жоқ. Жайлауы да, шабындығы да өзгелердің иелігіне өтіп кеткен. Халық қорасынан мал шығара алмайтындай жағдайға жеткен. Өзің білесің, өзгенің иелігіне өтіп кеткен жерге мал бағып көр, арты не болады? Солардың дауына араласуға тура келді. Анау Ұлттық паркті құрғаннан кейін жұрт ойлаған болу керек, «Қалиханның қолынан бәрі келеді» деп. Бірақ менің қолымда билік те жоқ, ешқандай өкілеттік те жоқ. Дегенмен, араласуға тура келді. Жер туралы комиссияны қайта шақырттық. Бәрін тексерттік. Ақыры соттасып, 49 жылға жалға кетіп қалған жерлердің барлығын ауыл-ауылға қайтартып беруге тура келді. Міне, менің ауылға барғандағы жерлестеріме тигізген бар көмегімнің түрі осы еді.
– Сіз кейде «біз жетімдер әулетіненбіз, Алтай – жетімдер мен жесірлер өлкесі» дегенді айтып қаласыз? Бұны қалай түсінуге болады?
–Жас келіп қалғаннан кейін, туған елдің өткені мен бүгінін таразылап, елдің азаматтары, олар кімдер, кім болып еді, арғы тегі кім еді, деген ойлар келді. Осыны жазсам деп жүрген-тұғым. Қазір мына «Жұлдыз» журналында былтырдан бері шығып жатыр ғой, «Келмес күндер елесі» деген. Оны «Өмірбаяндық роман» депті. Жоқ, ол өмірбаяндық роман емес, роман-эссе. Онда өзім туралы аз, негізі ел-жұрт жөнінде. Шекарада жатқан аудан болғаннан кейін, ол жерде тұрып жатқан Қаратай елінің басынан неше түрлі трагедиялы жағдайлар өтті. Қазақ, «ойда он сиырдың мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиыр өкіреді» дейді. Бізге сол Кеңес Өкіметінің репрессиясы қылыштың қырындай болып жетті. 1928 жылы тәркілеуде елді асырап отырған игі жақсылардың барын тонап алып, өздерін ит жеккенге айдады. Содан қашқан біраз жұрт ары қарай, Моңғолияға, Қытайға өтіп кетті. Тіпті кейбірі кезіндегі Ресейдің Таулы Алтай автономиялық облысына барды. 1929 жылдан бастап Алаш партиясының қайраткерлерін қудалау басталды. Кезінде Ленин: қаулы шығарып, «Алаш партиясын совет құрылысына пайдалану керек» деген. Оның бәрін Сталин өшіріп тастады да, әкесін танытып қудалай бастады. Бұдан кейін иісі қазақтың жартысы ақ сүйек болып далада шашылып қалатын аштық келді. Одан кейін 1937-нің қанды қудалауы есік қақты. Сонымен елдің игі жақсыларын, зиялы қауымын, тып-типыл қылды. Әбдікерім деген болысымыз бар еді. Ол Петербургта Әлихан Бөкейхановтармен сұхбаттас болған. Сонда Орман шаруашылығы академиясында оқыған. Кейін 1920 жылы Семейде Алаштың жаңа бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейхановтың баяндамасына қосымша баяндамашы болды. Бір таң қаларлық жағдай , Қазан төңкерісіне дейін, біздің бір ауданда оннан астам жоғары білімі бар адамдар болыпты. Олардың бәрі Петербургте, Мәскеуде, Қазанда оқығандар еді. Бейімбет Майлинмен бірге «Ғалия» медресесін бітірген, сол жерде «Садақ» деген журналды шығарысқан адамдар да бар, арасында. 