Қазақстан экономикасының маңызды өнеркәсіптік орталықтарының бірі – Атырау екені белгілі. Алайда мұнайлы өлкенің байлығы мен өндірістік әлеуетінің көлеңкесінде қоршаған ортаның жай-күйі, ауаның тазалығы мен тұрғындардың денсаулығы мәселесі өткір тұр. Соңғы уақытта қалада ауа сапасының күрт нашарлағаны туралы шағымдардың көбеюі жұртшылықтың алаңдаушылығын күшейтті. Осындай жағдайда Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) қызметіне қоғамдық бақылауды жалғастырып, бірқатар ықтимал экологиялық заңбұзушылықтарға қатысты құзырлы мемлекеттік органдарға ресми хаттар жолдады. Әлбетте, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатысты мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. «Байтақ» партиясының мәліметінше, 2026 жылғы 5-7 қыркүйек аралығында Атырау тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлағанына және тыныс алудың қиындағанына шағымданған. Осы жағдайға байланысты партия экологтары мұнай өңдеу зауытының құжаттарын зерделеп, қоршаған ортаға шығарылатын ластаушы заттардың құрамы мен көлеміне қатысты бірқатар сәйкессіздікті анықтады. Партияның назарын аударған алғашқы жайт, атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың атаулары бойынша көрсеткіштің 49-дан 79-ға дейін өсуі. Яғни жаңа жобалық материалдарда бұған дейінгі құжаттарда көрсетілген 49 заттың орнына 79 түрлі ластаушы зат аталған. «Байтақ» өкілдерінің пайымдауынша, бұл айырмашылық қолданыстағы экологиялық рұқсат талаптарының сақталуына қатысты сұрақтар туғызады. Партия атмосфераға шығарылатын қосымша 30 заттың нақты қай кезеңнен бастап бөлінгенін және олардың қолданыстағы экологиялық рұқсатпен қамтылған-қамтылмағанын тексеру қажет деп есептейді.
Бұл мәселе 2026 жылғы 9 қазанда зауыттың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді экологиялық рұқсат алуына байланысты өткізілген қоғамдық тыңдауда да көтерілді. Қоғамдық тыңдаулардың мәні – өндірістік жобаларға қатысты ақпаратты ашық талқылап, қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалау. Сондықтан мұндай алаңда айтылған әрбір уәж нақты құжаттармен тексеріліп, қоғамға түсінікті жауап берілуі керек.
Партия көтерген келесі мәселе, өндірістік ағынды сулармен бірге шығарылатын ластаушы заттардың көлемі. Қолданыстағы 2025 жылғы 5 желтоқсандағы экологиялық рұқсатқа сәйкес, зауытқа 2026 жылы жылына 6 643,757 тоннадан аспайтын көлемде ластаушы заттарды төгуге рұқсат берілген. Ал қоғамдық тыңдауға ұсынылған рұқсат етілетін төгінділер нормативтерінің жобасында бұл көрсеткіш 6 743,033 тонна деп көрсетілген. Екі көрсеткіштің айырмасы 99,276 тонна, яғни шамамен 100 тонна.
«Байтақ» партиясы бұл айырмашылықтың себептерін анықтап, төгінді көлемінің артуы қай кезеңнен басталғанын және оның қолданыстағы экологиялық рұқсат талаптарына сәйкестігін тексеруді сұрайды. Сондай-ақ төгінді көлемін ұлғайтуға қатысты тиісті жобалық құжаттардың уәкілетті органмен келісілген-келісілмегеніне құқықтық баға берілуі қажет деп санайды. Мәселенің мәні тек сандардың өзгеруінде емес. Егер өндірісте пайдаланылатын табиғи ресурстардың, шикізаттың немесе судың көлемі артса, технологиялық үдерістер өзгерсе, мұның қоршаған ортаға әсері де қайта қарауды қажет етуі мүмкін. Осыған байланысты партия Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 65-бабына және кешенді экологиялық рұқсат алуға қойылатын талаптарға назар аударып, АМӨЗ қызметіндегі көрсетілген өзгерістерге байланысты қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе скрининг рәсімін жүргізу қажеттігін түсіндіруді сұрады.
Алайда партияны алаңдатқан ең күрделі жайттардың бірі – атмосфералық ауадағы күкіртсутек концентрациясына қатысты есептік көрсеткіштер. «Байтақ» өкілдері қоғамдық тыңдауда ұсынылған материалдардағы таралу есебіне сүйене отырып, фондық концентрацияны ескергендегі күкіртсутек мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан 25,04 есе жоғары екенін мәлімдеді. Егер бұл көрсеткіш ресми тексеру барысында расталса, оның себептерін анықтау және ластаушы заттардың мөлшерін нормативтік деңгейге дейін төмендету мәселесі шұғыл қаралуы тиіс.
