Оралдағы орыстардың үлесі ресми санақ бойынша жиырма екі пайыздың шамасы. Шынымен де көп емес сияқты. Бірақ олай бағаламас бұрын келесі жайттарды ескеру керек.
Біріншіден. Орал шекара маңында орналасқан қала. Айналасында жақын жерде орыстың кем дегенде үш ірі қаласы тұр — Орынбор, Самара мен Сарытау. Үшеуі де Оралдан әжептеуір ірі. Олардың Оралға экономикалық және саяси ықпалы зор. Орал орыстарының басым көпшілігінің санасында Орал — сәл ерекшеліктері бар, бірақ тап солардың қатарындағы қала. Олар Ресейге, әсіресе шекаралас аумақтарға етене жақын. Көбісі Қазақстанның басқа жерлерін көрмеген, онда не болып жатқанынан бейхабар. Қызықпайды да. Есесіне аталған қалаларды бала кездерінен жатқа біледі. Демалыс сайын сол жақтарға ағылады. Сәл-пәл тиын-тебен қолдарына түссе сол жақтан пәтер алып қоюға асығады. Қысқасы бұл жақтың орыстары мен айталық Шымкенттің орыстарын салыстыруға да келмейді — олар екі түрлі халық.
Екіншіден бұл пайыздық үлес санақ негізінде, яғни тек қана тұрғылықты ұлты орыс Қазақстан азаматтарын ғана ескереді. Ал бұл жердің орыстарының біраз бөлігі азаматтықтарын әлдеқашан ауыстырып қойған. Осында ресми жұмыс орны болса болды, оларға еш айырмашылық жоқ, бейқам ары қарай тұра береді қанша тұрса да.
Оған қоса ар жақтан келімсек орыстарды қосыңыз, олар да еш санаққа кірмейді. Оларды да жұмысқа алуға шектеу жоқ. Тіпті жұмыссыз-ақ осында сандалып жүрген орыс бастан асып жатыр. Тоқсан күнде ауылдарына бір барып келсе болғаны, бұнда не бітіріп жүр — ешкімнің шаруасы жоқ. Сондықтан Оралда орыс аз, жиырма-ақ пайыз екен, кілең қазақ деген түсінік — өз өзімізді алдау.
Үшіншіден. Қазақтар есесіне Оралды тастап Астана-Алматыға көптеп көшіп жатыр. Олардың дені — ең еті тірі, білімді, іскер адамдар. Әсіресе жастар. Шынымды айтсам мен өзім де Оралда туып өскен жас жігіт болсам басқа жаққа тайып тұрушы едім, қанша жерден “Ақжайығым” деп жақсы көрсем де. Өйткені Оралдың қазыргі жағдайы болашаққа ешбір үміт ұялатпайды турасын айтқанда. Бұл үрдісті санақтан емес, жылжымайтын мүлік бағасынан-ақ байқауға болады — ол былтырғы жылы түсе бастаған.
Ал енді бұның бәрін ескере отырып Ресейде болып жатқан саяси жағдайды қараңыздар. Мысалға ол жақтағы интернет мәселесін алып қараңыз. Банағы мен атаған шекаралас қалаларда жұмыстары, табыстары ғаламторға тікелей байланысты қаншама мың адам бар? Олар жандары қысылғанда ең алдымен қайда қашады деп ойлайсыңдар? Ал жаппай мобилизация болса ше? Орал әпсәтте орыстың анклавына айналуы мүмкін.
Сондықтан бұл бос байбалам емес, бұл нақты проблема. Онымен қазақ мемлекеті жүйелі түрде қазырден бастап айналысу керек.
Сондақтан біріншіден: Оралды тоқалдан туғандай қылып тұншықтыру саясатын тоқтату керек. Оралға мардымды қаржы құйып, тұрғанға тартымды, жайлы, дамыған заманауи қала қылу керек! Екіншіден халқы көп оңтүстік аумақтардан қазақтарды Оралға жаппай көшіру бағдарламасын жасап шұғыл түрде жүзеге асыру керек. Мен бұрын айтып жүргенімдей Орал агломерациясы біржарым-екі миллион тұрғынды емін-еркін сыйдыра алады. Үшіншіден: ресей азаматтарына Қазақстанда оп-оңай жұмысқа орыналасуын шектеу керек!
Қазақстанның осындай геосаяси шараларға күші жетеді. Тек болашақты ойлап мемлекет қауіпсіздігі шараларын жүзеге асыратын билік керек. Естеріңізде болсын, Орал көп қаланың бірі емес. Ол шекараны ұстап тұрған қамал!
Айдар Ерғали (ФБ парақшасынан)

































