Қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету екендігі аталып, мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керектігі айтылды. (1-сурет)
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл мәселенің шешімін табудың жолдарын іздестіріп, күнделікті ата-аналармен, куратор-эдвайзерлермен, хостелдермен ақылдаса отырып қызу жұмыс жүргізу барысында.
Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғандығын және бұл мәселені суды тиімсіз пайдалану, судың 40 пайызы құмға сіңуі, инфрақұрылымның әбден тозуы, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмендігімен байланыстыра отырып, мәселені шешудің жолы Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту, саладағы мамандарды даярлау үшін іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн екендігін атап өтті. (2-сурет)
Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірумен қатар медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатыны және үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейгені атап өтілді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын іс жүзінде жақсарту нәтижесін беретіні де айтылды. (3-сурет)
Сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандарты қабылданып, ұстаздардың құзырет аясы айқындалатыны, отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы өсетіні, ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отырғандығы жайлы да айтылды.
Айжан Куйкабаева,
Шолпан Ғұмарова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары.