Түркия полициясы «Ислам мемлекеті» қарулы тобына қатысы бар деп күдікке ілінген 33 адамды ұстады. Полиция болжамынша, олар жергілікті сайлау қарсаңында шабуыл әзірлеген.
Түркияда жалпыұлттық муниципалдық сайлау 31 наурызда өтеді. Терроризммен күрес жөніндегі полиция елдің солтүстік-батысындағы Сакарья қаласында рейд кезінде қару, қағаз ақша және құжаттар табылғанын хабарлады.
«Ешқандай террористерге төзбейміз. Күштік құрылымның талпынысының арқасында күресімізді үздіксіз жалғастыра береміз» деді Түркия ішкі істер министрі Әли Ерлікай. Оның сөзінен AP үзінді келтіреді.
Оның сөзінше, ұсталғандар мешіт пен медреселерде заңсыз жұмыс істеп, «Ислам мемлекеті» ұйымына қаржылай қолдау көрсеткен.
Кейінгі он жылда Түркияда «Ислам мемлекеті» радикалды ұйымына қатысы бар көп шабуыл болған. Қаңтарда Стамбулдағы шіркеулердің бірі атқыланып, нәтижесінде бір адам қаза болды. Аталған топ ел тарихындағы ең қанды оқиғалардың бірі – 2015 жылдың қазан айында Анкарадағы бейбіт митингіде болған шабуылға да қатысы бар. Ол кезде шабуылдан жүзден астам адам қаза болған, 246 адам жараланған.
https://www.azattyq.org/a/32855769.html