Home Жаңалықтар III халықаралық экологиялық конгрес Қазақстандағы су мәселесін талқыға...

III халықаралық экологиялық конгрес Қазақстандағы су мәселесін талқыға салды

59

Ел  орда Нұр-Сұлтан  қаласында «Байтақ – Болашақ» Республикалық экоальянсының  ұйымдастыруымен  «Қазақстандағы   су  мәселелерінің  жағдайы  және  оны шешу  жолдары»  атты III  Халықаралық экологиялық конгресс  болып  өтті.

Конгресс  жиынына Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров  және Парламент, Мәслихат  депутаттары, шетелдік  қонақтар, Су  ресурсы комитетінің  өкілі, мемлекет  һәм қоғам қайраткерлері  қатысты. Алқалы  жиында Арал теңізі, трансшекаралық  өзендер  мәселесі, Қазақстанның  жер асты,  жер асты  сулары жайында әңгіме  болды. Сондай-ақ, елдімекендерді ауыз  сумен қамтамассыз ету  үшін  жасалған «Ақбұлақ» бағдарламасына  байланысты  баяндамашылар өз ойларын ортаға  салды. Конгресте сұрақ-жауап алаңы  ұйымдастырылып,  ашық пікірталас болды. «Таза ауа, таза дала, таза су және  таза ел бұл біздің алға  қойған  мақсатымыз. Біз  осы  үшін жұмыс  жасауымыз  керек. Әрине бәріне  бірден  қол  жеткізу  қиын  шығар. Сондықтан Үкіметпен бірге,  қолтықтаса отырып тірлік  жасаған  жөн.  Сонда  ғана  алға  қойған  мақсатымызға  жетеріміз  хақ. Бүгінгі  ұйымдастырылып  отырған Конгрестің  мақсаты  да  сол» деді «Байтақ-Болашақ» экобірлестігінің  құрметті  президенті Олжас Омарұлы.

Ал осы  экоальянстың президенті Азаматхан  Әміртай өзінің  алғы  сөзінде: «Бірінші Конгрес 2017 жылы Астана  қаласында  өтті.  Ол алқалы  жиында  альянстың құрметті  президенті Олжас Омарұлы  «Әр  қазақстандық бір  тал  ағаштан  18 миллион   көшет отырғызу»   жөнінде  бастама  көтерді.  Осы  бастаманы  бетке  ұстаған альянс  жыл сайын көктем мен  күзде халықты ағаш  отырғызуға  жұмылдыра  білді. Қазіргі  күні  өз күшімізбен 36  мың  көшет ектік. Бұл  да  бір жетістік. Сондай-ақ  сол алғашқы  конгресте  біз алдағы  жылды  «экология  жылы»  деп атайық  деп  Үкіметке  ұсыныс  тастадық. Өкінішке  орай  билік  біздің  бұл ұсынысымызды қабыл алмады.  Екінші халықаралық  экологиялық конгрес  Алматыда  өтті.  Мұнда жанама энергия  көздерін дамыту  мәселесі  сөз  болды.

Ал  бүгінгі III халықаралық  экологиялық  конгресте  су  мәселесін көтергелі  отырмыз.    Неге  су  мәселесіне арнайы  тоқталып  отырмыз. Бұған  себеп  көп.   Қазіргі  күні су біздің  елімізде  ғана  емес,  әлемде  басты мәселеге айнала  бастады.  Әсіресе ауыз  су тапшылығы жұмыр  жердің  бетінде  қатты  сезілуде.   Нақтылап айтатын  болсақ,  Жер шарының  70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы қазірдің өзінде суға зәру. Бұл жағдай 2025жылға қарай ушығып, адамзаттың 80 пайызы бір жұтым судың зардабын тартпақшы. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс дәл осы судан шығуы да мүмкін. Қысқасы алдағы10-20 жылда су мәселесі ғаламда ең басты проблемаға айналары хақ. Осы  орайда,  еліміздегі су ресурстарының жағдайы қалай? Деректерге жүгінетін болсақ, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар.Бір қарағанда су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында аз.Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Неге?Демек су тартылған жерде, қарқынды
 дамуда жоқ. Осы  тұста  бір ескеретін  жағдай,  елімізде  жер асты суларының біршама  қоры  бар.  Бізге енді соны  тиімді пайдалану  жолдарын  қарастырған жөн. Осы  тұста  тағы  айта кетін  басты жайт,   ол-еліміздегі  ауыз  су  проблемасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы «2011 – 2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасын бекіту туралы» № 570 Қаулысының талабына сай, елдімекендердің 80 пайызын  орталықтандырылған  су мен  қамтамассыз ету көзделген. Рас,  осы  бағдарлама  бойынша біраз  жұмыс  атқарылды. Аузымызды  қу  шөппен  сүртуден аулақпыз. Алайда елдімекендердің  бәрі  сапалы ауыз сумен  қамтылды  деп айту  әлі  ерте. Осы  конгресте осы  мәселелерді кеңінен  талқылайтын  боламыз» деді.

Бұдан кейін еліміздегі  су  мәселесін  тілге  тиек  еткен баяндамашылар сөз  алды. Конгрес барысында экология  саласына қалам тартып жүрген  журналистер мен табиғат  жанашырлары «Байтақ-Болашақ» экоальянсының арнайы  марапатауына  ие болды. Жиын  соңында конгрес  арнайы  қарар  қабылдады. Сондай-ақ алдағы уақыта елімізде бірге  жұмыс істеу  үшін «Байтақ-Болашақ» экоальянсы Германияны  ауыз  сумен қамтамассыз  етуде жұмыс жасап жатқан компаниямен меморандумға қол қойды һәм конгрес  қонақтары ағаш  отырғызу  рәсіміне  қатысты.

tazael.kz

Алдыңғы жазбаДуальды оқытуды енгізу мен кеңейту бойынша жұмысты күшейту керек – Асқар Мамин
Келесі жазба«Қазақстандық Месси» жастар құрамасына шақыртылды