– Атақты актер Асанәлі Әшімов бір сөзінде: «Гүлшарат – үлкен таланттың иесі. Тек оны аша білу керек» деп еді. Көпшілік сізді кинодан көріп, актриса деп қана таниды. Алайда сізде ашылмаған көп қырыңыз бар секілді. Соның бірі – әншілік. Үлкен сахнада бағыңызды сынап көргіңіз келді ме? Әлде той-томалақ қуып, жеңіл ақшаға кенеліп жатқандарға қызықтыңыз ба?
– Иә, «Өмірді сүйгендер» деген ән ғой. Сөзін Ринат Зайытов, әнін Ұлықпан Жолдасов жазған. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Бұрындары да ән айтып жүрдім. Бірақ таспаға түсіріп, әншілермен бәсекеге түсуге жасқанатынмын. Дегенмен уақыт өте келе тәуекелге бел будым. Дауысым керемет деп айта алмаймын. Алайда қара жаяу да емеспін. Жаман шықпаған секілді. Бірақ бағасын беретін халық. Апта сайын, ай сайын ән жазсам деген ойдан аулақпын. Араға жылдар салып бір ән жаздырып, соны айтсам да болады. Ең бастысы – айтарымда мән-мағына болса екен деп ойлаймын. «Сүйдім-күйдімді» айтумен ұзаққа шаппасың белгілі. Ән айтудағы ойым, алла берген дарынды халыққа таныту еді. Басқа ой жоқ.
– Десек те, Тұмар ханымның (Томирис) образына еніп, қолыңызға қылыш алып, мың бұралып билеуіңіз бойыңызда бұғып жатқан тағы бір қырды ашқандай. Ер жүрек Тұмар ханымның образын биге салғанды өзге бишілерден көрген жоқпын. Тіпті жалаңаш мықыныңызға қынсыз қылышты қысып, билеу ешкімнің қолынан келе бермес. Қалай түсіп қалмады?
– Бимен кішкене кезімнен айналыстым. Бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін хореграфиялық училищеде білім алдым. Кәсіпқой биші болып кетуге де болар еді. Бірақ ата-анам қарсы болды. Амалсыз заңгер болуға тура келді. Бірақ биді еш уақытта тастаған емеспін. Қазір де билеймін. Өзімнің «Шабыт» атты бишілер тобым бар. Соларды жаттықтырамын. Бәрі де елге, атамекен Қазақстанға (туған жерім – Нүкіс қаласы) оралған соң басталды ғой. Баяғыдан Тұмар ханым образын биге айналдырып, алып шықсам деген ой жүретін. Өйткені Тұмар ханым кім болғанын, елін-жерін басқыншылардан қалай қорғағанын, ерлігін кім білмейді? Ары-беріден соң, Сақ ханшайымы туып-өскен, елін қорғаған топырақта мен де дүниеге келдім. Араға сан ғасырлар салып барып, Жау жүрек Сақ апамның ерліктерін биге енгізіп, сахнаға алып шығып жатсам айып ба? Рухы ырза болсын апамыздың. Осы «Тұмар ханым», «Аққу», «Сыған» және «Адай» билерін өзім ойлап таптым. Авторлық құқық та алып қойғанмын. Кім біледі өнерде «жиендер» көп қой. Алайда үлкен сахнаға шығып, халыққа көрінуге реті келмей жатыр.
– Неге?
– Біріншіден қаржы, екіншіден қолдау, тірек те керек. Ара-тұра болса да ән айтуға бет алғаным, соның қамы еді. Әнді бимен ұштастырсам деп ойлаймын. Көп ізденген дұрыс қой. Тұмар ханымның биін билеу үшін, біраз уақыт циркке бардым. Қылыш ұстап, от-факельдермен жұмыс істеп көрдім. Қол жаттықты. Қылышты ұршықша үйіретін деңгейге жете алдым. Сосын барып, Тұмар ханымның биінде қылышты үйіріп, жалаңаш мықынға қыстырып, түсіп қалмайтындай салмақты тең ұстадым. Негізі алға қойған мақсатқа жетпей тынбайтын адаммын. Тыныш, қол қусырып отыра алмаймын. Бойдағы талантты ұштау үшін, көп ізденіс, тер төгу керек. Сонда ғана еңбектің зейнетін көресің. Жалпы бишінің сахнадағы ғұмыры аз. Сүйегің сықырлағанша жүре алмайсың. Қазірдің өзінде отызға келдік дегендей.
