Home Саясат Каспийді бөлуден кім ұтты?

Каспийді бөлуден кім ұтты?

6

Соңғы  кезде Каспий теңізі тағы да үлкен саясаттың ошағына айналды  деуге  болатындай.  Иран сегіз жыл бойы ратификацияламай келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны парламент қарауына енгізді. Ең қызығы, Тегеран бұл қадамға аймақтағы әскери-саяси жағдай күрделеніп, Каспийдің қауіпсіздік пен көлік-логистикадағы маңызы артып отырған кезде барып отыр.

2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда Каспий жағалауындағы бес мемлекет — Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран — Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған еді. Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түрікменстан оны ратификациялады. Ал Иран асықпады.

Енді Тегеранның өзі құжатты парламентке ұсынып отыр.

Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Иран үшін Каспийдің қауіпсіздігі қазір бұрынғыдан да маңызды. Конвенция Каспийге аймақтан тыс мемлекеттердің әскери күштерін кіргізбеу қағидатын бекітеді. Тегеран осы ережені өзінің солтүстіктегі қауіпсіздігі үшін маңызды қорған ретінде қарастыруы мүмкін.

Сонымен бірге Иран Каспийдегі құқықтық жағдайды біржола бекітіп, экономикалық және көлік жобаларына нақты негіз қалыптастырғысы келетін шығар.

Бірақ Иран қоғамында бұл құжатқа қарсылық бар. Себебі Каспий бес мемлекетке тең бөлінген жоқ.

Көпшілік ойлағандай, теңізді беске бөліп, әрқайсысына белгілі бір пайыз берген келісім жоқ. Конвенция бойынша әр мемлекет жағалауынан 15 теңіз миліне дейін аумақтық су белгілей алады, одан кейін 10 теңіз миліне дейін балық аулау аймағы бар. Ал теңіз табаны мен жер қойнауы көршілес мемлекеттердің жеке келісімдері арқылы бөлінеді.

Демек Каспийдің ең маңызды «бөлінісі» су бетінде емес, теңіз түбінде жатыр.

Ал теңіз түбінде мұнай мен газ бар.

Осы жағынан Қазақстанның жағдайы жаман емес. Бір ғылыми зерттеудегі есеп бойынша, Каспий табанының шартты секторларының шамамен 29 пайызы Қазақстанға, 18,5 пайызы Ресейге, 19 пайыздайы Әзербайжанға, 19 пайыздайы Түрікменстанға, ал 14 пайызы Иранға тиеді. Бұл конвенция бекіткен ресми пайыздар емес, тек географиялық есеп.

Қазақстанның теңіздегі мұнай қоры да өте қомақты. EIA мәліметінде ол шамамен 4,2 млрд баррель деп бағаланады. Қашаған сияқты әлемдік деңгейдегі ірі кен орындары осы аумақта орналасқан. Әзербайжанның да теңіздегі мұнай-газ әлеуеті зор. Ал Түрікменстан газ қоры бойынша маңызды ойыншы болып отыр.

Сондықтан «Каспийді бөлуден кім ұтты?» деген сұраққа бір ғана жауап жоқ. Теңіз табаны мен мұнай-газ әлеуеті жағынан Қазақстан мен Әзербайжанның жағдайы жақсы. Түрікменстан газ мүмкіндігімен ерекшеленеді. Ал әскери және геосаяси ықпал жағынан Ресейдің орны бөлек.

Иран болса, шартты сектор көлемі ең аз мемлекет болып шықты. Сондықтан Тегеранның конвенцияға қатысты күмәнін түсінуге болады. Бірақ бүгін Иран үшін Каспийдегі қауіпсіздік мәселесі экономикалық үлестен кем емес маңызды.

Каспийдің тағы бір үлкен құндылығы — транзит.

Қазақстан мен Орталық Азия жүктері Каспий арқылы Әзербайжанға, одан әрі Кавказ бен Түркия арқылы Еуропаға шыға алады. Ресей үшін Каспий — Иранмен және Орталық Азиямен байланыстыратын маңызды аймақ. Иран үшін солтүстікке шығатын терезе болса, Әзербайжан үшін — Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көпір.

Бірақ қазір Каспийге қатысты ең үлкен мәселе мұнай немесе шекара емес, судың өзі болып барады.

Каспий тартылып жатыр.

Каспийге құятын өзендердің ішіндегі ең маңыздысы — Еділ. Оның ағыны теңіздің су балансында шешуші рөл атқарады. Сондықтан Еділдегі өзгеріс Каспийдің деңгейіне тікелей әсер етеді.

Ал Еділдің табиғи ағысы бұрынғыдай емес. Кеңес дәуірінде өзен бойында ірі бөгеттер мен су қоймаларының тұтас жүйесі салынды. Куйбышев, Рыбинск, Волгоград сияқты алып су қоймалары электр энергиясын өндіруге, кеме қатынасына және ауыл шаруашылығына қызмет етеді. Бірақ олар өзеннің табиғи ағысын өзгертті.

Судың бір бөлігі шаруашылыққа жұмсалады, тағы бір бөлігі үлкен жасанды су айдындарының бетінен буланады. Сондықтан Еділдің Каспийге жеткізетін су көлеміне адамның шаруашылық әрекеті де әсер етеді.

Дегенмен Каспийдің тартылуын тек су қоймаларымен түсіндіру дұрыс емес. Ғалымдар климаттың жылынуы мен буланудың күшеюін де негізгі факторлардың бірі ретінде көрсетеді. Тарихи кезеңде Еділдегі ірі су қоймаларының салынуы Каспий деңгейіне әсер еткені де зерттеулерде айтылған.

Мәселенің ең қауіпті жері — Солтүстік Каспийдің таяздығы. Теңіз деңгейі бірнеше метрге төмендеген жағдайда жағалау сызығы, порттар, балық шаруашылығы және мұнай-газ инфрақұрылымы қатты өзгеруі мүмкін.

Әзербайжан тарапының мәліметінше, соңғы 30 жылда Каспий деңгейі шамамен 2,5 метрге төмендеген. Кейінгі жылдары төмендеу қарқыны жылына 20–30 сантиметрге дейін жеткен.

Міне, Каспийдің басты парадоксы осында.

Бес мемлекет теңіз түбін кімге қанша тиеді деп келісіп жатыр. Ал теңіздің өзі тартылып барады.

Каспийді қағаздағы шекарамен бөлуге болады. Бірақ оның суын бөліп қою мүмкін емес. Еділдің суы Ресейден келеді, бірақ оның азаюы Қазақстанға, Әзербайжанға, Түрікменстанға және Иранға ортақ теңізге әсер етеді.

Сондықтан алдағы жылдары Каспийге қатысты ең үлкен дау мұнай кеніштері үшін емес, су үшін туындауы да мүмкін.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ «Байтақ» Жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаМеккедегі жаңа одақ: «Исламдық НАТО» ма, әлде АҚШ-сыз қауіпсіздік іздеген үштік пе?