Home Саясат Тоқаев Түркиядағы беделді форумда сөз сөйлейді

Тоқаев Түркиядағы беделді форумда сөз сөйлейді

6

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоған шақыруымен Түркияға жұмыс сапарымен аттанады. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы сапар барысында Анталия дипломатиялық форумының ашылу рәсіміне қатысып, панелдік сессияда сөз сөйлейді. Президент өз баяндамасында қазіргі жаһандық сын-қатерлер, өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және көпжақты дипломатияның рөлі туралы өз көзқарасын білдіреді деп күтілуде. Сонымен қатар, халықаралық қоғамдастық үшін өзекті мәселелер – геосаяси тұрақсыздық, энергетикалық қауіпсіздік және тұрақты даму тақырыптары да назардан тыс қалмайды.

Сапар аясында Анталия қаласында өтетін форум барысында Президент бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен екіжақты кездесулер өткізеді. Бұл кездесулерде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, көлік-логистика бағыттарын дамыту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері талқыланбақ.

Айта кетейік, Анталия дипломатиялық форумы – жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен саяси көшбасшылар, дипломаттар, сарапшылар, бизнес өкілдері, медиа және азаматтық қоғам қайраткерлері жиналатын беделді халықаралық алаң. Форум жаһандық және өңірлік мәселелерді ашық диалог форматында талқылауға мүмкіндік беріп, жаңа бастамалар мен серіктестіктердің қалыптасуына жол ашады.

Қазақстан үшін бұл алаң сыртқы саясаттағы басым бағыттарды ілгерілетуге, халықаралық әріптестермен байланыстарды нығайтуға және елдің бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтын ұстанымын танытуға маңызды мүмкіндік болып отыр.

dodanews.kz

Алдыңғы жазба«Әділет» келді: саяси ойын өзгере ме?