29 жылы қудалауға түскеннен кейін, солар топырлап ары қарай Қытайға өтіп кеткен. Сонда қызмет істеген. Бірақ Шыңшы Сай деген императорымен келісе отырып, НКВД (КГБ) Сталиннің нұсқауымен олардың бәрін ұстап алып, қол-аяғын байлап, түйеге артып, Новосібірдің түрмесіне алып барып, камерада сотсыз, заңсыз бәрін атып тастаған. Әбдікерімді үш рет түрмеге қамап, ең соңында ол да Қытайға қашып кетіп, Сарсүмбе деген қалада Совет консулының қызметкерлері у беріп өлтірген. Сонымен, ары қаш, бері қашпен жүрген уақытында, сүйектері далада қалды. Біздің елдің сол кездегі ел асыраған зиялы азаматтарының бірде бірінің қазір елде зираты да жоқ. 1937 жылдың репрессиясына байланысты ел еркек кіндіктен түп-түгел жұтады. Мынадай да сорақы болған. Колхоз ұйымдастырамыз деп, белсенділер бытырап жүрген елді бір жерге жинағанымен, түн ішінде жүктерін артып алып, жан-жаққа қашып кетеді екен. Халық әлі тұрақтанып болмаған, киіз үйде отырған Қаратай елін күндіз әкеліп бір жерге қамаса, түнде үйлерін жығып алып Қытай асып, Моңғол асып кете берген. Содан аудан бойынша әлгі белсенділер «маңқа» болды деп жұрттың жылқысын жиып алып, әр ауылдың тұсына ор қаздырып, пулеметпен түгін қалдырмай қырып тастаған. Одан кейін соғыс келді. Он сегіз бен қырықтың арасындағы жастардың бәрі майданға аттанды. Ал қырықтан асқандардың бәрін «труд армияға» алып кетті. Содан біздің өлке «жетімдер мен жесірлердің өлкесі» деп атанды. Бұл трагедия ма, трагедия.
– Өр Алтайдан өзіңіз, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан секілді қаламы жүрдек, жазғаны терең, көркем сөзді жетік меңгерген дара дарындар шықты. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы мен ерекшелігі неде?
– Бір кезде бір ауданнан бес жазушы бар едік. Солардың үшеуі – мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары. Мен, Оралхан, Әлібек Асқаров. Ал, Дидахмет Әшімхан – Ұлттық Алаш сыйлығының иегері. Қалғандары жастар. Бәріміз тек Алтай туралы жаздық. Себебі, бұл иісі түркілердің отаны. Біздің жыл санауымыздың 61 жылы бүкіл түркілер Отыкен өлкесіне жиналған. Яғни, Төр Алтайға. 551 жылға дейін сол жерде жатып, Тұран империясын жариялап барып жылжыған. Аты-шулы Аттила да содан аттанған. Көтенханның екі баласы Ашбөріхан мен Ботпай да содан аттанған. Шыңғысхан да сол жерден аттанған. Алтай, бүкіл түркілердің атамекені. Мұны әрдайым есте ұстаған жөн. Тарихи құжаттар бойынша бір кезде бұл жер Отыкен атанған. Ал бізге келетін болсақ, тақырып бір болғанменен, уайым бір болғанменен, ой бір болғанымен жазуымыз әр қилы. Оралхан көп ретте публицистикамен жарып шақты. Дидахмет лирикаменен. Әлібек Асқаров әзілімен. Осылай біздің стиліміз әртүрлі. Негізі, бір-бірімізден қашықтап кеткеніміз жоқ. Себебі жазғанымыз біреу, Алтайдың тағдыры.
– Сіз «біздің буын» деп, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Ақан Нұрмановтарды жиі ауызға аласыз. Осылардың ішінде жүйрік шыққаны қайсы, несімен?