– Дегенмен бишілер даярлап жатырсыз.
– Өзімнің білгенімді, жиған-тергенімді өзгеге үйрету – мақсатымның бірі. Қазір қарамағымда елу адам бар. Басында екі қызға үйретуден бастап едім. Бұлайша көбейіп кетер деп ойламаппын. Олардың киімін өзім тігемін. Бимен қатар тігіншілікті де қолға алдым. Өйткені әр бишіге киім тауып беру, біреуге тапсырыс беріп тіктіру қымбатқа түседі. Анамның мамандығы агроном болғанымен, шебер тігінші. Сол кісіден үйренгенім көп. Қазір өз бишілеріме арнап кем дегенде 600-ге жуық киім тіктім. Дизайнін, формасын бәрін өзім ойлап табамын. Әр бишіде үш-төрттен киім бар. Басқа да тапсырыстар алып тұрамыз. Аяқ киімнен, сәукелеге дейін тікпек ойдамыз. Алты-жеті тігін машинам бар. Алдағы уақытта үлкендеу бір цех ашсақ деп ойлап жүрмін. Бәлкім, сіз ойлап отырған боларсыз, биші қыздар маған ақша төлейді деп. Керісінше мен оларға айлық төлеймін. Өйткені оларды тойларға, концерттерге апарамын. Сонда олар өнер көрсетеді. Әрине тегін емес. Алдын ала бағасы келісіледі. Табыстың тең жарымын солардың қолына ұстатамын. Олардың көбі студент қыздар. Одан қалса, бишілерді алып барып, алып келетін бес-алты жүргізуші бар. Өйткені биші қыздардың амандығына, қауіпсіздігіне жауап беремін. Жүргізушілерге де еңбекақы төлеуге тура келеді.
Міне көрдіңіз бе, қолымнан келгенше біраз адамға қол үшін берудемін. Бір қызық жағдай: Өзбекстанда әр облыстың биі әртүрлі. Бір-біріне көп ұқсай бермейді. Әр облыстың биі – бір әлем, жеке мектеп. Тіпті өзбек бишілеріне қарап тұрып, олардың қай облыстан екенін тануға болады. Әндіжан өзінше, Хорезм бір басқа, бұқарлықтар мен Нәманган өзгерек дегендей. Ал, бізде Маңғыстау, не болмаса Шығыс Қазақстан деп бөлінбейді.
– Елімізде мықты-мықты, жұртқа танымал дизайн-сән орталықтары бар. Олармен таласу, бәсекеге түсу қиындау тиетін шығар.
– Бары бар ғой. Бірақ олардың тігетіндерінің бәрі қымбат. Кез келген адам ала қояды деп айта алмаймын. Менің арманым – неғұрлым қолжетімді бағаға тігу. Мейлі ол ұлттық нақыштағы киім бе, әлде күнделікті, классикалық дүние ме, бәрібір. Азаматтың қалтасына сай келсе болды. Тағы бір айта кетейін дегенім, қара жаяу адам емеспін. Дизайнерлік оқуды аз да болса оқығанмын. Тігінді, кескіндеуді білемін.
– Ұлттық киім дейсіз. Оған біздің елде сұраныс бола қоймас. Өйткені ұлттық киімге біздің ұлт тек той-томалақта, наурыз мейрамында ғана бір киіп тастар дүние деп қарайды. Сондықтан өтімі де кем болар.
