Home Дүние дүрмек «Жанарымнан себепсіз айырылдым»

«Жанарымнан себепсіз айырылдым»

50

Ақтауда ерекше ән айту қабілеті бар өнерпаз тұрады. Оның аты-жөні — Шынар Болат. Бір жарым жылдан бері қос жанары көрмей қалған әнші әлеуметтік желіге өзі шырқаған әндерін жариялап, оқырманның ықыласына бөленіп жүр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.

Шынар Болат — Қызылорда облысының тумасы. Ол Маңғыстау өңіріне 1995 жылы көшіп келген. Ұзақ жылдар бойы әскери салада қызмет еткен. Қазір үш қызы мен бір ұлы бар. Шынар Болаттың айтуынша, ән айту қабілеті оған ата-анасынан дарыған. «Менің репертуарымдағы әндердің көбі кезінде әке-шешем шырқаған әндер. Бала кезімде сабақтан келіп, теледидар қосып отыр едім, Бибігүл Төлегенова ән шырқап жатыр екен. Ол уақытта баламын, әнші апайымызды да дұрыс танымаймын. Сол мезет «Мына апайдың даусын-ай» деп қызығып жатып, ұйықтап кетіппін. Оянсам, апамыздың әнін шырқап жатыр екенмін. Міне, содан бері Бибігүл апамыздың әндерін ұнатып, шырқаймын», – дейді ол. Басылым мәліметінше, әнші ең әуелі өз туындыларын Instagram әлеуметтік желісіне жариялаған. Жарты жылдан бері TikTok желісінде жеке парақша ашып, ән айтқан видеоларын жүктей бастаған. Соңғы уақыттан бері оқырмандар әншінің өнеріне өз ықыласын білдіріп, қолдау көрсете бастаған. Шынар Болат — «Қазақстан дауысы» мегажобасының супер финалисі. Сондай-ақ ол әскери және Ақтау қалалық «Зағиптар қоғамының» ән байқауларына қатысып, жүлде алып жүр. «1,5 жылдай болды. Жанарымнан еш себепсіз айырылдым. Көпшілік көзіңнің көрмей қалуы кезінде ән айтпай, ішіңде тұншыққан сезімнің әсерінен болуы мүмкін деп жатады. Сол сезім бір жерімнен тесіп шыққан болар. Ән айтпай қалған кезімде қатты қиналатын едім. Жергілікті әншілерді тыңдап, өзімді таба алмай қалатын кезім болды. Жанарыма медицина саласының көмегі болмаған соң психология саласын оқып, зерттеп жүрмін», – дейді әнші.

Автор: Ұлжан Ибраим

Алдыңғы жазбаЖайықтағы су деңгейі қауіпті межеге жақындады
Келесі жазбаАстанада үлескерлерді 4 миллиард теңгеге алдап кеткен ер адам Ресейден ұсталды