– Кезінде бізді студенттер «бес тапал» деп атап еді. Сол бес тапалдың қазір үшеуі ғана қалды. Әкім, мен және Қабдеш. Бәріміз алпысыншы жылдары келдік әдебиетке. Бұлардың біреуі озды, біреуі кеш қалды деп айту қиын. Әкім негізі кинодраматургиядан келді. Қабдеш арғы беттен келді де, жазғанының дені сол жақтың өмірі болды. Сайын о баста әңгімелеріне ауыл өмірін арқау етті. Соның түбіне жетіп барып тоқтады. Рамазанның алғашқы дүниесі «Ертіс мұхитқа құяды» деген романы болатын. Сол кезде «Ертіс мұхитқа құя ма, әлде Рамазанның қалтасына құя ма?» деген қалжың да шықты. Ол тұтас бір өңірдің тарихынан бастап бүгінгісіне шейін өзінің көркем шығармаларына азық етті. Ақан өзінше келді. Оның ең соңғы дүниесі – «Құланның ажалы». Құлан деп отырғаны кешегі Кейкі батыр. Құлан деген – қыпшақ ішіндегі өзінің руы. Бұған дейін оның «Аққу шоқжұлдызы» деген белгілі жақсы повесі болды. Ол мынау Тың көтеруге байланысты. Ақан осыны қазып жазды. Өзгеше жазды. Шындықты жазды. Ақан 34 жасында қайтыс болып кетті. Ортамыздан ерте кеткен сол болды. Бүгінге дейін өмір сүрсе, қанша дүние жазар еді, қайтіп жазар еді? Ол бізге де жұмбақ болып қалды. Қарымды жазушы еді. Менің замандастарым осы жігіттер. Әрқайсы өзінше жүйрік. Бірінен-бірі кем деп бөле-жара алмаймын. Бұлардың қай-қайсыда тума талант иелері.
– Қазіргідей бір ғасыр түгесіліп, жаңа ғасырдың есігін аттаған өліара кезеңде жазушылар үшін темірқазық не болуы тиіс? Бағыт-бағдары жоқ қаламгер адасуы сөзсіз ғой.
– Дәп қазір поэзиядан басқа жанрдың бәрі иесіз қалды. Бұрын жазушылар «не жазсам деуші?» еді, цензурадан жасырыну үшін, «үй артында кісі бар» деп жасқаншақтайтын. Қазір жазайын десең, бәрі бар. Еркіндік, тақырып кеңдігі дегендей. Бірақ «қайтіп жазам, қалай жазам?» деген сұрақты ешкім өзіне қойып отырған жоқ. Қазір прозаға бой ұрған жұрт жасы болсын, тіпті кәсіпқой жазушылардың өзі болсын, прозаның техникасын меңгермеген. Әйтеуір жазып жатыр. Әңгіменің өзіндік тілі бар, шеңбері бар, повесте солай. Роман деген жанр, эпикалық болу керек. Оның тілі де, суреті де эпикалық болуы шарт. Қазіргі прозада жазылған нәрселердің бәрін көпшілік «сыншыл реализм» деп жүр. Бұлардың бәрі мезгілдік нәрселер. Келешекте ол әдебиеттің алтын қорына кірмейді. Себебі мұндағы негізгі өзек болып отырған көшедегі әңгіме, базардағы әңгіме, қазіргі тіршліктегі кем-кетіктер. Бұл керек десеңіз фельетонның тақырыбы. Ал фельетон дегенің мезгілдік баспасөздердің қорегі болмаса, көркем әдебиетке жанаса бермейді. Прозаиктердің біразы өткенді, тарихты жазып, архивке жүгіріп жүреді. Өйткені бүгінгі күнде орентир жоқ. Нені көтеру керек, нені мадақтау керек, неге разы болып отырып жазу керек, неге кейіп отырып жазу керек деген мәселенің бағдары жоқ. Өйткені кейіпкердің кім екенін білмейді қазір. Шенеунік пе, бизнесмен бе, өнер адамы ма? Қайсысы?
– Кезінде бір сұхбатыңызда пайғамбар түркіден шыққан деген алабөтен бір әңгіме айтқан едіңіз? Пікіріңіз өзгерген жоқ па?