– Сіз солай ойласаңыз, өзгелер не демесін? Меніңше, бізге ұлтшылдық жетпейтін сияқты. Неге десеңіз, біздің әр бір қимылымыздан қазақ екеніміз көрініп тұруы керек. Мысалы, өзбекті қарасаң, еркегі болсын, әйелі болсын әлі күнге үстінен алашапанын, атлас көйлектерін тастамайды. Жастары киетін футболкаларының өзінде өзбектің бір белгісі, нақышы тұрады. Біз неге солай ете алмаймыз? Өзбектер үй-жабдықтарында, тіпті кітап-блокноттарын да өзбектің ою-өрнегімен шығарады. Оларға бұл мақтаныш. «Мен өзбекпін» деп кеуде ұра алады. Біз ше? Керісінше. Ұлттық киімді киуге арланамыз. Бабаларымыздың көзіндей болып қалған ұлттық мұрамызды ескінің қалдығы, сарқыншағы деп ұғамыз. Бұл – даму емес, кері кету. Әлем халқы өркениеттің қайнар бұлағы деп шығыс құндылықтарына бет бұра бастады, ал біз керісінше. Алға қойған мақсатымның бірі, қолымнан шыққан туындыларым өткен тарихымыздан, мәдениетімізден сыр шертіп, кім болғанымызды еске салып тұру. Ұлтымыздың төл мәдениетіне бет бұруына кішкентай болса да ықпал етсе екен деймін. Біз кімнен кембіз? «Мен қазақпын» деп кеуде кере, мақтанышпен айтатын деңгейге жетсек, мен үшін үлкен жетістік сол болар еді. Тапсырыспен тігу қашан да қымбатқа түседі. Сондықтан шағын бір дүңгіршек ашып, тіккендерімізді саудаға шығарсақ деген ойда бар. Әрине, тек ұлттық киімдер ғана емес, өзге де классикалық дүниелер дегендей. Қазір жер алдық. Күн сәл жылыса, сол жерге үлкен киім тігетін цех ашып, жалпыға бірдей дүниелерді жасасақ деп отырмын.
– Әнші, биші, тігінші Гүлашартты танығандаймын. Ал актриса Гүлшарат қайда?
– Гүлшарат ешқайда кеткен жоқ. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жеті жыл жұмыс істедім. Жұрттың назарын аударатындай үлкен рөлдерге шыға қойған жоқпын. Театрдағы өмірімнің жартысы хореграф биші ретінде өтті. «Бұлбұлдар түнінде» кіші сержанттың, «Тұншыққан сезімде» Нәзидің рөлін ойнадым. Мен үшін бұл рөлдер үлкен жетістік еді. Үлкен сахнаға барар жолдағы баспалдақ деп білемін. Көп уақытым киноға кетті.
– Айтқымыз келмейді десек те, айналып өте алмайтын бір тақырып ол Ермек Тұрсынов түсірген, көпшілік бірдей қабылдай қоймаған «Келін» фильмі. Сіз осы кино арқылы елге танылдыңыз. Одан бері арада біраз жыл өтті. Кез келген қолына қалам ұстаған жазушы-ақын жазған дүниесін біраз уақыт «суытып» қойып, қайта қарайды. Сол кезде оның ұңғыл-шұңғылы көзге түседі. Қайтадан жөндейді дегендей. Осы алғашқы түскен фильміңізде, рөліңізде «әттеген-ай» дейтін тұстар бар ма? Қандай баға бересіз? Тіпті көрерменнің көзімен қарап көріңізші?
– Мұның бағыты бөлек фильм. Тіпті мұны халыққа арналмаған, фестивальный фильм десе де болатындай. Бұл дүние, талай фестивальдарға қатысты. Атақты «Оскар» сыйлығына да ұсынылып, төрткіл дүниеден келген фильмдердің ішінде сұрыпталған 10 туындының қатарына қосылды. Тек «Оскарды» ала алмады. Көпшілік кино туындының астарында тығылып жатқан шындыққа мән бергісі келмейді, тек бергі жағымен ғана шектеліп қалып, сол арқылы пікір қалыптастырғысы келеді. Айтарлары «Қазақ қызы шешінді. Жалаңаштанды. Арымызға, ұятымызға сын болды. Бізде ондай болмаған, бәрі өзгеше еді» деген біржақты оймен шектеліп қалады.
