«Алаш» қазақ-демократиялық партиясының белді мүшесі, талантты ғалым-Әлімхан Ермековтың «Алаш Орда» автономиясының іргетасын бекемдеудегі еңбегі ұшан-теңіз.
Ол тұңғыш қазақ партиясының төрағасы Әлихан Бөкейханның сенімді саяси серігі болды. Ермековтің ерлікке балайтын ерең еңбегі- 1920 жылдың 24 тамызында Мәскеуде Ресей большивиктер партиясының көсемі Владимир Лениннің төралығымен өткен Кеңес одағының халық комиссарлар кеңесінде «Қазақстан Республикасының жер туралы» жобасын ресми түрде бекітіп, автономиялық республика мәртебесін иеленуіне зор сеп тигізді. Қазақтың қайсар перзенті ол кезде небары 29 жаста болған еді. Көрнекті қайраткердің туған халқының мүддесі жолындағы күресі аңызға айналды. Бірақ тау тұлғаның отбасындағы өнегелі қыры әлі де көпшілігімізге жұмбақ. Азаттықтың ақ таңын көрген алаш ақтаңлағы бостандыққа шыққаннан соң өмірінің соңына дейін кеншілер шаhарында тұрды. 18 жыл абақтыда отырып келген көрнекті қайраткер қалған ғұмырын ғылым -білімге арнады. Төмендегі сұқбатта «Алаш Орада» Үкіметі премьер-министрінің орынбасары болған, қазақтан шыққан тұңғыш математика ғылымының профессоры Әлімхан Әбеуұлы жайлы немересі техника ғылымдарының кандитаты Олег Мағауияұлы сыр ақтарады. Ол санаулы күннен кейін 101 жасқа аяқ басқалы тұрған анасы Нина Александровнамен Қарағанды қаласында тұрады. Айтпақшы, көкірегі шежіреге толы Алаш қайраткерінің келіні аяғынан алған жарақатқа байланысты төсек тартып қалыпты. Сондықтан бізге Олег Ермековпен аз -маз сұқбаттасудың сәті түсті.
Сұрақ: Сіздің атаңыз XIX ғасырда большевиктер партиясының кеңесінде Қазақстанның шекарасын шегендеуге орасан зор үлес қосты. Бізге мәлім де, беймәлім Әлімхан Ермеков қандай адам еді?
Олег Ермеков: Жасөспірім шағымда атамның үйінде жиі барып тұрдым. Үлкен әкемнің әртүрлі жастағы және саналуан ұлты өкілдерімен, білімі мен мәдениеті жоғары адамдармен талай кездесулерінің куәсі болдым. Сол кезде оның мемлекет қайраткеріне тән ерекшелігін аңғардым. Әлімхан Әбеуұлы сұқбаттасушылармен қарым-қатынаста ашық әрі демократиялық принципті ұстанатын. Кез келген тұлғамен тез тіл табысып, әңгімесін әсерлі баяндайтын. Тәкаппарлық пен намысқойлықтың кез- келген көрінісі оған мүлдем жат еді. Тағы бір қасиеті- кім кіммен болсын тең дәрежеде сөйлесіп, кісінің сөзін құрметпен тыңдай білетін. Жақындарын айтпағанда, таныстарының мәселесі мен тағдырына шынайы көңіл бөлу- оның азаматтық ұстанымы еді. Оның осынау ерекшелігін сезген айналасындағылар атама ерекше құрмет көрсетті. Алаш қайраткерінің жеке басының жинақылығы менің жадымда бүгінге дейін сайрап тұр. Атамның келбеті келісті, жүріс-тұрысы сымбатты, кіршіксіз таза әрі талғамға сай киінетін. Оның үйі әрдайым таза, жинақы болатын. Үлкен әулеттің жиhаздары этетикалық талғамға сай жинақталғандықтан, шырайлы шаңырақтағы эстетикалық әсемдік қонақтарды жылы әсерге бөлейтін.
Сұрақ: Сіз мінезіңіз бен болмысыңыздан атаңызға ұқсастықты көресіз бе?