– Пікірім өзгерген жоқ. Пайғамбардың неге үш атадан кейін кім екенін айтпайды? Неге оның суреті жоқ. Бізге жеткен аңыз, ауызша әңгіме бойынша пайғамбар басқа елден келген дейді. Руының аты – Құрайыш. Құрайыш деген арабтарда сирек кездесетін ру. Пайғамбар ұлы адам. Арабтардың басын біріктіруге теңдессіз еңбек еткен жан. Бір кезде теңізбен ғана қатынасатын араб елдерінің басын біріктіру үшін ол Мекке мен Мединенің ортасына қатынас жолын жасады. Енді араб елдері құрлықпен бір-бірімен байланысып, сауда-саттық , араласу арқылы біріге бастады. Неге әлемдегі ұлы адамдардың көбі өмірінің соңында ислам дініне кіріп, соны жақтап шығады. Әсіресе, жазушы, ғұлама ғалымдар. Олардың айтуынша, «ислам діні өте нақты». Осыдан 1430 жыл бұрын құранда айтылып кеткен, заман ақыр туралы. Онда «заманақыр болады» дейді. Бірақ оны Алла жібермейді, адамдардың өзі тілеп алады дейді. Аспанға адам ұшады, ол халыққа ешқандай жақсылық әкелмейді, бәсекенің жемісі дейді. Атмосфера бұзылады, содан кейін жерге зауал келеді дейді. Зауал деп отырғаны, бір тесілген азон қабаттары қайтып жамалмайды екен ғой. Сол болса керек-ті. Түбінде адамзат өз қоқысына өзі тұншығып құриды дегенді келтіреді. Иісі түркілердің ұлы қағаны, Шыңғысханның тағы бір даналығы сол, «қалалар адамзаттың көрін даярлап жатыр» дейді. Бұған қандай дау айтасың? Шындық па, шындық. Қазір бар лаң, іріп-шіру шаһарлардан бастау алып жатқан жоқ па? Жалпы, мен пайғамбардың түркілерден шыққан деген пікірімде қаламын. Көзі көк, өңі сары болған. Ал арабтардың бәрі қара ғой. Оның соңғы әйелдері қыпшақтар болған. Пайғамбардың хадистерін жинаған соңғы әйелі. Хадистер жазылғанда пайғамбар өлгеннен кейін екі жүз жылдан кейін шықты. Бірінші әйелі Хадишаның да араб екені белгісіз. Кім біледі ол да түрік шығар. Соңғы әйелі қыпшақ қызы. Дегенмен, пайғамбарды араб па, түркі ме, деп нәсіліне бөліп жатудың қажеті жоқ. Оның ұлылығы сол ислам діні арқылы әртүрлі ұлттарды бір идеяның басына топтастыра білуінде. Жақында теледидардан америкалықтардың бір бағдарламасын көрдім. Онда олар мынадай қорытынды жасап жатыр. «Ғылым әлі күнге түк те ашқан жоқ. Құрандағы айтылған нәрселерді дәлелдеумен келе жатыр» дейді. «Оны біз жаңалық деп келеміз. Ал ол 1400 жыл бұрын құранда жазылып, айтылып қойған». Библия, Інжілдерде айтылғандар жалпылама нәрселер деседі әлгілер. Олардың құдай деп танып отырғаны арғы тегі беймәлім, белгісіз. Адам ба, әлде аспаннан түскен құдірет иесі ме, оны әлі ешкім дәлелдей алған жоқ. Ал Мұхамед тарихи тұлға дейді.
