Home Қоғам Ұлт мүддесін бәрінен биік қойған Жұмабек Тәшенов

Ұлт мүддесін бәрінен биік қойған Жұмабек Тәшенов

7

Кеше біз қазақтың біртуар азаматы — Жұмабек Ахметұлы Тәшенов туған жерге барып қайттық. Ол Ақмола облысындағы Аршалы ауданында дүниеге келген. Сол киелі мекенге барып, ұлы тұлғаға тағзым еттік. Тау басында орнатылған үлкен тақтайшада оның: «Мен елімнің мүддесі үшін қандай қиындыққа болса да дайынмын» деген сөзі жазылып тұр. Осы бір қысқа ғана сөйлемнің өзінен оның қандай қайсар, елжанды азамат болғанын анық көруге болады.

Жұмабек Тәшенов — тек бір дәуірдің емес, тұтас ұлттың тағдырына әсер еткен тарихи тұлға десем,  қателеспеймін. Ол ел басқарған жылдары Қазақстанның тұтастығына үлкен қауіп төнген еді. Сол кезеңде Кеңес Одағының басшысы Никита Хрущев Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге, ал оңтүстік өңірлерін Өзбекстанға беру туралы шешім қабылдамақ болды. Бұл — қазақ жерінің бөлшектенуіне алып келетін аса қауіпті жағдай – тұғын. Осындай сын сағатта Жұмабек Тәшенов ештеңеден қорықпай, Мәскеудің бұл саясатына ашық қарсы шықты. Ол өз қызметін, мансабын емес, елдің болашағын бірінші орынға қойды. Нәтижесінде қазақ жерінің тұтастығы сақталып қалды. Бұл — оның тарих алдындағы ең үлкен ерліктерінің бірі. Сонымен қатар, Тәшенов ұлттың рухани дамуына да зор үлес қосты. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, мәдениет пен тарихты насихаттауға ерекше көңіл бөлді. Қазақ жастарын жоғары қызметтерге тартуға күш салып, елдің болашағын ойлады. Оның әрбір ісінен ұлтқа деген шынайы жанашырлық байқалып  тұратын.

Алайда мұндай батыл ұстаным билікке ұнай қойған жоқ. Ұлт мүддесін қорғағаны үшін ол қудалауға ұшырап, жоғары қызметінен төмендетілді. Бірақ ол қандай жағдайда да өз принципінен айныған жоқ. Оның өмір жолы — адалдық пен елге қызмет етудің айқын үлгісі болды.

Бүгін біз сол қасиетті жерде тұрып, осындай ұлы тұлғаның алдында бас идік. Жұмабек Тәшеновтің ерлігі — тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі және келешек ұрпаққа аманат. Оның өмірі бізге бір ғана шындықты үйретеді: ел мен жердің тағдыры әрқашан оны қорғай алатын батыл азаматтардың қолында екендігі. Сондықтан Жұмабек Тәшенов есімі қазақ халқының жадында мәңгі сақталады. Ол — жерімізді сақтап қалған, ұлты үшін күрескен нағыз қаһарман.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ»  Жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаҚайда екен,  қайда  сол  бір  қыз?