Олег Ермеков: Әлбетте, тұлғаның мінез-құлқы мен құндылықтар туралы түсінігі отбасында қалыптасады. Менің ойымша, адамның шыққан тегі түбінде әлеуетіңе әсер етеді. Бірақ, ой-мақсатыңды жүзеге асыру ойлағаныңдай бола бермейді. Әйткенмен, мен өте бақыттымын! Балалық және жастық шағым Әлімхан Ермеков сияқты ерекше тұлғаның жанында өтті. Әзиз атамды ең алғашқы кемеңгер ұстазым әрі тәлімгер тәрбиешім ретінде бағалаймын. Үлкен әкемнің жаңаша ойлайтын ұлт элитасының қатарынан шығуы маған мақтаныш сезімі мен жауапкершілік сезімін жүктеді. Жүрегімдегі осынау сезімдерді төзімділіктің, табандылықтың және әділеттіліктің бірегей үлгісі ретінде бекіттім. Балалық шақта атамның әр әрекетін сырттай бақылауға дағдыландым. Әсіресе, оның мәмілегерлігі, табандылығы, ыждаhаттылығы өмірілік ұстанымыма айналды. Жадымда сақталғаны- ол өз басынан өткерген зобалаң кезеңді еске алмақ түгілі, тозаққа айналған күндерін санасынан сызып тастауға тырысты. Орманның ерекшелігін оны үнемі сырттан қарап бақылаған біледі. Десе де, менің қанымда, бойымда Ермековтің «гендік ерекшелігінің» бөлшектері бар. Ол қасиеттерді атамның көзін көріп, жақын араласқан жандар тап басып айта алады.
Сұрақ: Алаш арыстарының Қазақ мемлекетін қалыптастырудағы арман- мұраты биік болатын. Рухы биік, ақылы озық арда азаматтар тарихта лайықты бағасын алды ма?
Олег Ермеков: Тәуелсіздік таңы атқалы халық алашордалықтардың қызметін жиі еске алып, айта бастады. Жөн-ақ. Бұл- тарихқа тағзым нышаны. Әлемдік кеңістікпен ойлайтын жаңа дәуірінің ұрпағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихындағы ең маңызды кезеңді тереңірек түсінуге, халық мүддесіне қызмет етуге арнаған ұлт қайраткерлері мен қаһармандарының рухымен сусындауға еркін мүмкіндік алды. Түптеп келгенде, тарих – ұлттың рухын қалыптастыратын шынайы, бұрмалаусыз білімнің ең ұлы күші екені анық. Ең маңызды құндылыққа қол жеткіздік. Жария күтіп жатқан ақтаңлақтар лайықты бағасын алды. Алайда, тәуелсіз ел ұмтылған «Алаш Орда» қырандары жайында жастардың таным түсінігі қандай
Бүгінгі таңдай өскелең ұрпақтың бұл тақырыптан білімі зор немесе таяз деп айту қиын. Әйткенмен, тұлғаның азаматтық ұстанымын дамытып, қалыптастыру жеке бастың ырқына байланысты. Халықтың болмысына тән құндылықтарды «Алашордалықтардың» мақсат-мүддесінен аңғару қиын емес. Ұлт зиялылары Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Міржақып Дулатов секілді кіл мықтылардың елдік сананы жаңғыртудағы жасампаз істері кәрі тарихта сайрап тұр. Ел қамын жеген күрескерлерінің арманын, тілегін орындау-жаhандық көзқарастағы қазақ жастарына аманат.
Сұрақ: Бабаларымызда: «Немерең қызмет етіп өтемелі, шөберең төбесіне көтереді» деген ғибратты сөзі бар. Сіз ғылым жолын таңдадыңыз. Балаңыз Әділ қай саланы таңдады, немен айналысады?
Олег Ермеков: Әділдің бала кезден өз ұстанымы болды. Оның санасында дүниежүзіндегі ең озық білім беру жүйесі Англияда деген түсінік қалыптасты. Көкейдегі ойына қол жеткізді. Мектепті бітерген соң, тұманды Альбионға жол тартты. Британияда екі жоғары оқу орынын тәмамдады. Әділ қазір шетелде білім алу бағыты бойынша маман болып жұмыс істеп жатыр. Осы салада жеке компаниясы бар. Негізгі кәсібі- жастарға әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына грантпен білім алуына жол нұсқайды.
Ағылшын елінде 25 жылдан бері тұрады.
Сұқбатыңыз үшін рақмет!
Айтбала Сүлейменқызы