– Сондай-ақ, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» жөнінде де оғаш пікір білдірдіңіз…
–Жеті жарғының нұсқасын алып келген Шыңғысхан. Оны іске қосқан Қасымхан. Жәнібек пен Керей 1453 жылы қазақ хандығын жариялады. Бірақ кейін ол әлсіреп кетті. Қазақ мемлекетін нағыз мемлекет ретінде құра білген тек Қасымхан ғана. Ол қолданған заң сол Шыңғысханнан қалған мемлекетті басқару ісі еді. Ол кезде ол жеті жарғы деп аталмаған. Ел болу үшін, мемлекет болу үшін ең бірінші заң керек дейді хан. Қасымхан қазақ елін аяқтан тік тұрғызу үшін өзбектермен отыз алты жыл соғысты. Ташкенің бар, Бұхара, Самарқаның бар, мұқым Мауренахр, Ауғанстан жерінің үштен бірін босатып, билеп тұрды. Мұхамед Шәйбанимен соғысты. Ол да өз тұқымы, тек тоқалдан туған. Бір айта кетер жайт, Шыңғысхан Бөртеден туған балалардан басқасына билік бермеген. Бөртеден туған балалардың барлығына қоңыраттан қатын әперген. Неге? Әйелдердің тегі бір, төркіні бір. Бәрі апалы-сіңілі, абысын адамдар. Қазақ айтады ғой, «абысын тату болса ас көп» деп. Туған балалардың нағашысы бір, ал жігіттердің қайын жұрты бір. Соның бәрі бірлікте ұстаудың нәтижесі. Әртүрлі ұлттардан алған қатындардан туған балаларға билікті бермеуінің бір сыры – осы. Өйткені олардың төркіні бөлек деді. Кейін қарына қарай тартып, жұдырықтай жұмылып отырған елді әлсіретеді, бөлшектейді деп ойлады Ұлы Қаған. Міне, бірлікті сақтау үшін, қандай ұстаным ұстанған адам. Мұның өзі көрегендік. Сол Қасымхан кезінде билеген теңдесі жоқ үлкен аумақтың Абылайхан соның үштен біріне ғана ие болды, айтқанын жүргізді. Мемлекетті ұстап тұру үшін ең бірінші территория, армия және заң қажет. Мұны Қасым да, Есім де, Тәуке де білді. Сондықтан Ұлы Қағаннан қалған жарғыны өз дәуірлеріне сай етіп, жасауға тырысты. Міне, «Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол» деген осыдан қалған. Қасымнан кейінгі қазақтың ең мықты ханы, сол Қасымның ұлы Хақназарды өзбектер у беріп өлтірген. «Есім салған ескі жол» дейтін себебі, Есімхан Қасымхан не жасап кетті соны қайталауға тырысқан. Содан ескі жол атанған. Кейіннен Тәуке соны мемлекеттік заң қылып бекітті.
– Тарихқа байланысты орайластырып айтатын тағы бір сауал ол – Шыңғысханның шыққан тегі жөніндегі бүгінгі талас. Біреулер үшін басқыншы, ойрандаушы, ал өзге біреулер үшін Ұлы қаған, ірі қолбасшы. Шыңысханды сіз қай тұрғыдан көресіз?
– Шыңғысханның арғы тегінің бәрі Алтайдан шыққан. Оның төртінші атасы Хайдухан бүкіл Сібірді басқарған. Өзінің аты – Темірші. Әкесінің аты – Есугей. Би мен Гейдің айырмашылығы сол, Гей деген жаугершілік заманда «қолбасшы» деген ұғымды білдірген. Биді қазір сот деп жүр. Бірақ соттан гөрі, би деген сөздің шеңбері кеңдеу. Есугейдің әкесі Қабылхан, Қабылханның әкесі Хайдухан. Оның әкесі Түмен хан . Ортасында Амбағай бар. Жетінші атасы Байсұнқар. Сегізінші атасын Бөржігін дейді. Аңыз бар. Оның шешесі бөрінің бауырына жерік болыпты деген. Аңыз – аңыз ғой. Бөрі деген түркілердің символы емес пе?! Сегізінші атадан бастап бұлар қыз алыса бастайды. Өйткені ол кезде бұл руға айналып