Ауаның ластануы жай ғана экологиялық статистика емес. Оның артында қала тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі, балалардың болашағы, қарттардың саулығы мен тұтас өңірдің өмір сапасы тұр. Өндірістің экономикалық пайдасы маңызды болғанымен, ол адам денсаулығы мен экологиялық қауіпсіздіктің есебінен болмауы керек. «Ел іші алтын бесік» десек, сол бесіктің тазалығын сақтау – баршаға ортақ міндет. Осы мәселелерге байланысты «Байтақ» партиясының төрағасы Азамат Әміртаев Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министріне және Атырау облысының табиғат қорғау прокуратурасына ресми өтініштер жолдады. Партия министрліктен зауыт қызметіндегі өзгерістерге байланысты қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе скрининг жүргізу қажеттігін түсіндіруді сұраса, прокуратурадан ықтимал заңбұзушылықтарға қатысты прокурорлық тексеру ұйымдастыруды өтінді. Атап айтқанда, прокуратураға жолданған хатта атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар құрамының 49 атаудан 79 атауға дейін артуының заңдылығын, ағынды сулармен төгілетін заттардың көлемі шамамен 100 тоннаға ұлғаюының себептерін және күкіртсутек концентрациясына қатысты көрсеткіштердің негізділігін тексеру мәселелері көтерілген. Сонымен қатар партия уәкілетті экологиялық органға кешенді экологиялық рұқсат беру рәсімін анықталған мәселелер толық тексеріліп, тиісті құжаттар талаптарға сәйкестендірілгенге дейін тоқтата тұру жөнінде нұсқама беру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Партияның ресми өтініштерінде көрсетілген жайттар әзірге тексеруді қажет ететін мәселелер екенін атап өткен жөн. Олардың әрқайсысына тиісті мемлекеттік органдар құқықтық баға беріп, құжаттар мен нақты өлшеу нәтижелеріне сүйене отырып қорытынды жасауы тиіс. Дегенмен мұндай сұрақтардың көтерілуінің өзі экологиялық ақпараттың ашықтығы мен өндірістік кәсіпорындардың жауапкершілігін қамтамасыз етудің маңызын көрсетеді. Зауыттың қоғамдық тыңдауда айтқан тағы бір мәлімдемесі санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысына қатысты болды. Партия өкілі М.Ж. Нұрғазиев кәсіпорында мұнай өңдеу зауытының түпкілікті санитариялық-қорғаныш аймағы жобасына қатысты қолданыстағы оң қорытындының бар-жоғын нақтылау қажеттігін көтерген. Бұған жауап ретінде зауыт өкілдері 2026 жылғы 31 шілдеде жаңа қорытынды алынғанын мәлімдеген. Бұл мәлімет қоғамдық тыңдаудың хаттамасындағы 25-тармақта тіркелгені партияның өтінішінде көрсетілген.
Алайда «Байтақ» өкілдерінің хабарлауынша, аталған құжатты мемлекеттік «Е-лицензиялау» порталынан табу мүмкін болмаған. Сонымен бірге партия келтірген 2026 жылғы 1 қыркүйектегі санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысында 2021 жылғы 11 қаңтарда берілген, зауыттың түпкілікті санитариялық-қорғаныш аймағын негіздеуге қатысты бұрынғы қорытындының 2023 жылғы 19 мамырда күшін жойғаны жазылған. Осыған байланысты партия Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 2026 жылғы 31 шілдедегі қорытындының көшірмесін беру жөнінде ресми хат жолдады. Ал облыстық прокуратурадан құжаттың нақты бар-жоғын, оның заңды түрде алынғанын және мемлекеттік органдарда тіркелгенін тексеруді сұрады. Егер қоғамдық тыңдауда ұсынылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталса, партия кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты заң аясында шара қабылдау қажеттігін алға тартады.
Бұл жерде де мәселені біржақты бағалауға асықпай, құжаттардың түпнұсқасын тексеру маңызды. Алайда санитариялық-қорғаныш аймағының құжаттары мен экологиялық рұқсаттарға қатысты сұрақтар жауапсыз қалмауы керек. Өйткені тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты ақпараттың анықтығы мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің ажырамас бөлігі. «Байтақ» партиясының бұл бағыттағы жұмысы экологиялық проблемаларды тек мәлімдеме деңгейінде қалдырмай, нақты құжаттар арқылы зерделеуге және құзырлы органдардың алдына ресми талаптар қоюға бағытталған. Партия зауыт қызметіне қоғамдық бақылауды жалғастырып, көтерілген мәселелерге жауап алынғанша олардың назарда болатынын мәлімдеді. Атырау мұнайлы өлке ғана емес, мыңдаған отбасының мекені. Сондықтан өңірдің экологиялық ахуалына қатысты кез келген күмәнді дерек мұқият тексеріліп, әрбір ресми өтінішке заңда белгіленген мерзімде негізді жауап берілуі тиіс. Өйткені табиғатты қорғау, бір партияның немесе бір мекеменің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
«Судың да сұрауы бар» дейді халық даналығы. Сол секілді өндірістен шыққан әрбір қалдықтың, ауаға тараған әрбір ластаушы заттың да есебі болуы керек. Экономикалық даму мен экологиялық қауіпсіздік қатар жүргенде ғана өңірдің болашағы баянды болмақ. Ал Атыраудың таза ауамен тыныстауы бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы да маңызды міндет.
Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

































