Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Париж әуежайында Қазақстан Президентін Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро қарсы алды.

«Ертең Елисей сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон келіссөз жүргізеді», делінген хабарламада.
Сурет: Ақорда
Айта кетсек, Президенттің Францияға сапары алдында, 4 қарашада Le Figaro басылымында мақаласы жарық көрді.
«Біз президент Эмманюэль Макронмен бірлесіп, осы жылдың желтоқсан айында су ресурстарына қатысты барлық сын-қатерлер бойынша ынтымақтастықты күшейту мақсатында және БҰҰ-ның орнықты дамуының ең маңызды мақсатына: «барлығына таза су және санитарияға» қол жеткізу жолында One Water Summit бастамасын өткізуге қуаныштымыз. Қазақстанның тату көршілік қағидатына берік міндеттемесі «Орта дәліз» – Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық бағыт сынды жобалар арқылы өңіраралық интеграцияны белсенді дамытуға мүмкіндік береді», делінген Президенттің мақаласында.