кетеді. Шыңғысханның Қытайды шапқанда жүз мың қолы бар болатын. Хорезмді шапқанда әскерінің саны үш жүз мыңға жетті. Хорезмге аттанар алдында, Алтайда ол резерв ретінде мың қол ұстады. Алдымен ол өзінің шыққан жері. Алтайда темір де бар, күмісте Алтайда, алтын да Алтайда. Қысқасы, керек-жарақтың бәрін Алтайда соқтырды. Қазір Шыңғысханның сүйегі осында шығар деп білгіштер бірнеше жерді белгілеп отыр. Ұлытау, Алтай, Қарақорым. Кезінде әйел затын қатты бағалайтын түркілер әйел өлсе, табытқа салып, үш күн бойы қарағайға асып қойып, етін ағызып жіберіп, сүйегін алтын-күміс қымбат заттарға, үлде мен бүлдеге орап көміп, үстінен мал айдап жіберген. Кейіннен бір ашкөздер көрін қазып, тонап жүрмесін деп. Ер адамды кез-келген жерге қоя салатын болған. Шыңғысхан өлгенде өзеннің арнасын бұрып, соның табанына көрін қаздырып, сүйегін қойып, үстінен өзенді қайта ағызып жіберген дейді. Қалай болғанда да ол өзеннің астында жатуы мүмкін. Ол үшін оны анау Бұрхан тауына апармайды. Себеп, Шыңғысхан ешуақытта билікті тартып алмаған. Ол үш рет сайланған. Екі рет ол хан болып сайланған. Үшінші рет қаған болып сайланды. Қаған деген император дегенді білдіреді. Қағанат деген империя. Ол соңғы рет император болып сайланған кезінде он алты тайпаның өкілі ақ киізге салып, қаған етіп көтерген. Соның бірі кешегі өзіміз айта беретін «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін Майқы би атамыз болса керек. Ол қай жерде қаған сайланды, сол жерде көмілуі мүмкін. Осы уақытқа шейін, Қытайы бар, моңғолы бар, Батысы бар Шыңғысханды бізге, яғни түркілерге жолатқысы келмеді. Ол ең алдымен түркі тайпаларының басын біріктірді. Себебі, кешегі құлап қалған Тұран империясын қайтадан қалпына келтіремін деді. Қауіптің бәрі Қытайдан болғандықтан алдымен соны шапты. Хорезмді шабуының себебі ол жақта парсылар кеулеп ішке кіріп келе жатты. Оны тоқтату керек болды. Арабтық шовинизмді тоқтату керек болды. Көрдіңіз бе, күні бұрын ол төрт жерден тосқауыл қойды. Оның арманы екі мұхиттың арасын түркілерге толтырсам деген ой-тұғын. Бірақ ол қолынан келмесе де, ұрпақтары біраз жерге жетті. Өлерде оның айтқаны бар; «мен тарихта түк бітірімегенің өзінде, түркілердің қауіпсіздігін үш жүз жылға қамтамасыз етіп кеттім» дейді. Әулиелігі сол, тура үш жүз жыл өткенде, Қытай мен Ресейдің қыспағында қалдық. Тұран империясын қайтадан қалпына келтірем деп шыққан Шыңғысхан әуелі ағайыншылық үгітке көнбегеннен кейін, қылыш суырып, біраз ру-тайпалармен қырқысуға барды. Мұндағы мақсат бір шаңырақтың астында болу еді. Наймандар Шыңғысханды жиырма жыл ұстап қалды. Бұл наймандардың үлкен қателігі. Нағыз от боп жанып тұрған кезінде Шыңғысхан сол империяны тұрғызып үлгерер ме еді… Егер де Шыңғысхан наймандардың кесірінен жиырма жыл Алтайда бөгеліп қалмағанда бүгінгі тарих қалай болар еді… Бәлкім, тарих доңғалағы басқаша дөңгелер ме еді? Еуропаның тарихшылары шығарған бір жаңсақ ұғым бар. «Түркі зорлығының үш кезеңі» дейді. Біріншісі – Аттила. Екіншісі – Ашбөріхан. Кезінде болгарлар «хан Аспарух» деген екі сериялы кинода түсірген. Олардың «Аспарух» деп жүргені Ашбөріхан. 