Home Басты жазба Ұрпақ тағдырын бөтен елдің қолына береміз бе?

Ұрпақ тағдырын бөтен елдің қолына береміз бе?

78
Ал, не дейміз? Ресей өзінің бір федералды бағдарламасы аясында Қазақстанға орыс тілі мұғалімдерін жібереді екен?! Татарстанға немесе Шешенстанға емес, Карл! Дербес, тәуелсіз Қазақстанға! Ойға қонымсыз бастама. Егер жүзеге асса, елдегі әлеуметтік һәм ұлтаралық жағдайды ушықтыратын теріс мәселе бұл. Неге дейсіз бе?
Бұған тек қазақ қана емес, басқа ұлт өкілдері де қарсы. Тұрмысты сана билейді, өзіміздің орыстар,
Қазақстан азаматтары комменттерде “келмей-ақ қойсын, біз қалай күн көреміз, ондай бәсекелестер бізге қажет емес, онсыз да мектептегі аз сағатымызға ауыз салмасын” деп шыр-пыр боп жатыр. Шыны керек мобилизациядан кейін елімізге келген репатрианттар онсыз да мегаполистердегі майлы жерлерден жұмыс тауып, бизнесін дөңгелетіп отыр. Үйдің жанындағы тіс дәрігері – ресейлік, жаңадан ашылған балалар мейрамханасы – ресейлік, басшысынан бастап официанттарынан дейін сырттан келген, массаж салоны да ресейлік бренд екен. Онда да қызметкерлердің айтарлықтай бөлігі санкция астында қалған көрші елден екен. Ешқандай да тіл заңнамасын сақтамайды. Бәрі орысша. Сонда қызмет ететін қазақ апай айтады “Бұлар Петербордағы бизнесін жауыпты, себебі Ресейде инстаграм істемейді. Астана мен Алматыдағы бизнесі өркендеп, енді Шымкентте ашпақшы. Жарнамаға ақшаны аямайды, содан келушілер көп. Негізі Черногорияға кетеміз деген ресейліктер де бізде тұрақтапты. “Мұнда бәрі орысша ғой, жұмысты бір айда таптық” деп қуанып отыр дейді. Ал орысша білмейтін қанша қазақ пен түркі тілдес азаматтарымыз жұмыссыз жүр? Өткенде әжетхананы жууға екі қазақ жігітінің өзара таласқанын көріп қынжылдық. Ешбір өркениетті елде мигранттар жергілікті ұлттан жоғары тұрмайды ғой… Ресейліктер бір айда орыс тілінің арқасында жұмыс тауып жатса, өз азаматтарымызға, оның ішінде өзіміздің орыс, кәріс, немістер де бар, екі қолға бір күрек табылмағаны ма?! Біздің билік ылғи таң қалады неге бізде Теңіз, Маятас, Маловодное, Жаңаөзен, Қаңтар төңкерісі болды деп? Себебі халықтың әлеуметтік жағдайы шешілмеген. Сырттан орыс тілі мұғалімдерін әкелу тек русификация саясаты ғана емес, бұл әлеуметтік жарылыс туғызатын дүние емес пе? Тіпті, жергілікті орыстардың өздері “бізге орыс тілі емес, қазақ тілі мұғалімдерін көбірек әкелсе ғой” деп жатыр. Сондықтан “В чужой монастырь со своим уставом не ходят”!
Бұл аздай Ресейде кемі 2-3 млн қазақ тұрады, бірақ Қазақстанның алғашқы астанасы болған Орынборда қазақ мектебі бар ма? Ал қазақтар көп шоғырланған Омбы, Сарытау (Саратов), Томбы, Қажытарханда (Астрахань) бір қазақ мектебі сақталған ба? Соңғы қазақ мектебі 2018 жылы жабылыпты Ресейде… Шыны керек, көршілес елде соңғы 70 жылда тек түркі тілдес тілдерді ғана емес, фин тектес тілдерді де өлтіру бағытында арнайы, қасақана жұмыс атқарылып жатқан жоқ па? Ресейдің өзінде 20 млн жуық адам орыс тілін білмейді деген дерек бар, өз еліндегі проблемасы шаш-етектен, бізге өз негативімен келмекші ме? Бұны халық қолдамайды! Шыны керек, Түркияға кеткен ресейліктер “ұйықтауға мұрша бермейді” деп, мешіттегі азанның дауысымен күресіп жүр, біздің елімізге келгендері бірен-саран қазақша чекке бұлқан-талқан боп жүр… Осылай жерге сыймай жүруге бола ма? Пропаганда сүйегіне дейін өтіп кеткен. Ең қауіптісі – олар балаларға қандай идеология жүргізеді? Қай ел өз ұрпағының тәрбиесін бөтен елдің қолына оңай бере салады?
Камшат  Тасболат   (ФБ – дағы  парақшасынан)
Алдыңғы жазбаҚазақстанда ҰБТ өткізу ережесі өзгерді
Келесі жазбаМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы ЖОО кейбір мәселелерін сызбамен талдау