Home Басты жазба Ормуз ойыны: ашу мен жабудың арасындағы саясат

Ормуз ойыны: ашу мен жабудың арасындағы саясат

53

Ормуз бұғазы тағы да үлкен саясаттың сахнасына айналды. Бір қарағанда, Иранның “бұғаз ашық” деген мәлімдемесі тыныштандыратын жаңалық сияқты. Бірақ бұл — толық қауіп сейілді деген сөз емес, керісінше, уақытша кідіріс, үлкен ойынның бір сәттік үзілісі ғана деуге  болатындай.

Ақиқатын айтар  болсақ, Ормуз бұғазы – әлем экономикасының тамыры іспетті. Әлемдегі мұнай тасымалының елеулі бөлігі (20 пайызы) дәл осы тар өткел арқылы өтеді. Сондықтан оның “ашық” немесе “жабық” болуы тек аймақ елдерінің емес, бүкіл дүниежүзі экономикасына  тікелей әсер етеді.

Иран бұл жолы айлакерлік танытып отыр деседе  болады. Бір жағынан, халықаралық қауымдастыққа “біз жағдайды ушықтырмаймыз” деген белгі береді. Екінші жағынан, “қажет болса, қайта жабамыз” деп ашық ескерту жасайды. Яғни, бұғаз — Тегеранның қолындағы саяси тетікке айналған. Кемелерге қойылған талаптар да жайдан-жай емес: тек коммерциялық тасымал, тек Иран белгілеген маршрут, тек олардың бақылауымен. Бұл — қауіпсіздік шарасынан гөрі, бақылауды күшейтуге ұқсайды.

Ал АҚШ болса, өз бағытын өзгерткен жоқ. Дональд Трамп бұғаздың ашылғанын құптағанымен, теңіз блокадасын сақтап қалатынын анық айтты. Бұл біртүрлі парадокс сияқты: бір қолымен “жарайсың” дейді, екінші қолымен қысымды күшейтуді жалғастырады. Шын мәнінде, бұл — Вашингтонның үйреншікті тәсілі: келіссөз жүріп жатқанда да қарсыласты босаңсытпау.

Әлбетте, бұл тек екі елдің текетіресі емес. Мұнда Израиль мен Ливан арасындағы уақытша бітімнің де салмағы бар. Сол бітім болмаса, бәлкім бұғаз да ашылмас еді. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Ливандағы негізгі ойыншылардың бірі — Хезболла — бұл келісімнің сыртында қалып отыр. Ал Иран үшін “Хезболла” жай ғана одақтас емес, аймақтағы ықпалының тірегі. Сондықтан Тегеран бұғаз мәселесін осы кең контекстпен бірге қарастырып отыр деуге болады.

Қазір көріп отырғанымыз — нәзік тепе-теңдік. Бір жағында — соғыс қаупі, екінші жағында — келіссөз үміті. Ормуз бұғазы сол екеуінің ортасында тұрған рычаг сияқты. Оны толық ашу да, толық жабу да әзірге ешкімге тиімді емес. Бірақ жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін.

Сөздің  қысқасы, бүгінгі “ашық бұғаз” — ертеңгі тұрақтылықтың кепілі емес. Керісінше, бұл — үлкен дауыл алдындағы тыныштық болуы да ғажап емес. Әлемдік нарық та, саясат та қазір дәл осы тар өткелге қарап отыр. Өйткені Ормуз жабылса, мәселе тек мұнайда емес — бүкіл жаһандық тұрақтылықта болмақ.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазбаТоқаев Түркиядағы беделді форумда сөз сөйлейді