663 жылы Батыс Тұран құлады ғой. Сол кезде Ашбөріхан барып қайтадан қалпына келтірді. Болгария деп жүргеніміз, болгар деген біздің арғы тегіміз. Кейіннен Болгария атанды. Қазақтың сөзі бар, «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау» дейді. Содан қалған сөз. Үшіншісі – Шыңғысхан. Армияны ұстап тұру үшін қаражат керек. Бұрын жаулап алған тайпалардың есебінен ұстаған. Сосын ел ішінде наразылық болатынын күні бұрын есептеп, Шыңғысхан өзінің жаулап алған аймақтарын тоқсан бес ұлысқа бөлді. Әрқайсын мың қол деп атады. Өйткені әр ұлыс мың қол шығаруға тиіс еді. Оның аты, қару-жарағы жалпы барлық қаражатын сол ұлыс көтеріп алды. Өйтпесе Хорезмді шапқан кездегі үш жүз мың қолды қалай ұстап тұрар еді? «Мыңқол» деген осыдан шыққан. Кейінгі жұрт оны «моңғол» деп өзгертіп алып, Шыңғысхан моңғолдан шыққан деседі. Шындық басқа жақта. Шындығында мына отырған мұңғылдар Тибеттен келгендер, дұрысы – ауып келгендер. Тарихта оларды «көшпенді жалдамалылар» деп атайды. Бұлар бір тұтас халық болған емес. Қырық темірдің қылауынан жиналған. Бірнеше тайпалардан құралған. Бұларда ортақ тіл де болмаған. Тіпті бұларда жазу-сызу мәдениеті де болған жоқ. Ал Шыңғысханның өмірбаяны моңғол тілінде жазылған жоқ. Ол түркі тілінде жазылған. Оның жорықтары мен өмірбаянын жазған найманның Тататұнға деген оқымыстысы. Ол түркі тілінде жазылған жалғыз данасы еді. Кейіннен Шыңғысханның немересі Құбылайдың қолында болған. Құбылайдың қолында болғаннан кейін алдымен Қытай тіліне аударылған. Ол кезде Құбылай Қытайды билеп тұрды. Моңғолдар оны өздеріне қытай тілінен кейін аударды. Осыған байланысты жер аттары, ру аттары өзгеріске ұшыраған. Өйткені Қытайда біздің әріптеріміз жоқ. Шыңғысханның нағашысы – қоңыраттар. Өзі қият. Қазақта қыпшақ-қият бір туған дейді. Бұл – көнеден келе жатқан сөз. Сондықтан Шыңғысханды үш емес, он қайнатсаң да оның моңғолға еш қатысы жоқ. Оның барлығы кейінгі тарихтың қитұрқылары. Ал Еуропаның тарихшылары оны моңғол демейді, моғол дейді. Моғол дегенің, қазіргі мына Жетісу ғой. Ол кезде Жетісуда біздің дәуіріміздің VI ғасырында тиграхауд, дайдақ деген ел болған. Дайдақтан қалған адай. Тихрахаудтың бертінгісі үйсіндер, қыпшақтар. Көрдіңіз бе? Шыңғысханды қанішер, басқыншы деп атау, бертін келе айтылды. Яғни, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, онда да тарихшылар емес, саясатшылар Шыңғысханды Гитлердің жанына апарып қойды. Оны жамандау содан басталды. Тағы қайталап айтамын, тарихшылар емес, саясатшылар. Шыңғысхан ешқандай басқыншы емес, түркі халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін амалсыз арпалысып жүрген адам. Иісі түркінің Ұлы Қағаны. Мақтанышы. Дүние жаһан мемлекеттік құрылым, әскери құрылым бәрін Шыңғысханнан алған. Бұған ешкім дау айта алмасы анық.
– «Қазақстан тарихы қайта жазылуы керек. Қазақ көшіп-қонып жүрген, жабайы болған деген мылжыңды тоқтату керек» деп те кезінде өз ойыңызды ашық айтқансыз. Бүгінгі жазылып жатқан тарихи көркем шығармаларға көңіліңіз тола ма? Не жетпейді?
