Home Жаңалықтар ТІЛЕНДИЕВ НЕГЕ ТАРАЗИДЫҢ ҚҰЛАҒЫН ҚЫРШЫП АЛДЫ?

ТІЛЕНДИЕВ НЕГЕ ТАРАЗИДЫҢ ҚҰЛАҒЫН ҚЫРШЫП АЛДЫ?

47

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының іші болса керек. Кеңес одағының  қайнап тұрған кезі. Жазушы Әкім Таразидың бір бауыры сол тұста Жамбыл облысында совхоз директоры болып дүркіреп тұрса керек. Бір күні әлгі бастық көбірек «ішіп-жеп» қойған ба, істі болып, темір торға қамалатын болады. Енді не істеу керек? Алматыда тұратын, әжептәуір лауазымы бар жазушы інісі олай да, бұлай да шапқылайды, бірақ ағасын құтқаратындай қолдан келер қайран жоқ. Жаны қысылған жазушы «бұл істі жабу бір келсе, осы батыр кісінің ғана қолынан келеді» деп, атақты композитор Нұрғиса Тілендиевке жата жабысып, қолқа салады. Жан-жағына шарапатын шашып жүретін кең қолтық Нұрағаң жазушы інісінің сөзін жерге тастамай, тас-түйін болып жолға шығады.
Жамбыл облысы партия комитетінің бірінші хатшысы сол тұста Хасан Бектұрғанов екен. Нұрағаң бұрынғы майдандас досы, бүгінде  түкірігі жерге түспей тұрған облыс басшысының алдынан бір-ақ шығады.
Жастайынан ел билеп, әбден ысылған Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов көрнекті өнер қайраткерлерін бір кісідей сыйлайтын сырбаз басшы екен. Қан майданда бірге соғысқан досы, оның үстіне қазақтың әні мен күй өнерінің киесі қонған атақты Нұрағаңның өзі келіп қолқа салған соң, бірінші басшының шегінер жері қалмайды. Бірақ мемлекетке шын берілген, тумысынан әділ кісі адалдықтан аттай алмайды. Өзі ерекше қадірлейтін кісі айтты екен деп, қылмыстық істі жаба салу қызыл партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде мүмкін емес. Құйтақандай нәрсенің бәрі Кремльдің бақылауында. Қадалған жерінен қан алатын Нұрағаң әйтеуір тілін тапса керек, қайтпас қайсар облыс басшысы әлгі совхоз директорының қылмыстық ісін алдырып, Нұрағаңа танысып шығуға береді. Оған қоса, кабинетіне облсот пен облпрокурорды қоса шақырады. Лауазымды тұлғалар Нұрағаңа совхоз директорының қылмыскер екенін дәлелдеп, алған бетінен кері қайтаруы керек қой.

 Сонымен, Нұрағаң төрт көзі түгел жиналған дөкейлердің қақ ортасында көзіне көзілдірік іліп, қылмыстық іс тізілген қобыраған көп қағазға шұқшиып отырады. Бір кезде қалтасынан «зажигалкасын» шығарып, әлгі жазушыға ұстатып қойған іс қағаздың бұрышына жалма-жан от қояды. Сот пен прокурордың көздері бақырайып кетеді. Бектұрғанов не істерін білмей, қолына қаламын алып, үстелін тоқтаусыз тықылдата береді. Барған сайын қаттырақ тықылдатқаннан басқа қолынан келер қайран жоқ. Тықылдаған қаламды лап ете қалған от тыңдай ма, қобыраған қағаз лезде үлбіреген күлге айналып барады. Жазушының қолы күйіп барады. Облыс басшысының кабинеті көк түтінге көміліп, отырғандар қақалып-шашалып жатыр. Қаламын әлі тықылдатып отырған облыс басшысы жанған қағаздың қалдығын «урнаға таста» дегеннен басқа сөз айта алмайды.
Апыр-ай десеңізші, көкбет компартияның заманында бұл не деген жүрек жұтқан ерлік десеңізші! Мұндай ірілік тек Нұрағаңның ғана қолынан келсе керек.

Осы оқиғадан кейін жиырма-отыз жыл уақыт зырғып өтеді.  Шамасы, Нұрағаң дүниеден өтер 1998 жыл болса керек. Әйгілі композитор қатты сырқат меңдеп, аурухана төсегіне таңылған. Бір күні ішінде жазушы Әкім Тарази бар бір топ кісі Нұрағаның көңілін сұрап барады. Келгендер ішке кіріп,  амандасып жатқанда,  Әкім аға кібіртіктеп, неге екенін, есік аузында  бөгеліп  қалады. Оны байқап қалған Нұраға: «Акимчик, бері кел» дейді сұқ саусағымен   өзіне шақырып. Әкім аға жақындап келгенде: «Құлағыңды әкел» дейді. Сөйтіп, еңкейе берген жазушының құлағын шап беріп  тістеп, қыршып алады… «Бәрін кешірдім, жақсы көрген адамымның құлағын тістейтін осындай әдетім бар» дейді содан соң.

Екі тұлғаның арасында не болғаны осы оқиғаға куә болғандарға да, олардан естіген бізге де  жұмбақ. Мүмкін, Әкім ағаның өзі бұл жұмбақтың шешімін айтар…

 

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

Алдыңғы жазба2018 жыл қай жұлдызға миллиондар сыйлады?
Келесі жазба«Алашорда» болмағанда Қазақстан да болмас еді…