Мұндай пікірлер өтпелі кезеңнің көзқарасы деп ойлаймын. Туындының астарында жалаңаштану, нәпсі құмарын қандыру жатқан жоқ. Ұрпақ жалғасы, әйел тағдыры, ұлттың тіршілігі, жер бетінде өз орнын сақтап қалу мақсатындағы жанкешті әрекеті бар. «Келін» шай ішіп отырып немесе уақыт ұттыру үшін көре салатын туынды емес, ол тұнып тұрған философия. Бірақ фильмді көре отырып, әркім өзінше қабылдады, өзінше қортынды шығарды. Бұл әркімнің өз еркі. Меніңше, бұл адамның рухани байлығын молайтатын, ойлау тереңдігін күшейтетін күрделі туынды.
– Егер фильм «Ене» деп аталса, бәлкім қоғамда көп айқай-шу тумас па еді?
– Мүмкін.
– «Келін» – бірінші фильміңіз. Бірден кинода шешіну жөнінде шешім қабылдау оңай болмаған болар. Оның үстіне қазақы бал-қаймағы бұзылмаған оңтүстік жақтың қызысыз. Әлде кино түсірушілер қомақты қаламақы беруге уәде етті ме?
– Сценариймен танысқан соң көп ойландым. Ата-анаммен ақылдастым. Осы салада жүрген таныстарымда «сен болмасаң, бәрібір басқа біреу түседі. Өнер үшін өзіңді құрбандыққа шалуға болады» дегендей әңгімелер айтты. Тіпті түсірілім жүріп жатқан кездің өзінде бірнеше рет, «түспеймін» деп жылап бас тартқан кезім болды.
– Дегенмен түстіңіз.
– Иә. Фильм экранға шыққан соң үлкен шу болатынын да сездім. Бірақ өнер үшін бәріне көнуге тура келді. Бір өкініштісі осы киноға «түс, өнер үшін құрбан болуға болады» деп ақыл айтқандардың көбі, жұрт шулап, мені жерден алып-жерге салып жатқанда, «қойыңдар, бұл өнер ғой» деп ара түскен ешқайсы болмады. Біреулер ойлар, осы кино үшін «ақшаны қырып алған шығар» деп. Қолыма тигені 5-6 мың доллар. Оның өзін тау ішінде киноға түсемін деп жүріп ауырып қалған соң, Қытайға барып емделуге жұмсадым.
Жалпы өнерді ақшамен өлшемеймін. «Келінді» бастап түсірген өзге режиссер еді. Бірақ түсірілім ортасына жеткенде, көркемдік кеңес жарамсыз етіп тастады. Сосын барып Ермек Тұрсынов қолына алып, өзгеше жасап шықты ғой.
– Бірақ осы фильм сіздің өнердегі, кинодағы жолыңызды ашқан сияқты. Одан кейін біраз сериалдарға түсуге ұсыныс болғанын білеміз.
– «Әке серті», «Қарашаңырақ» секілді сериалдарға, «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «М-агент» т.б фильмдеріне түсіп үлгердім.
– Қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өзіміз түсірген сериалдар қаптап кетті. Солардың халықтың ілтипатына ілігіп, оза шауып жатқандары шамалы секілді.
– Көптіктен ешкім зиян шекпес. Түсіріле берсін. Әр адам өзіне керегін көреді ғой. Кәріс пен түріктің, орыс пен үндінің сағызша созылған дүниелеріне уақыт кетіргенше, әр қазақ өзіміздің отандық өнімдерді көре отырып, өзімізді кеңінен тани түскені жөн.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