–Қазақстан тарихы қайта жазылуы керек. Түркі тайпаларының ішіндегі қазақтар эпикалық халық. Ал эпикалық халық заманақыр болмай, еш уақытта өлмейді, жоғалмайды. Неге эпикалық? Сақ дәурін біз екіге бөлдік. Ойқұрт, башқұрт деп. Бүгінгі тілмен айтқанда авангард, ариергард. Ойдағы құрт, бастағы құрт деген сөз. Құрт деген түркі сөзімен айтқанда қасқыр дегенді білдіреді. Сол ойқұрттың бүкіл тарихын өздеріне көшіріп алған жұрт та бар. Отыкенде түркілер 61 жылдан бастап, 551 жылға дейін өмір сүрді. Тұран империясын жариялап барып жылжыды. Содан бері түркі тарихын, мәдениетін, ауыз әдебиетін, тағысын тағыларын қазақ сақтап келе жатыр. Өзбек дейміз, олар бізден он бесінші ғасырда ғана бөлінген жұрт. Түбі бір халықпыз. Кейіннен бұларға жебірейлер, парсылар қосылып кангломират болып кетті. Қарап отырсаң, Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосын айттық қой, мың бес жүз жыл болды деп. Бұл цифрды қайдан алып отырмыз? Тұран империясын жариялаудан алып отырмыз. Ағылшынның Джеймс Червар деген ғалымы болған. Теңіз офицері. Өмір бойы Үндістанда қызмет атқарған. Сол түркілерді 60 жыл бойы зерттеген. Себеп, Тынық Мұхитының бір жағалауы опырылып судың астына түсіп кеткен, су астында қалған заттарды көтерген кезде 220- дан астам қазақтардың қазіргі рулары мен тайпаларының таңбасы шыққан. Сонда әлгі ғалым айтады, дүние жүзілік цивилизация түркілерден тараған деп. Демек, жұрт өркениет түркілерден басталған деп жатқан кезде, біздің тарихымыз қайдан бастау алатынын сезінген артық емес.
– «…КСРО-ның кезіндегі Қазақстан Жазушылар одағы қандай еді? Сол кезде бұл Одақ тіркелмеген ұлттық партияның рөлін атқарды… Жазушылар одағы қазақ халқының сүйеніші, таянышы болды…» деп еді бір сөзінде Қабдеш Жұмаділов. Сіз не дейсіз бұған?
– Ақиқат. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында интеллигенцияға біраз қысым болды. Соның ішінде Жазушылар одағына деген. Кезінде Жазушылар одағы зиялы қауымның бір тірегі еді. Ол тұста, Одақ әлеуметпен де, саясатпен де айналысты. Ұлттық мәселелерді де көтерді. Қазір ол деңгейге қайта көтеріле алмай жатыр. Неге? Оған сан түрлі себеп айтуға болады. Десек те бүгінгі күні ТМД елдерінің ішінде Жазушылар одағын ұстап отырған тек Қазақстан. Одақ Үкіметтің, ашығын айтсақ Президенттің сүйемелдеуімен өмір сүріп отыр. Ешқандай қаражат бермейді, бірақ еркіндік берді. Соған қанағат.
- Қазір не жазып жүрсіз?
- «Келмес күндер елесі» деген роман-эссені бітірсем деп жүрмін. Жалпы, бұл біткен дүние. Айналып келіп, оқып қарасам біраз айтатын нәрселер бар екен. Қазірде көзі жоқ жазушы ағаларымыз, ақсақалдарымыз, сосын көзі тайып кеткен замандастарым туралы, ел туралы, жер туралы біраз ойларды қосуға тура келіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, аумағы мен тереңін біраз қоюлату керек. Бәзбір жерлерін қысқарттым. Әлі еш жерге ұсынғаным жоқ. «Қашан бересің?» деген баспалар бар. Әңгіме менің өз басым емес, менің ортам, уақыт, заман туралы. Жалпы, жазатын дүние көп. Бірақ оған денсаулық та жібермей жатыр. Уақыт та қысып келе жатыр.
Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
«Айқын» газеті. 15.11. 2010 жыл